Бейсенбі, 18 Маусым 2026
Әне, көрдің бе? 585 0 пікір 16 Маусым, 2026 сағат 13:06

Қазақстан Малайзия жолын ұстану керек пе?

Сурет: invest.gov.kz сайтынан алынды.

Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің тарихи тәжірибесіне, жағрапиялық жағдайына және ұлттық ерекшеліктеріне сүйене отырып дамиды. Дегенмен, кейбір елдердің табысты тәжірибесі өзге мемлекеттер үшін үлгі бола алады.

Осындай мемлекеттердің бірі – 36 миллиондық Малайзия. Өткен ғасырдың ортасында ғана тәуелсіздік алған бұл ел қысқа мерзім ішінде ауыл шаруашылығына негізделген экономикадан индустриясы дамыған, технологиялық әлеуеті жоғары мемлекетке айналды. Сонымен қатар малай халқы өзінің ұлттық болмысын, мемлекеттік тілін, мәдениетін және дәстүрлерін, дінін сақтап қала білді. Сондықтан Қазақстан үшін Малайзияның даму тәжірибесін зерттеу мен одан сабақ алу маңызды – деп ойлаймыз.

Қазақстан мен Малайзияның арасында белгілі ұқсастықтар бар. Екі мемлекет те көпұлтты қоғамға ие, табиғи ресурстарға бай және тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мемлекеттілікті нығайту жолына түсті. Алайда Малайзия нақты бағыттарда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе экономикалық даму, ұлттық идеология қалыптастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және халықтың әл-ауқатын арттыру жағдайларында бұл елдің тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Біздің, құрметті билік иесіне шын көңілден айтарымыз – жоғарыда жүрген көптеген қазақ кадрларында, тәуелсіздігімізге міне алдағы уақытта 35 жыл толады. Әлі күнге дейін, қасымыздағы өзбектердің, грузиндердің, армяндардың және әзірбайжардардың кадрындай ұлттық сана қалыптаспаған. Сонымен қатар, біразы саяси сауатсыз. Алдағы уақытта осы кадр проблемасына аса қатты көңіл бөлуінізді қалаймыз. Тамыз айында қазақ үкіметін жасақтағында, министрлерді, олардың орынбасарларын, тіпті департамент директорларына дейін қазақ мектебін бітіргендерден тағайындауыңызды сұраймыз. Дегенмен, оларды тағайындағанда, жинаған тәжірибесіне, біліміне, жауапкершілігіне қатаң көңіл қойғанызды дұрыс.    

Малайзияның экономикалық табысының негізінде ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау жатыр. Ел басшылығы талай жыл бұрын табиғи ресурстарға тәуелді болудың қауіпті екенін түсініп, өндіріс пен технологияға басымдық жасады. Шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай істеліп, арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Нәтижесінде электроника, машина жасау, мұнай-химия және жоғары технологиялар салалары қарқынды дамыды. Бүгінде, Малайзия әлемдік нарықта электроника өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің қатарында.

Қазақстан үшін де осы бағыт маңызды. Еліміздің экономикасы әлі де болса мұнай, газ және пайдалы қазбаларды экспорттауға тәуелді. Әлемдік нарықтағы бағаның өзгеруі ұлттық экономикаға тікелей әсер етеді. Сондықтан Малайзия тәжірибесі көрсеткендей, өндірісті әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жоғары технологиялық кәсіпорындарды көбейту қажет. Шикізатты сатудан дайын өнім шығаруға көшу ел экономикасының тұрақтылығын арттырады.

Малайзияның тағы бір ерекшелігі – ұлттық идеологияны дұрыс қалыптастыра білуінде. Бұл елде мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ұлттық бірлік, қоғамдық келісім және ортақ құндылықтар басты назарда ұсталады. Малайзия халқы бірнеше этностардан құралғанымен, мемлекет барлық азаматтарды ортақ мақсаттарға жұмылдыра алды. Елдің болашағына деген сенім мен жауапкершілік сезімі қоғамның дамуына серпін берді.

