Сейсенбі, 4 Ақпан 2025
Ел іші... 162 0 пікір 4 Ақпан, 2025 сағат 13:38

Кәсіпкерлер жұмыс беруші ғана емес, білім таратушы!

Сурет: civilcenteralmaty.kz сайтынан алынды.

Мемлекет басшысының сұхбатында әлеуметтік-экономикалық мәселелер кеңінен талқыланып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығы айтылды. Өйткені кәсіпкерлік - ұлттық экономиканың тұрақты өсуінің негізгі қозғаушы күші. Кәсіпкерлік саласының дамуы, саладағы өзгерістер жайында алматылық кәсіпкер Анжела Иматаевамен әңгімелескен едік.

- Анжела ханым, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны туралы айтты. Осыған деген сіздің көзқарасыңызды білсек?

- Сұхбатты оқыдым, әсіресе өзім сол салада жүргендіктен кәсіпкерлікті қолдау туралы айтылған жерлерімен мұқият таныстым. Кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлінгені көңіліме медеу болды. Былтыр кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылданғаны белгілі. Енді бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек мән берілмек, бұл өте дұрыс шешім болды. Шағын және орта бизнесті дамыту шаралары арқылы жұмыс орындарының саны артады, бюджетке түсетін салық көлемін ұлғаяды. Осыған байланысты кәсіпкерлікті дамытудың кешенді тәсілі керек деген Президентіміздің ұсынысына толық қосылам.

- Елімізде инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударылып жатыр. Өзіңіз шарапатын сезінген қандай қолдауды атап айтар едіңіз?

- Қазақстанда субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру, гранттар үлестіру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі. Соның арқасында бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбекке жарамды азаматтардың тең жартысын жұмыспен қамтып отыр.  Мемлекет басшысы бизнеске қысым емес, қолдау көрсету керектігін үнемі айтып жүр. Егер шенеуніктер мен күштік құрылымдардың қызметкерлері кәсіпкерлерге қысым көрсетсе заң жүзінде  жауапкершілікке тартатылатынын атап өтті. Сондай ақ, кәсіпкерлік сектордың дамуы үшін жаңа реттеу саясаты жүзеге асуда. Мәселен «Жаңа беттен» реформасы аясында 2022 жылдан бері кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірген 10 мыңнан астам артық талап жойылды. Мұның бәрі бизнесмендердің ешкімге жалтақтамай жұмыс істеуі үшін жасалып отыр. «Даму» қоры арқылы былтыр жалпы несие сомасы 94,2 млрд теңгеге болатын 401 жобаға қолдау көрсетіліп, 80,1 млрд теңгеге кепілдік берілді. Дегенмен берілетін гранттарға қолдау мен қадағалау болса бұл жобаның тиімділігін арттырар еді. Алған грантты кәсіпкер сол мақсатқа жұмсады ма, сол 5 миллион теңгесін ұтымды пайдалану бойынша қандай көмектер керек, яғни кәсіпті ары қарай дөңгелете алды ма, шығарған тауарларын өткізе алды ма, бизнес-жоспарын орындай алды ма, міне осыған бағыт сілтесе, көп адамдар бизнесті дамытудың дұрыс жолына түсіп кетер еді.

- Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб «бір терезе» қағидатына сай әрекет етуде. Жалпы азаматтар, кәсіпкерлер үшін мұның қандай игіліктері бар?

- Сүйкті ісін кім кәсіпке айналдырғысы келмейді дейсіз. Бізде іс бастау кезінде  алдыңнан шығатын екі кедергі бар, қаражат пен әкімшілік кедергілер. Бұл ретте «Бір терезе» қағидатының артықшылықтары баршылық. Мемлекеттік қызмет қолжетімді, көп сабылып, сандалмайсың, құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз уақыт кетеді. Ең жақсы жағы, жемқорлық жойылып, кәсіпкерлікке қатысты шаруаларды тез тындыруға мүмкіндік бар. Сондай ақ барлық ақпаратты да бір жерден алуға барлық жағдайлар жасалған. Тиімді жағы көп, сапалы қызмет түрі деп білемін.

- Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды дегенмен келісесіз бе? Нақты мысалдар бар ма? Қазақстандық кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге қаншалықты қабілетті?

