Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4081 0 пікір 28 Қыркүйек, 2009 сағат 07:59

Ғаділбек Әкім. «Шикізат қарғысынан» қашан құтылмақпыз...

Халықаралық қауымдастық дағдарыс құрығынан енді ғана шыға бастағанын сезініп, постдағдарыстық кезеңнің жоба-жоспарларын қарастыруға көше бастады. Еуроодақ басшылары, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік Банк жетекшілері де, ендігі кезде жұмыс назарын дағдарыс салдарына қарсы шаралардан, дағдарыстан кейін қандай жолмен жүреміз деген мәселеге аударған дұрыс деп отыр. ТМД көлемінде Қазақстан, Ресей және Украина елдері дағдарыс салдарымен күресу үшін барлық ресурс, күштерін салғаны белгілі, оның ішінде ТМД-ның өзге мемлекеттеріне қарағанда дағдарыс салдары Украинаға қатты тиді, осыған байланысты Украина халықаралық қаржы ұйымдарынан бүгінгі күнге дейін қарыз алуда. Қазіргі кезде дағдарыспен күресу үшін барлық ресурстарын сарп еткен мемлекеттер үшін жаңа инвестициялар тарту, жалпы инвестиция ауадай қажет болып отыр. Өткен аптада Астанада 4-ші Еуразиялық энергетикалық форум болып өтті. Форумның басты жаңалықтарының бірі «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясымен «Әзірбайжан мемлекеттік ұлттық мұнай-газ компаниясы» арасында қазақ мұнайын Қара теңізге шығару үшін қосымша маршрут құру жобасы бойынша келісімге қол қойылуы болды. KazEnergy қауымдастығының басшысы Т.Құлыбаевтың пікірінше, бұл жоба арқылы Қазақстан өзінің Румыниядағы еншілес «Ромпетрол» компаниясына қосымша мұнай өнімдерін тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді, деп отыр. KazEnergy қауымдастығы басшысының жобалауынша, Қазақстан Қашаған мұнайын Қара теңізге тасымалдау үшін қазіргі кезде жұмыс жасап жатырған Баку-Супса мұнай тасымалдау құбырын пайдалануға мүдделі екенін жеткізді. Ал, ел ішіндегі энергетикалық жобаларға келетін болсақ, Т.Құлыбаев «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы бойынша келісімнің осы жылдың аяғына дейін бітіп қалу мүмкіндігі бар екенін айтып, қазіргі кезде «Павлодар мұнай өнімдерін өндіру зауыты» акцияларының сатып алынғандығы және осыған байланысты алдағы жарты жылдықта мұнай өнімдерін сатуда елімізде үлкен орын алатын «Helios» компаниясын сатып алуды аяқтаймыз деп жобалауда. Қазақстанда энергетикаға байланысты тағы бір үлкен жаңалықтың бірі Батыс Қазақстан облысында орналасқан Қарашығанақ газ конденсатын игеріп жатырған, үлкен компаниялардың бірі, британдық BG Group Plc компаниясының Қазақстан үкіметінің үстінен халықаралық арбитраждық сотына шағым түсіруі. Шағым талабының мәні BG Group Plc компаниясы 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде экспорттық кедендік төлем төлеп, шығындалуына байланысты, осы соманы Қазақстан үкіметінен өндіріп алу мақсаты болып отыр. Компаниядағылардың пікірінше, олар экспорттық кеден төлемін төлемеуге тиіс екен, алайда Қазақстан үкіметіндегілер бұл мәселе бойынша компанияға қоятын сұрақтар жеткілікті деп отыр. Қарашығанақ газ конденсаты BG Group Plc компаниясының Орталық Азиядағы ең үлкен жобасы. Қарашығанақ газ конденсатының газ қоры шамамен 1,2 млрд. тонна мұнай конденсатымен және 1,35 трлн. шаршы метр газ қорын құрап, әлемдегі ең үлкен мұнай-газ конденсатына толы орын екені белгілі.

