Бейсенбі, 9 Қаңтар 2025
Білгенге маржан 537 8 пікір 8 Қаңтар, 2025 сағат 15:09

Біздің Жошы деп жүргеніміз—Жошы емес!

Сурет: e-history.kz сайтынан және видео скрині.

Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев Шыңғыс ханның тұңғыш баласы Жошы хан туралы тың мәліметтерді бөлісіп, «Жошының тегіне қатысты әлем тарихшылары адасып жүр», деп тұжырым жасайды.

Бұл туралы жазушы өзінің «YouTube» арнасында бөлісті. Біз онда айтылған  пікірді қағазға түсіріп, оқырман талқысына ұсынып отырмыз...

«Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектен бастап, тәуелсіздік үшін күрескен Алашорда жетекшісі Әлихан Бөкейхановқа дейін барлығы Жошы ұрпағы.Төрелер ұрпағы.Біздің қазақ жеріміз Шыңғысханның Жошыға бөлген ұлысы. Жошы хан бүгінде тарап жатқан барлық жалған ақпараттан ада екені даусыз!..»


Бексұлтан Нұржекеев:

– Мен бүгін Шыңғысхан жайында әлем тарихшылары адасып жүрген ақиқатқа тоқталмақпын.Бұл мәселе Шыңғысханның тұңғыш ұлы-Жошы жайындағы әңгіме.Елдің аузында да, кей тарихшылардың дерегінде де «Шыңғысхан өзінің тұңғыш ұлы Жошыға риза емес екен, оған сенімді емес, тіпті өз ұлының өліміне қатысты»,-деген жалған ақпараттар тарап жүр .Бұл ақпараттың шындығына толығырақ тоқталсам...

Менің қолымда Қалмақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының азаматы, Қалмақ тарихшысы Эренджен Хара-Даванның 1929 жылы тұңғыш шыққан кітабының екінші басылымы - «Чингисхан как полководец и его наследие». Бұл кітабы негізінде Эренджен Хара-Даван «Шыңғыс хан ақпан айында және тұңғыш баласы Жошы хан 1182 жылы дүниеге келді. Шыңғысхан Жошы туған күннен бастап өз баласы ма жоқ па деген күдікпен өмір сүрді» деген ақпарат береді. Осы себепті адасу, жалған ақпаратты бірнеше тарихшы келтірген...

Ғалым, тілші Сәрсен Аманжолов ағамыздың «Қазақ тілі және диалектологиясы» деген кітабы 1959 жылы шыққан. Бұл кітапта Сәрсен Аманжолов XX ғасыр басында орыс зерттеушісі Бартольдтың пікірін негізге ала отырып, «Шыңғысхан өзінің тұнғыш ұлы Жошыны өте жақсы көрген және Жошы жайында Шынғысханның алдында ешкім Жошыға бір дақ түсіретін, кінәлайтын сөз айтуға батпаған». Әр тарихшы өзінің жеке тәжірибесі, дерегі негізінде түрлі мағлұмат береді. Шындығы мен жалғанын ажырата алмай жатамыз. Сол себепті де біз Шынғысхан жайында  жазылған тұпнұсқа болып саналатын, бізге көбінесе «Моңғолдың құпия шежіресі» деген жалған атпен таралған, шын мәнінде «Шынғыс қағанның құдағуру»  деп аталатын, орысшасында «Сокровенное сказание монголов» атты кітапты негізге аламыз. Кей тұстары  қысқарып, бұрмаланған жерлері болмаса, түпнегізі бір. Сонымен қатар көне қытай тілін жақсы меңгерген Тілеуберді Әбенайұлы бауырымыздың «Шыңғыс қағанның құдағуру» жазып кеткеніне қарағанда, кей тұстары арнайылап бұрмалануы мүмкін. Негізгі  жер су атауларын қазақ тіліне аударған - Тілеуберді Әбенайұлы. Шамамен осы себепті Шыңғысхан бұл кітаптың негізін өзі қадағалап, өзі жаздырған. Өзінің өкілі інісі Сызған құтқа Оэлун Үжин шешесі асырап алған алтыншы бала, өзінің інісіне жаздырады. Осы үш кітап негізінде Шыңғысханның шын есімі - Теміршың, қытай халқы «р» әріпін айта алмағаннан Темучин атап кеткен. Бұл ақпаратты алғашында Сәкен Сейфуллин жазып кетті. 1776 жылы өз кітабында Қазыбек бек Тауасарұлы да нақты дерекпен жазып кеткен. Біздің Шыңғыс деп жүрген атауымыз Шыңқұз деген сөзден шыққан. Бұл деректі Мұхтар Мағауин өзінің Шыңғысхан шығармасында нақтылап кетеді. Сондықтан бұл ақпаратты дауға түсірудің қажеті жоқ!

