Сәрсенбі, 5 Ақпан 2025
АЭС құрылысы 191 6 пікір 5 Ақпан, 2025 сағат 15:44

Түркияда салынып жатқан АЭС АҚШ-тың санкциясына ілікті

Сурет: qandastar.kz сайтынан алынды.

Түркияда салынып жатқан АЭС АҚШ-тың санкциясына ілікті. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды.

Америкалық басылым Трамп әкімшілігі түріктің тұңғыш атом электр станциясын Ресейдің жүзеге асыруына кедергі жасап жатқанын білдірді.

WSJ мәліметінше, АҚШ ресейлік "Газпромбанктің" JPMorgan банкіне аударған 2 миллиард доллар қаражатын "қатырып" тастаған. Бұл ақша аударымы түркиялық "Аккую" АЭС-інің құрылысын жалғастыруға арналған екен.

"Бұл жерде әңгіме Ресейдің Түркияға берген кредиті туралы болып отыр. Ол несиені Мәскеу өзі салып жатқан АЭС құрылысын қаржыландыруы үшін Анкараға берген болатын. Енді онсыз жоба әрі қарай дағдарғалы тұр", – деп жазады "Oilcapital" мамандандырылған порталы.

Ресейлік басылымның дерегінше, "Газпромбанк" атом станциясы жобасының бірінші кезегін жүзеге асыру үшін Түркияға жалпы сомасы 9 миллиард доллар кредит беруге тиіс еді. Анкара ол ақшаны әрі қарай "Росатомға" төлейді.

Ресей банктері жаппай санкцияға ілікпей тұрғанда, 2022 жылдың жазында осы соманың 3 миллиардын Ресей Citi банк арқылы аударды. Артынша тағы 2 миллиард долларды JPMorgan банкі арқылы түріктің Ziraat банкіне жолдап үлгерді.

Қалған жартысының енді Түркияға жетпейтін түрі бар. Батыс "Росатом" қолға алған түріктің атом станциясын жан-жақтан санкциялық қыспаққа салып жатыр.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, Америка бастапқыда осы астатөк ақшаны тегіс кәмпескелеп, тәркілегісі келіпті-мыс. Бірақ Түркиямен қарым-қатынасын бұзбау үшін қаражатты бұғаттап тастауға ұйғарған екен.

Яғни, Трамп билігі Кремльмен келіссөздері кезінде мұны да Мәскеуге қатысты қысым тетігі ретінде қолдана алады.

Ақ үй әзірге бұрын енгізілген санкцияларды айналып өтуге және соған көмектесуге талаптанатындарға қатысты санкциялар күшейтілетінін мәлімдеді.

The Wall Street Journal сұрау жолдап, Түркияның Энергетика министрлігіне де жүгінгенін хабарлады, бірақ түрік тарапынан түсініктеме ала алмапты.

Ал, "Росатом" өкілі өз комментарийінде бұл санкцияларды "әділетсіз" деп санайтындарын және ресейлік мемлекеттік атом корпорациясына мәселенің шешілуін күту ғана қалатынын жеткізген.

Ресми сайтында "Росатом" қазіргі кезде шетелде небәрі 7 АЭС салып жатқаны туралы ақпаратын жариялады.

Оның ішінде Түркиядағы "Аккую", Үндістандағы "Куданкулам", Венгриядағы "Пакш-2", Бангладештегі "Руппур", Мысырдағы "Эль Дабаа", Қытайдағы "Сюйдапу" мен "Тяньвань" бар. Ресми дерек бойынша бұлардың құрылысы ұзақ жылдардан бері жүргізіліп жатқанымен, толық аяқталмаған.

"Росатом" ақпаратынша, Жерорта теңізінің жағалауында (АЭС-ті суыту үшін орасан зор көлемде су талап етіледі), Мерсин провинциясында орналасқан түріктің тұңғыш атом электр станциясының жобасы сонау 2010 жылғы 12 мамырда жүзеге асырыла бастады. Биыл 15 жыл болмақ.

