Жұма, 28 Ақпан 2025
Ақмылтық 397 5 пікір 28 Ақпан, 2025 сағат 12:46

Қазаққа да келешекте коалиция керек!

Сурет: Әміржан Қосанның жеке мұрағатынан алынды.

(«Коалиция» -  латынның «coalitio» — «одақ») деген сөзінен шыққан)

Қазақстан вакуумда өмір сүріп жатқан жоқ, демократияның дамытуда оның халықаралық деңгейдегі міндеттемелері мен уәделері бар (мәселен, ЕҚЫҰ (ОБСЕ) алдында) және де мемлекеттердің саяси жүйелерінің адамзатқа ортақ нұсқалары мен тәжірибелері бар. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар, оның бәрін көзсіз көшіре салып, өзімізде орнықтыру жарамас. Десек те, әлемдік саяси ой жөн санаған басқа елдердің қоғамдық-саяси өміріндегі ноу-хауларды да керек кезінде пайдаланып отырғанымыз артық болмас.

Сондай бір өзекті жайтты алсақ.

Кеше ғана Германияда парламент сайлауы өтті.

Сайлау қорытындысына сай, Христиан-демократиялық одақ (ХДО) пен Христиан-әлеуметтік одақтың (ХӘО) консервативті блогы алынған дауыстардың үлесі бойынша (28,5 процент) бірінші орынды иеленді.

Екінші орынды 20,8 процентпен атышулы, әсіре оңшыл «Германия үшін балама» партиясы иеленді.

Осы күнге дейін елді басқарып келген Германия социал-демократиялық партиясы (ГСДП) небәрі 16,3 процентпен үшінші орынды місе тұтуға мәжбүр болды.

Ал неміс елінің парламенті - Бундестагта 630 орын бар, ал заң шығару органында көпшілік дауысқа ие болуы үшін кем дегенде 316 орын қажет.

Яғни, бір де бір партия өз күшімен үкімет құрамын жасақтай алмайды, оған оның сайлауда алған дауысы мен Бундестагтағы депутаттар саны жеткіліксіз. Сол себепті парламентте өз шешімдерін өткізу үшін бірінші орын алған партия басқа партиямен (немесе партиялармен) мәмілеге келіп, күш біріктіруге мәжбүр.

Оны саяси терминологияда «коалиция құру» деп атайды.

Міне, осы күндері ХДО мен ХӘО блогы ГСДП-пен өзара ынтымақтасуы жөніндегі ақылдасуды бастап-ақ кетті.

Сөйтіп, ел үкіметі екі партия өкілдерінен құралады, қай партия қанша министр портфеліне ие болатынын сол келіссөздер шешеді.

Қазақстанға келсек, әрине, әзірше жағдай басқаша: бізде билік басында бір ғана партия отыр.

Алайда, Жаңа, Әділетті Қазақстан бастамасы толыққанды жүзеге асып жатса, президент Тоқаевтың «алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт» деген қағидаты шын мәнінде салтанат құратын болса, сөз жоқ, келешекте елімізде бір партияның монополиясы болуы екіталай, сол себепті ертеңгі күні билік партиясының да басқалармен күш біріктіруіне тура келеді.

Бізде ресми түрде «ұлт бірлігі» туралы жиі айтылады, меніңше, коалиция идеясы сол бірліктің саяси тұғырнамасы бола алады.

Қарап отырсаңыз, партиялардың ішінде де мемлекетшіл, ұлтшыл бағыт ұстанғандар баршылық және де (мен оған сенемін!) келесі парламент сайлауларына жаңа, қоғамдағы пікіралуандығын негізге алған партиялар дүниеге келіп, сайлауларға қатысады.

Назарбаев тұсында бізде тек «билік партиясы» (және оның құйыршықтары) мен радикалды бағыт ұстанған оппозициялық партиялар болса, бүгінде прогресшіл тұғырнаманы ұстанған, ортақ, мемлекеттік мүддені басшылыққа алған партиялардың сан түрлі бояудан тұратын саяси палитрасы қалыптасып келеді.

Егер де болашақта бізде коалициялар құрылып жатса, ол, сөзсіз, еліміздің өркениетті, демократиялық даму жолына біржолата түсуінің бір жарқын көрінісі, елдегі плюрализмді, саяси алуан-түрлілікті мойындаудың дәлелі болар еді.

Әрине, коалиция механикалық түрде, тек қана процент үлесіне қарап қана құрылмайды: бағдарламалық қағидаттары бір-біріне қарама-қайшы келмейтін, идеялас партиялар ғана ондай одақ құра алады. Мысалы, екінші орындағы оңшыл «Германия үшін балама» партиясын центристік ХДО мен ХӘО және ГСДП ортақ коалицияға шақырмайтыны айтпаса да түсінікті. Бізде де солай болатыны рас.

Сонымен бірге, коалициялық принцип билікке кіре алмай, оппозицияға ауысуы мүмкін күштердің сындарлы саясат ұстанып, елге қызмет еткісі келетін ең білікті өкілдерін мемлекет басқару ісіне тартып, оларға да жауапкершілік жүктеуге мүмкіндік берер еді. Оның өзі соңғы кезде өршіп бара жатқан арзан уәдешілдік, тұрпайы популизм жолында мықты тосқауыл болар еді.

Мойындауымыз керек - Тәуелсіздік алғалы кезеңнен бізге жетіспей келгені дәл осы – мемлекеттік мүдде жолында барлық сындарлы саяси күштердің, соның ішінде, партиялардың күш-жігері мен қимыл-әрекетін біріктіру, ортақ мақсат жолында компромиске келу емес пе еді?

Өкінішке орай, биліктің менменшілдігінің кесірінен қоғам билікшіл және оппозицияшыл болып қақ жарылды да, ел дамуы қаншама жылға кейін шегіріліп тастады десеңізші?! Мемлекетті басқару ісіне қатыса алмаған кейбір демократяилық партиялар мен қозғалыстар радикалды бағыт ұстанып кетті.

Меніңше, Жаңа Қазақстанда саяси өмір мүлдем басқаша жүруі керек!

Коалиция жолының тағы бір мықтылығы сол: ондай одақтың ортақ мәмілелеріне қатысы жоқ мәселелер бойынша, одақ мүшелері өз дербестігін сақтап қала алады.

Айтпақшы, партиясы сайлауда жеңілсе, оның көшбасшының орнынан кетуі де өркениетті елдердегі дәстүрлі үрдіс. Сол себепті кешеге дейін Германия секілді державаны басқарып келген канцлер Отто Шольц партия басшылығынан өз еркімен бас тартты. Оның орнына елдегі ең танымал саясаткердің бірі саналатын Қорғаныс министрі Борис Писториус  келеді деген болжам бар.

Бізге де, қай партияға болмасын қатысты, дәл осындай талап орнықса, елдегі саяси өмір өркениетті сиптақа ие болуымен қатар, ұлттық деңгейдегі саясаткерлердің жаңа легі қалыптасар еді...

Меніңше, келешектегі, яғни келесі сайлаудағы коалиция идеясына қоғам дайын. Енді биліктің өзі осы шындықты мойындап, заңнаманы осы бастан жетілдіре беруі керек деп ойлаймын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

5 пікір