Шыңғысхан әкесі Есугей қаза болған уақытта тоғыз жаста еді. Бұл уақытта тайшуыттар Шыңғысханды шешесі Оэлун Үжин, бауырларымен бірге Бұрхан тауының етегіне тастап, өздері  құлдилап кетеді. Бұл деректі Тілеубердіден басқа аудармашылар нақтылаған жоқ. Жалпы тастап кеткеннен кейін қай жылы қайта оралғаны белгісіз. Нақты ақпарат жоқ. «Үш жылдан кейін біз тастап кеткен Теміршыңдар шөжеленіп, есек, қойға айналып қалған шығар деп қайта іздеп келген уақытта Шыңғысхан он екі жаста. Келген уақытта қасар және бауыршылар жолдарын ағаш кесіп, бөгейді. Мән беру керек жағдай, егер ағаш кесіп бөгесе Бурхан тауы сайдың алды болғаны. Ал қазіргі уақытта Моңғол тарихшылары Бурхан тауын жазық дала, орман іші ретінде көрсетеді. Міне, осы уақытта Тайшуыттардың Тарғытайы «Бізге сендердің қажеттерін жоқ, үлкендерін Теміршың қажет». Бұл хабарды естіген Теміршың атқа мініп, қашады. Қашқан уақытта Тайшықұрт тайпасы байқап қалады.Басқа аудармаларда Теміршыңды белгілі бір тоғайға кіріп кетті деген ақпарат беріп, нақтыламайды. Тек Тілеуберді Әбенайұлы ғана Түрген тауына кіріп, жасырынды деген ақпарат береді. Демек, Бурхан тауы мен Түрген қатар орналасқан. Бурхан тауы Жаркенттің желкесінде, 30-40 шақырым жерде солтүстік батыс жағында орналасса, осы Бурхан тауынан шығыс жаққа қарай Түрген өзені. Іле өзенінің сол саласы. Түрген деп аталу себебін 1856 жылы Қытайға барғанда Қытай күнделігін жазған Шоқан Уәлиханов анықтап жазады. Яғни, Бурхан мен Түргеннің қатар орналасқаны тарихи шындық. Бұл Шыңғысханның атамекенін анықтауда, туған жерін нақтылауда, қай халыққа жататынын анықтауда нақты дәлел ретінде қарастыра аламыз.

Шыңғысхан тоғыз күн қашып, Түрген өзенін жасырынып паналайды. Тоғызыншы күні ұстап алып, Тарғытайлар Шыңғысханды Ононнан құлдилатып, алып кетеді. Моңғол елінен келген Бақытгүл деген ақынмен тілдесіп, сөйлсекенмін. Онон сөзінің мағынасын моңғол халқы білмейді. Демек, бұл сөз түрік, қазақ халқынан енген сөзі.Сонымен қатар бұл ақпаратты Шыңғысхан жеріне 1942-1945 жылы келген Карпини де, Рубрук де растайды,  «Онон» деп жазады.

Есугей қаза болғанда, Шыңғысхан тоғыз жаста болса, інісі Хасар жеті жаста, одан кейінгі інісі бес жаста, одан кейінгі інісі үш жаста болса, кенже қарындасы бесікте болған. Теміршыңды ұстап әкеткеннен кейін, бір жыл уақыт өте келе көктем мезгілінде, Теміршыңды судың жағасында ағашқа байлап, бір балаға бақтырып қояды. Сол уақытта Теміршың өз қолындағы тақтаймен баланы ұрып жіберіп, қашып суға түсіп кетеді. Бұл судың атауы туралы нақты ақпарат жоқ. Кеш бата іздеп, таба алмайды. Теміршың даналығы мен ақылдылығы себепті күннің батып келе жатқанын пайдаланып, судың ортасына тығылады. Бұл сәтте Теміршыңды бір ғана адам көреді.

«Дәл осы тапқырлығың себепті сені қызғаныштан жібермейді. Мен сені сатпаймын, ұстап бермеймін, көмек қолын созамын» деп кетіп қалады. Кеш батып кетті, Теміршың қол-аяғы байлаулы, ертең де іздестірерміз... Қайда кетеді дейсің деп іздеп жүрген барлық жұртты қайтарады. Теміршыңға келіп, енді осы ізіңмен еліңді тауып қайт деген мәлімдеме береді. Теміршың дәл сол уақытта қайда барарын білмей, өзің құтқарып қалған жанның үйіне барады. Тарғытай болса, жан-жақтан іздеу салып, бар күшін салады. Ал Теміршыңды құтқарып қалған жан, жүннің астына тығады. Мамыр мен маусым айының бірінде, күн ыстық уақыт. Тарғытай қанша іздегенімен таппай, Теміршың болса тамағың алып, астына көмек қолын созған жан ат мінгізіп еліне қарай жібереді...