Жоба бойынша "Аккую" АЭС-і "ресейлік дизайндағы" (шынында құрауыштары шетелдік) ВВЭР-1200 реакторлары бар 4 энергоблоктан тұруға тиіс еді. Олар жалпы қуаты 4800 мегаватт қуат өндіре алатыны жария етілген.

2024 жылдың желтоқсанында тек 1-ші энергоблок қана қолданысқа енгізуге рұқсат ала алды. Оны санкцияларға дейін салып үлгерген еді.

"Өйткені жобаны жүзеге асырушы "Росатом" құрылыс барысында үнемі санкциялық шектеулерге тап болуда. Мысалы, Германия билігі Siemens компаниясына түрік станциясы үшін жабдықтар жеткізуге қатаң тыйым салды. АЭС құрылысына қажетті заманауи жабдықтарды неміс компаниясы ресейлік емес, тікелей түрік бизнесімен контрактілері аясында шығарып келген болатын. Бұған қоса, 2024 жылдың қарашасында жобаға тартылған "Газпромбанк" те АҚШ санкциясына ілікті", – деп жазады ресейлік "Нефть и Капитал" басылымы.

Осыған байланысты РФ вице-премьері Александр Новак "Аккую" станциясы үшін қажетті жабдықтарды амалсыз, басқа елдерден іздеуге тура келгенін мәлімдеді.

Салдарынан, солтүстік көрші түркиялық станцияның реакторына және басқасына керекті немістің жоғары технологиялы озық жабдықтарын "үшінші әлем" елдерінің жабдығына ауыстыруға барды.

"Siemens Energy "Росатом" айналысып жатқан түріктің "Аккую" АЭС-і жобасына қажетті жабдықтарды жеткізуді тоқтатты. Түркиялық атом станциясының құрылысын жалғастыруды қамтамасыз ету үшін "Росатом" маңызды құрауыштарды (комплектующие) достық пейілдегі мемлекеттерден іздеуге мәжбүр. Қазіргі уақытта қажетті жабдықтар сатып алынды, объектіге жеткізілді", – деді РФ Үкіметінің өкілі Новак.

Ресейлік шенеунік проблеманы шешуге түрік серіктестері – Анкараның өзі араласқанын атап өтті. Қазіргі кезде мамандар жабдықты ауыстырып орнатуға кірісті.

Ресейлік ақпарат құралдары "Аккую" АЭС-інің 1-ші энергоблогын қолданысқа енгізуге рұқсат алынғанымен, оның іске қосылмағанына назар аудартады.

РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак та құрылысы салынып жатқан түркиялық АЭС-тің бірінші блогын іске қосудың нақты мерзімін атаудан бас тартты. Бұрынғы жоспар бойынша 2028 жылға дейін қолданысқа беруге тиіс екен.

Түркиялық басылымдардың мәліметінше, Анкара германиялық Siemens Energy-дің сапалы жабдықтарына қол жеткізу үшін біраз уақыт бойы ГФР-мен белсенді келіссөздер жүргізді. Алайда, Берлин түрік серіктесі үшін де санкцияларды бұзуға бармады.

Hürriyet ақпаратынша, келіссөздер нәтиже әкелмегендіктен, бүгінде Анкара бұл олқылықтың "Аккую" АЭС-інің құрылысы кестесіне және сапасына қаншалықты салмақты ықпал ететініне бағалау жүргізіп жатыр.

Ресейлік ресми тұлғалар "Аккую" станциясының 2025 жылға жоспарланған салтанатты іске қосу мерзімі елеулі түрде кейінге шегерілуі мүмкін екенін жасырмапты.

Ресей және Түркия арасындағы 2010 жылғы келісім бойынша түріктің тұңғыш атом станциясын "Росатом" өзі салады және әрі қарай өзі эксплуатациялайды.

Abai.kz

6 пікір