Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
46 - сөз 718 6 пікір 2 Наурыз, 2025 сағат 16:25

Қадыр Мырза Әлінің "Жазмышы" мен "Иірімі"

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Қазақтың философ ақыны Қадыр Мырза Әли өмірінде қаншама еңбек жазған еңбекқор адам. Бірақ, осы «Жазмыш» пен «Иірімді» әдебиеттегі қалыптасқан мифтерді бұзуға тырысқан туынды дер едік. Әдетте біз әдебиет алыптарын мінсіз көреміз. Бірақ Қадыр ақын «Жазмыш» арқылы ұлылардың да пендешілігі, әлсіздігі, қайшылығы болғанын көрсетеді. Бұл оқырманды жаңа көзқарасқа әкеледі. Бәлкім, осы арқылы әдебиеттің шынайылығын көрсетуге тырысқан шығар. Өйткені әдебиет – тек биік идеялар ғана емес, оны жасайтын адамдардың өмірінен, қателіктерінен, күресінен де тұрады ғой. 

«Жазмыш»

«Жазмышты» жазғанда әдебиеттің ұлы тұлғаларының болмысы мен шығармашылығын талдап, ұлы қаламгерлердің бейнесін біз тамсанып таңғалған аңыздан аршып, олардың да ет пен сүйектен жаралған адам ретінде пендешілік әлсіздіктерін ашық көрсетуді мақсат қылған сияқты. Осы кітап шыққан кезде жас едік, интернет те қолжетімді емес еді, бір Қөзінің әжептәуір бай кітапханасы болған автордың мұндағы мәлімет-мағлұматтарды ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинағанына таңғалдық, әрі бұл туынды сол кезде бұрын-соңды кездеспеген ерекше жанр көрінді. Мысалы, Пушкинді әлемдік поэзияның шыңына теңегенге таңғалмайсың, бірақ оның өмір сүру дағдысы, эмоцияға беріліп дуэльге тым жеңіл қарап, ақырында өз мінезінің құрбаны болғаны жайлы автор айтқан әңгіме қызық. Лермонтовтың да бүлікшіл мінезін, айналасына жоғарыдан қарап, соның кесірінен көп адамға жақпағанын, оның да Пушкин сияқты дуэльде қаза табуын қайталанатын заңдылық сияқты көрсетеді. Байрон да қайшылықты тұлға екен, батырлық образын жасағанымен, жеке өмірінде өзін құрдымға жібергенін ашық баяндайды. Достоевскийдің өмірі де аумалы-төкпелі, кеше бай болып ұйқыға жатып, таңда кедей болып оянып, кедейлік пен байлықтың арасында күрес жүргізіп өткен адам, түптің түбінде осының бәрі оның шығармаларындағы терең психологиялық портреттерді жасауға себеп болған. Бір ойыңда қалатыны – осылардың арасында Гетені даналығы бөлек екен деп қабылдадық, өзін үнемі бақылауда ұстап, эмоцияға берілмейтін оның ұзақ өмір сүріп, үлкен шығармалар жазғаны сол ұстамды мінезінің арқасында деп есептейтіндей автор. Автордың өзі іштей Гетеге еліктеген жоқ па екен деп те ойладық сонда...

«Иірім» неге шу тудырды?

Автор «Жазмыштан» кейін өзі өмір сүрген заманның қаламгерлері жайлы естелікке ойысты. Егер әлем әдебиетіндегі ұлы тұлғалардың өзі осындай болса, біздің дәуіріміздің ақын-жазушыларының адами болмысы, өмірді қабылдауы қандай? Оқырманды осы сұраққа ойландыру арқылы «Иірімге» дайындады. Жолы соншалықты ауыр болмаса да, «Иірім» шыққан бойда  неге шу тудырды? Бұл сұрақ біздің де біраз уақыт бойы ойымызда жүрді.

