Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Қоғам 250 1 пікір 3 Наурыз, 2025 сағат 15:51

Оқушы тәрбиесінде мектеп пен отбасының бірлігі қажет

Сурет: ortalyq.kz сайтынан алынды.

«Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, оқушылардың озық біліммен қатар өнегелі тәрбие алуы аса маңызды.

Ал ұрпақ тәрбиесінің басында ата-ана, ұстаз тұрары хақ. Мақсат мүддесі ортақ екі тараптың ынтымақтастығы бала тәрбиесін бір бағыт, бір мазмұнда тәрбиелеуге, отбасылық қарым-қатынастың нығаюына өз септігін тигізбек. Осы орайда Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі тәрбие жұмысы бойынша  тәжірибе тарату мақсатында «Отбасы мен мектеп ынтымақтастығы – оқушы табысының маңызды шарты» атты ата-аналар бастамаларының Панорамасы мен Көшбасшылар форумын ұйымдастырды.

Қос іс-шараға 150-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында тірек мектептері мен ЮНЕСКО құрамындағы мектептің көшбасшы оқушылары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ұстаздары, NIS Семей мектебінің ата-аналары бар.

Ашылу салтанатында мектеп директоры Наркен Буркенов, Абай облысы бойынша ЮНЕСКО клубтарының өңірлік үйлестірушісі Күлғазы Ргелова, ата-аналар комитетінің төрайымы Асем Жарылғасина сөз сөйлеп, отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынастың оқушы дамуындағы рөлін атап өтті.

Ата-аналар бастамаларының панорамасы жасөспірімдер мен ересектер арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, балалардың тұлғалық дамуына қолдау көрсету мен қазіргі заманғы үрдістердің оқушыларға әсері жайлы маңызды мәселелерге бағытталған 3 секция бойынша жұмыс істеді.

- Біз тірек мектебі ретінде бірнеше жыл қатарынан Семейдегі Зияткерлік мектеппен бірлесе жұмыс жасап, тағлымдамалар арқылы біліктілігімізді арттырып келеміз. Бүгін, міне, осы мектептегі ата-аналар қауымдастығының ерекшеліктеріне, жаңа бастамаларына куәгер болдық. Панорама арқылы қос тараптың өзара іс-қимылын, жасөспірім шақтағы балаларға қолдаудың маңыздылығын, жаңа тенденциялардың оқушыларға әсері жайлы пікір алмасып, келешекте мектебімізде осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру бойынша мол тәжірибе жинадық, - деп атап өтті Қожагелді батыр атындағы орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Амангүл Сұлтанбекова.

Мектеп Президенттері мен орынбасарлары бас қосқан көшбасшылар форумында  тайм-менеджмент, виртуалдық көшбасшылық, коммуникациялық дағдылар және топтық жұмыс сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.

Abai.kz

1 пікір