Қазақстан үшін де ұлттық идеология жағдайы аса маңызды. Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміздің негізін құрайтын құндылықтар қалыптасты. Алайда жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтау бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Қазақ тілі, қазақ мәдениеті, тарихи сана және ұлттық мүдде қоғамның басты ұстынына айналуы тиіс. Осы бағытта Малайзияның тәжірибесі мемлекет құраушы ұлттың рөлін күшейте отырып, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға болатынын көрсетеді.

Малайзияның табысты дамуының тағы бір қыры – мемлекеттік тіл саясаты. Елде малай тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылады. Білім жүйесі, мемлекеттік басқару, ақпараттық кеңістік және қоғамдық қатынастар негізінен мемлекеттік тілде жүзеге асады. Бұл жағдай ұлттық тұтастықты нығайтып қана қоймай, азаматтардың өз мемлекетіне деген құрметін арттырды.

Қазақстанда да қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Соңғы жылдары оның қолданылу аясы айтарлықтай кеңейіп келеді. Дегенмен мемлекеттік тілдің қоғамдағы жетекші рөлін одан әрі нығайту қажет. Әсіресе ғылым, технология, бизнес және цифрлық экономика салаларында қазақ тілінің мүмкіндігін арттыру маңызды. Мемлекеттік тіл ел азаматтарын біріктіретін ортақ құндылыққа айналған кезде ғана оның әлеуеті толық ашылады.

Ұлттық дәстүр мен мәдениетті сақтау проблемасында да Малайзия үлгі көрсете алады. Экономикалық модернизация мен жаһандануға қарамастан, малай халқы өзінің мәдени ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ұлттық киім, салт-дәстүр, мерекелер мен рухани құндылықтар қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі. Осы елдің тұрғындары заманауи технологияларды пайдалана отырып, өздерінің тарихи тамырынан ажырамаған.

Қазақстан үшін де бұл маңызды сабақ. Қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдени мұраға ие. Ұлттық дәстүрлерді жаңғырту тек мәдени жағдай ғана емес, ол ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың да кепілі. Жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи сананы күшейту және дәстүрлі мәдениетті заманауи форматта дамыту – уақыт талабы.

Малайзияның жетістіктерінің тағы бір көрсеткіші – халықтың әлеуметтік жағдайы. Елде орта таптың үлесі жоғары, жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде төмен және білім жүйесі жақсы дамыған. Мемлекет халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған саясат жүргізеді. Инфрақұрылымның дамуы, сапалы медициналық қызмет және қолжетімді білім жүйесі азаматтардың әл-ауқатын көтеруге ықпал етті.

Қазақстанда да әлеуметтік саясатқа ерекше көңіл бөлінуде. Алайда халықтың табысын арттыру, өңірлер арасындағы даму айырмашылығын кеміту және сапалы жұмыс орындарын көбейту проблемалары әлі де өзекті. Малайзия тәжірибесі көрсеткендей, экономикалық өсімнің нәтижесі қарапайым азаматтардың өмірінде нақты сезілуі тиіс. Тек статистикалық көрсеткіштер ғана демесек те, халықтың нақты тұрмыс деңгейі басты назарда болуы қажет.

Әрине, Қазақстан Малайзияның жолын сол қалпында көшіріп ала алмайды. Әр елдің тарихи, демографиялық және геосаяси ерекшеліктері әртүрлі. Дегенмен табысты тәжірибелерден үйрену – дамудың маңызды шарты. Малайзияның экономиканы әртараптандыруы, мемлекеттік тілді нығайтуы, ұлттық идеологияны қалыптастыруы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясаты Қазақстан үшін пайдалы үлгі бола алады.

Айтарымыз, Қазақстанның болашағы ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи экономиканы дамытуға байланысты. Малайзия дәл осы екі мақсатты үйлестіре білген мемлекеттердің бірі. Сондықтан оның тәжірибесін жан-жақты зерттеу және тиімді тұстарын еліміздің жағдайына бейімдеп қолдану Қазақстанның тұрақты дамуына, ұлттық бірлігінің нығаюына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етері сөзсіз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір