Сейсенбі, 4 Ақпан 2025
Аласапыран 175 2 пікір 4 Ақпан, 2025 сағат 14:48

Трамптың сауда бопсасы

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Ақпанның бірінен бастап Трамптың Мексика, Канада және Қытай қатарлы үш сауда әріптесіне (Америка сырттан импорттайтын тауарлардың 40 пайызы осы үш елден кіреді) кедендік салықты үстемелеу жарлығы күшіне енгені белгілі. Арада екі күн өтер-өтпестен Трамп екі көршісінің тауарларына салынатын 25 пайыздық кедендік салықтың кем дегенде бір айға кешіктірілетінін мәлімдеді. 

Ақ үй басшысы оның себебін екі ел басшысының өзінің қойған талаптарына толығымен келіскенімен деп түсіндірді. Американы қайта құдіреттендірмек болып, оңді-солды шаралар қабылдап жатқан Трамп, бірінші кезекте елге заңсыз кіріп, америкалықтардың нәпақасына ортақтасып жатқан жатжұрттықтармен күресті бастағаны әлемге аян. Келімсектер ағынына, сондай-ақ АҚШ билігінің бас ауруына айналған химиялық есірткі бизнесінің өршуіне осы екі көршісін айыптайды. Мексика билігін "наркобарондармен ауыз жаласты" деп күдіктенеді. Мексика тарап болса, шекарада қылмыстың өршуін қаруды еркін сата беретін АҚШ компанияларынан көреді.

Мексика президенті де сенбі күні Трамптың жарлығына жауап ретінде кедендік салық пен басқада жолдар арқылы өз елінің мүдесін қорғайтынын мәлімдеген еді.

Трамптың жаңа мәлімдемесінде айтуынша Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Америкаға келімсектер мен химиялық есірткі ағынын тежеу үшін шекараға 10 мың әскер шығаруға келіскен. Канада тарап та мексиканың наркобарондарын "террорист" деп танып, шекараға 10 мың сарбаз қоймақ. Оларды заманауи техникамен жабдықтау үшін бұрын бөлінген бір жарым миллиард сомаға тағы да 200 миллион ақша қоспақ.

"Америкалықтардың есіріткіге әуес болуы - Американың ішкі ісі, біздің қатысымыз жоқ. Кедендік салықты үстемелеуге байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына арыз жазамыз" деген қытай тарабы да сауда қатынасын келіссөз арқылы шешуге мүдделі екенін білдірген. Ақ үй баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Қытай тараптың ұсынысымен Трамп осы апта да Қытай басшысы Шижинпинмен сөйлеседі. Екі ел басшысы кезекті сауда соғысын ушықтырмай бір мәмілеге келеді деген үміт бар.

Сонымен Трамптың кезекті сауда бопсасы алғашқы нәтижесін бергендей. Оның кезекті нысанасы Еуроодаққа кедендік салық салу екені белгілі. Дүйсенбі күні Брюсселдегі басқосуда Фрсация президенті Макрон: "Егер біз де сауда бопсасына тап болсақ, қайтарма жауап береміз, өзімізді құрметтеуді үйретеміз" десе, Полша президенті Дуда: "Біз бар күшігімді салып кедендік салықпен мағынасыз сауда соғысына қарсы тұрамыз" деген.

Сарапшылар АҚШ пен Еуроодақ, Қытай арасындағы сауда соғысы жалғаса берсе, 2029-жылға дейін АҚШ экономикасы 749 миллиард, Еуроодақ экономикасы 533 миллиард, Қытай экономикасы 827 милларид доллар зиян шекпек. Ілгерідегі көп тарапты әлемдік экономикалық құрылым бір жолата келмеске кетпек.

Abai.kz

2 пікір