Өзбекстан Түркиядан дрондар сатып алады
Өзбекстан түріктің TUSAŞ аэроғарыш компаниясы жасап шығарған ANKA SIHA әскери дрондарын сатып алу жөнінде келісімге қол қойды. «Дрондар жақын арада елге жеткізіле бастайды» - деп жазды қорғаныс өнеркәсібі және авиацияға маманданған SavunmaSanayiST сайты.
Әзірге сатып алынатын дрондар саны мен бағасы айтылмады. Келісімнің жай-жапсары белгісіз. ANKA дрондарын Түркия, Алжир, Қазақстан, Тунис, Малайзия, Индонезия, Чадтың қарулы күштері жиі пайдаланады.
Басылымның жазуынша, екі моторлы AKSUNGUR дроны әуеде 50 сағаттан астам қалықтай ұшып, 750 кило жүкті тасымалдай алады. Ал бір моторлы ANKA SIHA – әуеде 30 сағат ұшып, 350 кило жүкті тасымалдай алады.
2023-жылы қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Сурхандариядағы әскери бөлімге барып, түріктің BAYRAKTAR TB2 дронының ұшуын бақылаған.
2024-жылы маусымда Анкараға сапары кезінде Мирзиев түріктің жаңа Kaan жойғыш ұшағын тамашалап, ізінше Ташкентте Түркия қорғаныс министрі Яшар Гюлер жетекшілік еткен түрік делегациясын қабылдаған.
Abai.kz