- «Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев». Сонымен қатар бірнеше күн бұрын Президент дүние жүзіне танымал кәсіпкер, Sinovation Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Ли Кай-Фумен кездесті. Мен бұл саладағы жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмаймын. Жүздесу кезінде озық технологияларды енгізудің стратегиялық маңызы сөз болды. Дүние жүзіне танымал мұндай сарапшылармен тәжірибе алмасу - цифрлық технологияларды қолдану арқылы бизнесті дамытуға жетелейді. Біз қазір жасанды интеллектті білім-ғылымнан бөлек, кәсіпкерлік саласында қолдану жағдайларын қарастырып жүрміз. Өзім жаңашылдыққа жақын жүрем. Цифрлық трансформация бәрімізге керек дүние. Заман талабына сай бол үшін, мақсаттарымызға жету үшін цифрлық трансформацияның көмегі керек болады. Болашақта жасанды интеллект біздің өндірісімізде кеңінен қолданылатыны шындық.

- Кәсіпкерлік саласы бойынша ұсыныстарыңыз бар ма?

- Тағы айта кететін жайт, гранттарды жай ғана үлестіріп қоймай, ары қарай не болып жатыр, ол кәсіп жүріп кетті ме, міне қадағалау жағы бізде кемшін. Сонымен қатар гранттар алуға қойылатын талаптар жиі өзгермесе екен. Жылда жаңа талап болса оның әуресі де көбейеді. Өзіміз көп балалы отбасы  болғандықтан жұбайым екеуміз ақылдаса келе балалар киімін өндіруді қолға алдық. Кезінде бизнесімді дөңгелетем деп талай тәуекелдерге барған адаммын. Көптеген әкімшілік кедергілерді де көрдік. Осы кәсіпті қайтсем де жүргізем, аяққа тұрамын деп үйімізді де сатып жібердік. Бүгінгі таңда ізденістердің арқасында ақырындап жұмыс жасап жатырмыз, негізі көп нәрсе өндіргіміз келеді. Сол өндірісті дамыту жолында өзіміз де дамып, озық ойлы болсақ деп жүрміз. Ұсыныстар көп, мысалы Үкімет қазіргі қымбатшылықты ескере келе, кәсіпкерлерге берілетін гранттың сомасын ұлғайтса деген өтініш бар. Сонда кәсіп ашқысы кеп жүрген азаматтарға едәуір көмек болар еді. Көп жағдайда импортқа тәуелді екеніміз рас. Егер көптеген құрал-сайман, материалдар өзімізде өндірілсе, баға да соншалықты шарықтап кетпес еді. Мысалы автоматтандырылған құрылғылар, мата, фурнитура және тағы басқа заттар Қазақстанда  шықпайтындықтан оны сырттан тасуға мәжбүрміз, алған заттарыңды елге аман-есен жеткізу де оңай емес, кедендік кедергілер де жеткілікті. Үкімет алып-сатушыларды емес, өндіретін кәсіпкерлерді қолдаса екен. Мысалы киімдерді қытайдан, қырғыздан  сатып аламыз, ал шын мәнінде өзімізде киім тігетін отандық жеңіл кәсіпорындар жетіп-артылады. Менде мысалы тігіншілікке, киім өндіруге, дизайнға қатысты идея көп. Соның бірі - мектеп формаларына сәл ұлттық нақыш қоссақ нұр үстіне нұр болар еді. Дене шынықтыру сабағына киетін формада да бір ұлттық стильде болса екен деген ұсыныс бар. Қазақстанның барлық мектебі соның бірдей қылып кисе, шетелдің мектеп формасын алуға тосқауыл қойылып, қыруар қаражат та, жұмыс орындары да өзімізде қалар еді.

- Алдағы уақытқа деген жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Кәсіпті ұлғайту үшін өндірісіме жаңа автоматтандырылған өндірістік жүйені сатып алуға грант алу үшін конкурсқа қатысуға бел буып отырмын. Өзім жұмыс беріп отырған адамдарымды өзім үйретіп, өзім маман қылып отырған жайым бар. Жай ғана киім үтіктеуге келіп, тігіншілікті үйреніп, өз кәсібін ашып кеткен қыздарым да болды. Сондықтан бүгінгі кәсіпкерлер тек жұмыс беруші ғана емес, кәсіпкерлер - үйретуші, жаңа білім таратушы дер едім. Отандық кәсіпкерлер адамдардың жаңа мамандықты игеруіне септігін тигізіп, еңбекке баулып отыр. Жақында 5 ақпанда Түркияның Стамбул қаласында дизайнерлердің жиынына өз дүниелерімді көрсетуге барып қайтамын. Ол жақтан да тәжірибе алмасу болады, бұл өзіндік ізденісім. Мемлекет басшысы айтқандай, «жаңа технологияларды меңгерген озық ойлы кәсіпкер» болғым келеді. Негізі, алған қойған жоспарларым өте көп, оның бәрін алдын ала айта беруге болмайды. Бар арман-мақсатым - кәсібімді дөңгелетіп елімнің дамуына үлес қосу.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Меруерт Райым

Abai.kz

0 пікір