Өкпенің басты себебі – Қадыр Мырза Әлидің өз дәуірінің әдеби ортасын тым ашық, бүкпесіз суреттеуі, әдебиет алыптарының кемшіліктерін ашық жазуы тосын көрінді. «Иірімде» кеңестік дәуірдегі әдеби ортада, қаламгерлер арасында орын алған  ішкі тартыстарды ашық көрсетіп қоймай, жеке адамдар жайлы да айтылады. Әдеби ортадағы бақталастық, ішкі қызғанышты нақты оқиғалар арқылы сипаттауы, кейбір ақын-жазушылардың өз еңбегінен гөрі жеке байланыстар арқылы абырой жинағанын көрсетуі (кейбір ұлы деп саналатын қаламгерлердің жеке өміріндегі пендешіліктері айтылып кетті) қабылданбады (біз пайғамбар көрген кейбір қаламгерлер жайында тым ашық, қатал жазғанын басында қабылдай алмағанымыз, «бұл кісі бәрінің сүрінгенін, пендешілігін жазады, ал сонда өзі адамдар арасындағы періште ме екен» деген ой бізге де келгені рас).

Біздің ұғым-түсінікте ақын-жазушылар – ұлттың рухани көсемдері, адамгершіліктің биік үлгісі есепті (кеңестік дәуірде ақын-жазушылар идеал ретінде ұсынылғаны өз алдына). Ал автор кейбір қаламгердің қызғанышын, екіжүзді мінезін, мансапқорлығын, сатқындығын, жалған даңққа ұмтылысын, жеке өмірдегі әлсіздіктерін әшкереледі. Белгілі қаламгерлер туралы қалыптасқан идеалистік көзқарастан айырылғысы келмеген оқырман үшін бұл ауыр соққы болды. Бұл көп адамның көңіліндегі аялап келген, асқақ бейнені қиратқаны анық. 

Кей жерінде замандастарының адами қырлары көрінді, кей жерде ашық кетті, мүмкін осылай  айтса ғана адамның шынайы, толыққанды бейнесін ашуға болады деген шығар. Кейбір қаламгерлердің өз әріптестеріне жасаған сатқындығы туралы да баяндайды. Мысалы, бір кезде беделді қаламгердің бірі жас ақынның қолжазбасын өз атынан жариялағаны туралы оқиға айтылады. Бірқатар қаламгердің әдебиетте әділ жолмен емес, интригамен көтерілгені туралы деректер де бар. «Жұбағаң өз ажалынан өлген жоқ» деп түйін жасауы, Тұрардың түбіне кім жеткені жайлы білу оқырманға өзінше әсер етеді. Кейбір тұлғалар тым қатал сипатталғаны рас, бірақ ол Қадыр ақынның өз көргені, өз түйгені (одан біз мойындаған мықтылар төмендеп те қалмасы анық). Ойланасың, ақын ғана емес, терең ойлы интеллектуал, қоғам мен адам табиғатын жіті зерттеген қаламгер бұндай дүниенің халық арасында қабылдана бермейтінін, жарыққа шыққан бойда қарсылыққа ұшырауы мүмкін екендігін білмеуі мүмкін емес. Бірақ, соның бәрін біле тұра авторды не тыншытпады екен?  Шындықты айтуды өзінің қаламгерлік парызы деп есептегені ме? Ал бұл қандай шындық? Ол өзі керек шындық па?  Бұл басқа сұрақ. Бұл сұрақтың жауабы күрделі.