Теміршың болса құмырғаның бойында,өзінің әке-шешесінің бауырларына қосылады. Құмырға дегеніміз - Қабырға. Қабырға Жаркенттен 50-60 шақырым, шығыстан батысқа қарай ағып өтетін өзен. Бұл уақытта Теміршыңның жеті жылқысын ұрлап кетеді. Теміршың болса ұрыларды ұстап, жеті жылқысын алып келгеннен кейін Буыршынмен табысады. Содан кейін Бөртені алып келеді. Хара-Даванның айтуына қарағанда Бөртеге үйленгеніне бір ғана айдың шамасы болған. Бір ай болғанда, кегін сақтаған Меркіттер шабуыл жасайды. Еш күдіксіз жатқан Теміршыңға қызметші әйел қашу керектігі жайында айтады. Барлығы атқа мініп қашып жатқанда, Бөртеге ат табылмай, Бөртені үш-төрт жасар қызбен арбаға салып қызметші әйелге тастап кетеді. Суды өрлей қашады. Меркіт тайпасы Бетбастаудың жоғары жағынан Бөрте мен қызметші әйелге жолығып қалады. Не мақсатта жүргендерің сұрағанда, жүн артып келе жатқанын, Теміршыңның ауылына бармағандарын айтады. Есугейдің бірінші әйелін атқа салақтатып әкелуді бұйырады. Сол уақытта қорыққаннан Есугейдің бірінші әйелі Бөртенің арбада отырғанын айтып қояды. Осылай Бөртені қолға түсіріп, Шыңғысханды қолға түсіру мақсатында арттарынан жөнеледі. Жасыл көлмен қиғаштап барып, Түрген тоғайға тоқтап, Түрген тоғайдың ар жағындағы Бурханға барады. Жаулары бұл жерден үш рет айналып, бірақ Теміршыңды таба алмайды. Шыңғысхан тоғыз мәрте тәубе жасайды, жаның аман алып қалғаны үшін. Теміршың Бөртені бес-алты айдан кейін қайтарып алады. Керейдің ханына сәлемдеме жібереді.  «Балам менен жарымды алып кетіп», - деген сәлемдемесі арқылы балам деп жаздырады, бірақ бұл уақытта Шыңғысхан Бөртенің жүкті екенін нақты білмейді. Оңқан бастаған керейлер: «Мен екі түменмен шығайын, Жамұха да екі түменмен шықсын. Жамұха Жалайырлардың қаны». Осылай төрт түмен әскермен Меркіттерге шабады. Түннің ішінде Теміршың Бөртені іздеп келеді. Бөртені аман есен құтқарғаннан кейін тоқтау керек болған соғыс әрі қарай жалғасады. Барлығын жоспарлы түрде ұйымдастырып отырған - Тоқтабек. Өйткені алғашында Оэлунның өзі Тоқтабектің алып келе жатқан інісінің қалыңдығы болған. Яғни, қалыңдығын ерте кезде Есугей тартып алғандықтан, Бөртені де тартып алу сол кектің жалғасы еді. Бес-алты айдан кейін Теміршың Бөртені құтқарып алады. Бұл уақытта Бөрте жүкті еді. Негізінде бұл туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ, Қытай елшісінің дерегі бойынша Шыңғысханның тұңғыш ұлы Жошы емес, одан бұрын Би Инь деген ұлы болған. Би Инь деген есімнің мағынасы-іште болған, іште келген. Яғни, тұңғыш балсы туралы күдігі Меркіде болған соғыстан кейін пайда болған. Бөртенің жүкті болып келгені анық. Хара-Даванның дерегінше, Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін үш жылдан кейін туған Жамал қарши деген қаңлы бабамыз Шағатай ұлысында болған. Соның кітабы негізінде Шыңғысханның ұлы Үгедей 1229 жылы 43 жасында таққа отырды. Егер Үгедей 1186 жылы дүниеге келген болса, Шағатай 1184 жылы, Жошы 1182 жылы дүниеге келді. Бұл ақпаратты Хара-Даванның кітабындағы деректе дәлелдейді. Бөрте 14 жасында жүкті болады. Теміршың Бөртеден бір жас кіші. Сонда он үш жасынан жиырма жеті жасқа дейін көтеріп жүрмейтіні анық... Яғни, тұңғыш баласы Жошы болмаған деген сөз. Яғни, тұңғыш баласы Би Инь екені, қытай елшісінің дерегі рас деген сөз. Қытай елшісінің берген дерегіне сәйкес, Теміршың бала кезінде он жылдан астам уақыт Қытай тұтқынында құл болған. Демек он жыл бойы Бөрте бала көтермеген.

