Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Анық-қанығы 207 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 13:22

Си Путинді Орталық Азиядан ығыстыруда

Коллаж: Abai.kz.

Қытай Орталық Азиядағы экономикалық және саяси ықпалын қарқынды түрде кеңейтіп, аймақ елдеріне инвестиция мен жобалар ұсынып отыр. Небәрі 10 жыл бұрын Ресей жетекші держава болған Орталық Азиядағы күштер арақатынасы тез өзгеруде.

Қытай бірнеше миллиард долларлық келісім-шарттарға қол қойып, стратегиялық маңызды салаларда позициясын нығайтып, Мәскеудің аймақтық көшбасшы рөлін өз қолына алуда. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлайды.

Қытайлық компаниялар Қазақстан, Өзбекстан және аймақтың басқа да елдерімен инфрақұрылым, энергетика және жоғары технологиялар саласында ондаған келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, қытайлық фирмалардың жергілікті нарықтардағы жұмысын жеңілдету үшін жағдай жасалды. Ұлыбританиядағы Кент университетінің сарапшысы Фрэнк Мараккионе: «Қытай қазір бұл аймаққа толығымен интеграцияланған», - деп атап өтті.

Пекиннің ықпалы әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанда байқалады. Астана Қытаймен құны 15 миллиард доллар болатын 70-тен астам жаңа келісімге қол қойды. Олардың қатарында мұнай, газ және мұнай-химия жобалары, көлік дәліздерін дамыту, логистика, цифрлық технологиялар бар.

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Қытайдан құрылыс, атом энергетикасы, автомобиль өнеркәсібі және білім беру салаларында да бірқатар келісімдермен оралды. Ол елді Қырғызстан арқылы Қытаймен байланыстыратын ірі темір жол жобасына қолдау көрсетті.

Экономикалық статистика Өзбекстандағы Қытай компанияларының саны Ресей компанияларынан асып кеткенін растайды. Өткен жылдың өзінде олардың саны мыңнан астамға артқан.

Шикізат экспортына тәуелділігін азайтуға ұмтылған Қазақстан Қытай инвестициясын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, электромобиль өндірісі және металлургия жобаларын белсенді түрде қабылдауда.

Негізгі келісімдердің бірі Ақтөбе облысында құны 1 миллиард доллар болатын газ-химия кешенінің құрылысы болды. Құны 500 миллион долларды құрайтын тағы бір келісімшарт этан мен пропанды тасымалдау үшін құбырлар салуды қарастырады.

Сонымен қатар, атом энергетикасындағы кеңейтілген ынтымақтастық талқылануда. Қыркүйек айында Мирзиёев Қытай ұлттық ядролық корпорациясының басшысы Шэнь Янфэнмен кездесті.

Шілде айында Қытай Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салуға келісім-шарт алды. Жергілікті сарапшылар аймақ мемлекеттері көпвекторлы саясатты сақтай отырып, Қытай, Еуропа және АҚШ арасында тепе-теңдікті сақтауға тырысып жатқанын айтады.

Еуропалық Одақ Орталық Азиядағы ең ірі инвестор болып қала береді, бірақ Қытай қазірдің өзінде негізгі сауда серіктесі болып табылады. 2024 жылы өзара сауда рекордтық 94,8 миллиард долларға жетті.

Қытай Орталық Азиядағы позициясын сенімді түрде нығайтып, аймақ елдеріне жаңа мүмкіндіктер ашуда. Кремльге кеңестік кезеңнен мұра болып қалған ықпал орбитасы іс жүзінде жойылды. Бұл Ресей президенті Путиннің ұзақ уақыт билігінің нәтижесі.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

0 пікір