Шерзат ісі: Тергеу аяқталды...

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысып, істің сотқа жіберілуі үшін прокурорға жолданған.
Полиция мәліметінше, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексеріліп, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілген.
«Қылмысқа қатысқандардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдеме, сараптама қорытындысы, жауап алу хаттамасы және басқа да маңызды материалдар бар», – деп хабарлады департаменттен.
Облыстық полиция тергеудің барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының қатаң бақылауында болғанын атап өтті.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жасар Шерзат қайтыс болды, кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. Артынан Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай ұсталып, босатылды.
Abai.kz