Сенбі, 18 Қаңтар 2025
Жаңалықтар 270 1 пікір 18 Қаңтар, 2025 сағат 15:03

«Аяулы ақын ана» рухани кездесу кеші өтті

Сурет: Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 гимназиядан алынды.

ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер әрі жазба ақын, Семей шаһарындағы қалалық Мәдениет сарайындағы  "Халықтық ақындар орталығының" жетекшісі, ұлағатты ұстаз Дәмеш Омарбаева "Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 гимназияда" өнер сүйер жастармен  рухани кездесу өткізді.

"Ақ қауырсын" өнер үйірмесінің жас ақындары "Айтыскер ұстазбен" шығармашылық сұхбат құрып, өз өлең-жыр туындыларын ортаға салды. Бұл шара жас буынға ақындық өнерді дәріптеу мен ұлттық мұраларды насихаттауға арналды.

Кештің шымылдығын, үйірме жетекшісі, айтыскер, қазақ жазба поэзиясының өкілі, аудармашы, жас ұстаз  Ерік Омарғали ашып  берді. Одан әрмен қарайғы шараның көркін,  болашақ айтыскер ақын Назар Асубаев жалынды суырыпсалма жырымен ашып, күмбірлеген қоңыр домбыра үнімен, өзінің кеш қонағына деген мерейлі арнауын тарту етті. Ара-тұра, жас өркен Расул Жасарбек  шағын аударма өлеңінен оқып, әдебиет әлеміне ынтасын көрсетті. Ал келешек жас жазба ақын Нұрсана Арнұрқызы өзінің шығармашылық өлеңдерін ұсынып, жиналған қауымды тебірентті.

Кездесу еркін форматта, сұрақ-жауап түрінде жалғасын тапты. Шәкірттер  ақын анаға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ақындық жолдың қыр-сыры туралы ақыл-кеңес алды. Қаламгер Дәмеш Омарбаева өз өмір жолынан тағылымды сыр шертіп, жас ақындарға шабыт шоғын үрлейтін жұлдызды-асқақ   жырларын оқып, жігерлі әсер сыйлады.

Бәтташ Сыдықұлы атындағы "Шешендік өнер" сыныбының жетекшісі, "Үздік ұстаз" атағының иегері, Қазақ тілі мен Әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрғамысова Шолпан Махмұтқызы да кеш қонағына, өзінің, ізгілік тұнған  алғысын білдіріп, болашағы зор, алда үміт күттірер, саналы  ақындарға  ұстаздық риза көңілін жеткізді. Ол жас ақындарға:

"Білім мен өнер – егіз ұғым. Өнер жолында талмай ізденіп, поэзия пен айтыс шыңын  бағындыруларыңызға тілектеспін!" – деп, шығармашылық табыстар тіледі.

Кеш соңында, ұстаздар мен шәкірттер естелік суретке түсіп, жылы лебіздермен тарасты.

Дәмеш Омарбаева "Ақ қауырсын" өнер  үйірмесінің жас ақындарына өз қолтаңбасымен кітаптарын тарту етіп, болашақта биік  белестерге жетулеріне  тілекші екенін жеткізді.

Бұл рухани кездесу жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, ақындық жолдағы алғашқы қадамдарына шабыт ұшқынын шашты.

Abai.kz

1 пікір