Әбәлғазы Баһадүр бабамыздың дерегі негізінде «Меркіттің ханы Тоқтабек оңашада бір өзі келе жатқан Шыңғысханға тұтқиылдан шабуыл жасап, алып кеткені белгілі. Демек, Тоқтабек өзінің басы дауға қалмас үшін жасырын түрде Қытай еліне Теміршыңды сатып жіберген. Қытай елшісінің дерегі бойынша Шыңғысхан тұтқыннан шыққаннан кейін Қытайдан кегін алу мақсатында өзінің тұңғыш баласын алып, шабуылға шыққанда баласы оққы ұшып қаза табады. Қытай қорғанынан шаққан батыр өзінің баласымен бірге Шыңғысхан жаққа өтіп кетеді. Соның баласына өзінің жесір қалған келінін қосады. Демек, Шыңғысхан тұтқында болғанда өзінің қол астына өткен батыр қашып кетуіне көмек қолын созған деген сөз. Міне, бұл батыр содан кейін Шыңғысханның әскери бөлімінде әйгілі қолбасшыға айналады. Кейіннен екеуі құдаласады.

Жамұханың қасында бір жарым жыл Теміршың серіктесі болды. Жамұха бір сөзінде малда өзінің тұрағын табады, яғни Шыңғысханға өзінің тұрағын табу керектігін тұспалдап жеткізеді. Шыңғысхан бір түнде Көренлік жаққа көшіп кетеді. Жамұханың қолындағы Жалайырлар Теміршыңның қолына өтеді. Ең алғаш қонысы Шұбар болса, Шұбардың қасында Аралтөбе, осыдан он-он бес шақырым жерде Көренлік.

Қытайлардың түсірген 30 бөлімдік сериалында алғаш қан болғанда тарақ таңбасындай белгі болады. Тарақ таңбалы бұл Жалайырдың қаны. Көкнор деген жер Бурхан тауының батыс жағында, Түрген тоғайдан өткеннен кейінгі солтүстік жерде айнала орналасқан Жасыл көл деп аталады. Тостағандай, таулардан сарқылған судан пайда болған тұнық, жасыл көл. Төмеңгі жағында Сеңгір бұлақ.

Біз Жошыны бекерден бекер жазғырып жүрміз. Жошыны кінәлі ету арқылы, Шыңғысханға бекер жала жабудамыз. Өзінің баласына өзі қарсы шыққан деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Шыңғысхан ауырып жатып, жерді бөлгенде бірінші Жошыға тапсырғанда, Шағатай қарсы шығады. «Бұл кешегі Меркіттің қалдығы, мемлекетті Жошыға қалай сеніп тапсырасыз» дегенде, Шыңғысхан: «Жошы менің тұла бойы тұңғышым» деп жауап береді. Шыңғысханның өзі де, Бөрте де тұңғыш баласы Би Инь туралы ақпаратта құпия сақтаған. Содан кейін де тұңғыш ұлы Жошы туралы жалған ақпарат тарап кеткен.

Жошы Шыңғысханның адал да сенімді ұрпағы.

Сәрсен Аманжолов ағамыздың кітабы негізінде Жошы қайтыс болғанда, Шыңғысханға ең сүйікті ұлының қазасын естіртуге ешкім батпаған. Сонда ұлы Найман жыршысы:

Теңіз басынан былғанса, Оны кім түзетеді?!

Шыңғысхан: Теңіз басынан былғанса, менің Жошым түзетеді...

Жыршы: Терек түбінен құласа, теректі кім тұрғызады?!

Шыңғысхан: Терек түбінен құласа, менің Жошым тұрғызады!

Найманның ұлы жыршысы содан кейін күй тартады. Найманның жаршысының сөзін Шыңғысхан лезде түсіне қояды. Демек екеуі де қазақ. Шындықтың өзі тарихи жазбалардың негізінде шығады.

Жошыны жабылған жаладан, өсектен ақтап алуымыз қажет. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектен бастап, тәуелсіздік үшін күрескен Алашорда жетекшісі Әлихан Бөкейхановқа дейін барлығы Жошы ұрпағы.Төрелер ұрпағы.Біздің қазақ жеріміз Шыңғысханның Жошыға бөлген ұлысы. Жошы хан бүгінде тарап жатқан барлық жалған ақпараттан ада екені даусыз!

Материалды қағазға түсірген Аружан Байжан

Abai.kz

8 пікір