«Иірім» негізінен шынайы деректерге, өз көзімен көрген оқиғаларға, замандастарының мінез-құлықтарына негізделген десек те, кез келген мемуарлық шығарма – автордың субъективті көзқарасының нәтижесі екендігін ешкім де жоққа шығармайды. Сондықтан кейбір тұстарда асыра сілтеу, реніштің немесе көңіл толмаушылықтың әсерінен белгілі бір тұлғаның бейнесі әділетсіз сипатталуы мүмкін. Автордың өлгендер туралы сын айтуы да айыпталды. Өйткені қазақ қоғамында қайтыс болған адамның кемшілігін көп айтпайды. Бұл әсіресе, сол адамдардың жақындарына, шәкірттеріне ауыр тиді. Сонда Қадыр Мырза Әли өлгендерден осылай өш алды ма? Жоқ, оның мақсаты – кек алу емес, шындықты айту. Егер ол өш алғысы келсе, тірі кезінде-ақ жеке қақтығыстарға барып, ашық айыптар еді. Ол әдебиеттің болашағы үшін, кейінгі ұрпаққа шындықты жеткізу үшін осылай жазды. Жалпы ол кісі «бұл адам ұлы ақын болғанымен, мінсіз емес» деп айтуды керек деп санады. Бұл – оның қаламгерлік позициясы. Әрине, қазақ қоғамында қайтыс болған адамның кемшіліктерін айтпау – этикалық норма. Алайда егер ол адам белгілі бір кезеңнің маңызды тұлғасы болса, оның әрекеттерін талдау – әдебиет пен тарих үшін қажет нәрсе. Бірақ бұл жерде мәселе стильде: бұл айыптауға бағытталған ба, әлде объективті баға ма, осыны түсіну керек. Бірақ, егер ол сол заманды дәл жеткізсе, онда бұл жеке адамды емес, жалпы жүйенің шындығын ашу болып саналады. Егер жазушы тек мақтау үшін жазса, онда оның еңбегі  жай пропагандалық дүние болып қалар еді.

Айта кететін нәрсе, Қадыр Мырза Әли қайтыс болғаннан кейін зайыбы оның алты бірдей күнделігі қалғанын, тек біреуін ғана өзіне қалдырып, қалғанын түгел Мереке Құлкеновке бергенін айтқан екен. Онда ақынның осы «Иірімді» жазуға ұзақ әзірленгені келтіріледі, осы үзіндіден автордың «материалдарым көп екен» деп өз ісіне көңілі біткенін де аңғаруға болады.

Үлкен қаламгер ұзақ дайындалып,  бірі дүниеден өтіп, бірі уақытпен ғайып болып айналасындағы адамдар азайған, әр нәрсеге ой көзін жіберген шағында осыны неге жазды? Өйткені бұны соншама батырлық демесек те, бәрібір де автордан ашықтық пен жауапкершілік талап ететіні рас қой. Тірісінде елдің сүйіктісі болған, том-том кітап жазған   қаламгер тұлғалардың өміріндегі оқиғаларды айтып, олар   жайлы пікір-көзқарас білдірудің үлкен жауапкершілігі, мойынға ауырлық байлайтын салмағы бар. Бұндай іске тәуекел етуге адами ішкі қағидаттар да жібермеуі мүмкін. Бұның авторға психологиялық салмағы да болады. Автор бұған кемелденген шағында  саналы түрде келді. Жоғарыдағы мысалға қарағанда ұзақ дайындалған. Өзінің өмірлік тәжірибесі мен әдебиеттегі орнына сүйенгені де анық. Айналадағы адамдарды үнсіз бақылап, олардың мінез-құлқы мен әрекеттерін іштей талдау — адам санасының табиғи қырларының бірі және бұндайды өзіне және айналасындағыларға жоғары талаптар қойып, өзінің де барлық іс-әрекеттерінде мінсіздікке ұмтылатын перфекционист адам жазуы мүмкін. «Иірім» –  адамдарды әшкерелеу үшін емес, ол «біз осылай өмір сүрдік, сол уақыттың (рухани) атмосферасы осындай болды, Нобель сыйлығы үшін емес Лениндік сыйлық үшін осылай таластық» деп ештеңе жасырмай айту мақсатында жазылған деуге болады. Оны түсініп оқу керек. Не десек те, «Иірім» – тек жеке адамдар туралы емес, бүкіл бір дәуірдің көрінісі. Көп сөйлесе қадірі кетерін онсыз да білетін  қаламгер үшін қалай болғанда да сол кезеңнің ақиқатын айту – тарих алдындағы жауапкершілік болған сияқты.

Бірақ жеке тағдырларды шындықтың құралы ретінде пайдалану – этикалық тұрғыдан даулы мәселе. Қадыр Мырзалиевтің бұл туындысы осы сұрақты оқырманның өзіне қалдырады: шындықты білу маңызды ма, әлде кей нәрсені жасырып қалу дұрыс па?