Қазақстан Астанада 4-ші Еуразиялық энергетикалық форумды өткізу арқылы, отандық энергетика, мұнай-газ, атомдық энергетика салаларының осы күнге дейін жеткен жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар осы шараны ұйымдастыру арқылы жаңа инвестиция тартуға мүдделі екенін білдірсе керек. Солтүстіктегі көршіміз Ресейде де осы күндері энергетика саласындағы үлкен таныстырылымдар болып өтті. Ресей үкіметінің басшысы Владимир Путин қыркүйек айының 25-і күні Ямало-Ненцк автономиялық округіне сапар жасап, шетелдік инвесторларды (ENI, E.on, ConocoPhillips, Total, Shell және т.б. әлемдік деңгейдегі мұнай-газ компаниялары) округтің энергетикалық мүмкіндіктерімен жақынырақ таныстырып, осы жердегі газ өндіру орындарын игеру бойынша кеңес өткізді. Қазіргі кездегі ашық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Ресейдің Ямало-Ненцк автономиялық округіндегі 11 газ өндіру және 15 газконденсат өндіру орындарындағы  газ қоры шамамен 16 трлн. шаршы метрге жуық, ал болашақта тағыда газ өндіру орындары ашылып жатырса, онда оның жалпы көлемі  22 трлн. шаршы метрге жетуі мүмкін. Бұл округтегі конденсат қоры 230 млн. тонна болса,  мұнай қоры 292 млн. тоннаға жетіп отыр. Ресей осы аталған мұнай газ қорларының өзімен ғана әлемдегі газ конденсаты қоры бойынша жетекші орынды алып отыр. Ресей үкіметіндегілердің болжамы бойынша, егер де, Ямало-Ненецктегі қорларды игеру жүзеге асырылатын болса, онда Ресей әлемдегі шығырылған газ көлемінің 25%-ын алады деп болжауда. Ресей үкіметі бұндай мұнай-газ конденсаты қорын өздері де, Ресейлік алып монополист «Газпром» да, жалғыз игере алмайтынын ескеріп, шетелдік компанияларды әріптестікке шақыруда, бұл жерде, осы жердегі мұнай, газ, конденсатты игеру үшін шетелдік ENI, ConocoPhillips, Total, Shell, E.on, Mitsui және Mitsubishi компанияларына миноритарлық акционер болуға, сонымен қатар егер де, Ямало-Ненецктегі қуат көздерін игеруге ат салысатын болса, олар үшін үлкен салықтық жеңілдіктер беру, тіпті олар үшін Ресей үкіметі тарапынан, еркін экономикалық аймақ құру да қарастырылуда. Бастысы бұл жерде  ресейліктер үшін инвесторлар тарту болып отыр.

Әрине, қандай да бір жаңадан қуат көздері ашылып жатырса жақсы, бастысы ол қуат көздерін игеруде тек инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың мүддесі ғана ескерілмей, сонымен қатар ең бастысы жергілікті халықтың да мүддесі ескерілуі тиіс. Осыған дейін айтып кеткендей, Қазақстан да, Ресей секілді экономиканың негізгі кіріс көздерін шикізат экспортын тасымалдау, шығару арқылы қалыптастырып келеді, ел экономикасының, мемлекеттің ІЖӨ-нің өсуіне немесе төмендеуіне мұнай, газ бағасынының әлемдік нарықта түсуі немесе өсуі тікелей әсер етіп отыр. Дағдарысқа дейін мұнай баррелінің әлемдік нарықтағы құны 100 АҚШ долларын құраған болса, қазір оның бағасы екі еседей түсіп кетті. Екі жылдан бері жалғасып келе жатырған дағдарыс осыған дейінгі экономикалық саясатты қалыптастырудағы көптеген кемшіліктерді ашып берді. Екі жылдық уақыт экономика кірісінің басым бөлігін қалыптастырып келген шикізат экспортынан баяу да болса бас тартып, басқа салаларға, агрокешен, жаңа технологиялар, инновация, транспорттық кешенді дамытуға, транзиттік мүмкіндіктерімізді арттыруға бағытталған саясатты, осы салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстарды жүргізу үшін саралайтын біршама уақыт мерзімі болды. Алайда, шикізатпен байланысты экономиканы әртараптандырып, назарды бір сектордан басқа да секторларға аудару оңай мәселе емес екені тағы да белгілі. Дегенмен де, бұл мәселені соза беру, экономикада болған қателіктердің болашақта бұдан да үлкен деңгейдегі қателіктермен қайталануына мүмкіндік беретіні анық.

