Трамптың сауда соғысы: Украинаға көмек тоқтады...

Әлемдік БАҚ атын атағысы келмеген Ақ үй шенеунігінің мәліметіне сүйеніп Трамптың жұма күні болған Зеленскиймен арадағы келіспеушіліктен кейін Украинаға беріліп келген әскери көмекті тоқтатуға бұйрық бергенін жарыса жазып жатыр.
Ақ үй өкілі басылымдарға: "Біз Украинаға беріліп келген әскери көмекті уқытша тоқтатамыз әрі қайта қараймыз. Оның мерзімі Зеленскийдің ұстанымының өзгеруіне байланысты" деген.
Қазіргі күні Украинаға жетуге тиіс әскери қару-жарақтың бәрі "мұздатылған". Оған теңіз бен әуе кемелеріне тиелген сондай-ақ Польша мен Украина шекарасына жеткізілген қаруларда кіреді екен. Трамп көмектің тоқтатылғаны туралы тілші сұрағына Зеленский АҚШ-тың көмегіне рахмет айтпады деген жарапазанын тағы да қайталаған.
Трамп Украинаға ғана емес басты бәсекелесі Қытайға, көршілеріне де қақарын төгуде. Бүгіннен бастап оның Мексика мен Канадаға кедендік салықты үстемелеу туралы жарлығы күшіне енді. Ақ үй қожайыны екі көршісін "Америкаға заңсыз кірушілерді тежеуде нәтижелі жұмыс атқарды" деп бағалағанымен, Қытайдан келетін фентанилге әлі де тосқауыл қоймады деп айыптады. Канада тарабы жауап ретінде АҚШ тауарларына да сол мөлшерде кедендік салық салатынын жеткізсе, Мексика жағы Трамптың ығына жығылып, Қытай тауарларына кедендік салықты ұлғайтатын болды.
Көршісін қойып, әскери одақтасы НАТО-ға мұше елдерге орынсыз талап қойып отырған Трамп бір жағынан Зеленскийді қыспаққа алса, керісінше Сауда министіріне Ресейге салынған санкцияны қайта қарайды тапсырған. Байден билігі орыс әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің энергия, финанс саласындағы компанияларына экономикалық жаза тағайындаған еді.
Abai.kz