«Мен жазбасам, Базарбай бәрібір жазар еді»

2005 жылы (6-қаңтарда болу керек) Қадыр ағамыздың өзінен сұхбат алғанда «Иірім» жайлы сұраған едік, сондағы жауабынан келтірсек:

«Иірім» төңірегіндегі даулы әңгіменің себебі – біздің психологиямыз мұндай нәрсеге дайын еместігінде сияқты. «Иірімге» көп тиісті, Жұрт бәрімізден пайғамбар жасағысы келеді. Шындығында, орыс матрешкасы сияқты бір адамның ішінде бірнеше адам отырады. Fабит пен Күләштің арасын жаздым. Әлия деген ғалым апай звондайды, кейін К. деп алдым есімді. Онда не тұр? Солай болғаны рас. Маған бастысы Ғабиттің образын ашу керек болып тұр ғой. Немесе Иса Байзақовтың ішкілікке жақын болғандығы туралы. Heгізі мәліметті C.Мұқановтың «Есею жылдарынан» алдым. Соны жазған уақытым мен Исаның 100 жылдық тойы қатар келгені. Елден хат келді, солай да солай, соны жазбаса да болатын еді ғой деп өкпелейді. Әңгіме психологияда ғой, шынында да, әйтпесе Еуропада кімнің кім болғаны, не істегені бәрі жазылады. Мағауин жазды: «Бәрі өтірік», - деп. «Олай деуге сенің қандай моральдық құқың бар?» деймін оған. Ақселеу шықты: «Көшіріп алған», - деп. «Сен өткен ғасырлардағы қазақ ақындарын жаздың, 40-50 кітаптың тізімін бердің, сонда сен көшірмедің бе?» – деп уәж айтам оған. Негізі пендешілік бәрінде де болған. F.Мүсіреповпен сапарлас болғаным бар. Үш адамбыз. Сонда Мүсірепов: «Әуезов іші тар адам еді», - деген еді. «Әуезов қайтыс болғанда оның моласының басында олай деп айтқан жоқ едіңіз»,  – дедім. Соны жаздым. Мен жазбасам, Базарбай бәрібір жазар еді. Қызғаныш дегеннің өзі адамның осалдығынан туады», – деп жауап берген еді ақын.

Қазақ қаламгерлері арасында мұндай шығарманы жазуға екінің бірі батылдық таныта бермейді. Бірақ Қадыр – өзін мойындатқан тұлға, оның сөзі салмақты. Алыстан болжайтын сұңғыла, әрбір іс-әрекетіне аса сақ, астарлап сөйлеудің шебері Қадыр Мырза Әли ешкімді тура айыптамайды, ешкімді қараламайды, бірақ детальдарды, мінез-құлықтарды, іс-әрекеттерді сипаттау арқылы баяндайды. Шындықты айта отырып, болашақ ұрпаққа әдеби ортаның қандай болғанын, оның ішкі қайшылықтарын, сондай-ақ, нағыз талант пен жалған беделдің ара-жігін ашып көрсетуге тырысты деп ойлаймыз.

«Иірімдегі» кейбір естеліктер кейде шынайы, кейде ащы, кейде әділетсіз көрінуі мүмкін. Бірақ бұл туынды – өз заманының әдеби, мәдени, рухани келбетін шынайы бейнелеуді мақсат еткен, қазақ әдебиетінің ішкі әлемін, қаламгерлердің тағдыры мен болмысын ашатын, адам жанының да қатпар-қатпар иірімдерін көрсететін туынды. Кітапты «Иірім» атағанда бұл жерде өмірдің өзі иірім деген метафора тұр, оның ішінде қаламгерлер ортасы күрделі, кейде қайшылықты келеді дегені болуы керек. Судың дөңгелене шымырлап ағатын терең жерін иірім дейтін болсақ, сыртынан қарасаң жайбарақат өтіп жатқан өмірдің де адам түсінбейтін жағы көп. Бір қарасаң түп-түзу көрінетіндердің де ішінде мың сан иірім барын көре түсесің. Иірімге тек мықтылар ғана тәуекел ете алады…

Жадыра Шамұратова

Abai.kz

6 пікір