Қазақстанда осыдан екі жыл бұрын аймақтардағы іскерлік хал-ахуалды көтеру үшін, облыстардағы бизнесті жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті жерлердегі мемлекеттің мүлігін тиімді пайдалана отырып, аймақтардың экономикалық дамуына зор үлесін қосады деп жеті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылған болатын.  Өткен аптада Қазақстан Республикасы Есеп комитеті аталған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жергілікті жерлердегі мемлекет мүлкін дұрыс пайдаланбай, сол арқылы 2007-2008-ші жылдары мемлекет қазынасына 6,3 млрд. теңге шығын келтіргені мәлім болды. Есеп комитетіндегілер мәселенің мәні, кезінде үкіметтің ӘКК не екенін дұрыс бағаламай, олар қандай қызметпен айналыса алады деген сұрақтарға анық жауап бермей тұрып, құра салғанын айтуда. Есеп комитетіндегілердің пайымдауынша, ӘКК институттарының басты кемшіліктерінің бірі, бұл мәселе бойынша заңды-нормативтік нормалардың, сонымен қатар олардың дамуы бойынша ортақ мемлекеттік стратегияның болмауында, ӘКК-лардың осы кезге дейін атап айтатындай перспективті инвестициялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыра алмауында, деп отыр. Ал, ӘКК-дың негізгі пайдасы екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге салған қаржыдан түсіп отырған қайтарымды қаржы екен. Жеті корпорацияның төртеуінің 2007-2008-ші жылдардағы қаржы-шаруашылық жұмыстарындағы жіберген жалпы шығыны 1,1 млрд. теңгені құрапты. Есеп комитеті өз тарапынан орын алған қателіктерді түзету үшін ӘКК-лардың үкімет тарапынан қараушысы болып табылатын ҚР индустрия және сауда министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының ортақ даму стратегиясымен заңды-нормативтік базасын дұрыстап қалыптастыру және орта кезеңге бағытталған жұмыс жоспарын анықтауды жүйелеу туралы кеңесін беріп отыр. Жалпы алғанда, ішкі, отандық инвестор болады деген үмітпен құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының қазіргі кездегі хал жағдайын ҚР Есеп комитеті анықтап берді. Бұдан шығатын қорытынды, отандық инвесторлардың әлі де аяққа тұра алмауы және оларға артқан үмітпен сенімнің өз деңгейінде ақталмауы орын алып отыр.

Қалай болғанда да, постдағдарыстық кезеңде экономиканық қай секторына болмасын көлемді, ауқымды инвестиция қажет болатыны белігілі. Қазақстандағы агрокешен, транспорт, инновация және т.б. біз үшін стратегиялық маңызы бар салаларға көлемді инвестиция құюға шетелдік инвесторлар әзірге асығар емес. Олар үшін еліміздегі преоргативті басым сектор, мұнай-газ, жалпы шикізат экспорты салалары болып отыр және жақын болашақта бұл көрсеткіш түбегейлі өзгермейтін секілді, оның үстіне дағдарыстан кейінгі кезеңде инвестиция үшін мемлекеттер арасында бәсекелестік күшейетінін ескерсек, қазақ елі «шикізат қарғысынан» қашан құтылады деген маңызды сұрақ күн тәртібінен әзірге түсе қоймайтын секілді.

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320