Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
46 - сөз 612 5 пікір 11 Наурыз, 2025 сағат 12:15

Қалаласу қазаққа пайдалы ма?

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Қаланың пайда болу себебі адамдарды топтастыру арқылы экономиканы, ғылым техниканы және мәдениетті дамыту. Бұл өткен дәуірдегі қатынас пен информацияның дамымаған кездегі қажеттіліктің туындысы екені белгілі. Ол кездегі адамдар үшін арақашықтықтың жақын болуы қарым-қатынасқа, информация алмасуға маңызды болды.

Қазіргі ғылым-техниканың дамуы арқасында арақашықтық адамдар үшін мәселе болудан қалып бара жатыр. Жоғары технологиялардың дамуы нәтижесінде үйден шықпай-ақ дүние жүзімен информациялық қарым-қатынас жасауға және кезкелген информацияға қол жеткізуге және қалаған бағыттағы білімді толыққанды жетілдіруге болады. Қазіргі көлік құралдары арқылы алыс аралықтарға қысқа уақыт ішінде жетуге болады. Сол себепті қазіргі қалалар өзінің бұрынғы мүмкіндіктері мен артықшылықтарынан айрылып, умаждалған жіп түйіндер секілді барған сайын мүмкіндіктердің кедергісіне айналып келе жатқан секілді болып көрінеді.

Көлік кептелісі, қоршаған ортаның ластануы, қала құрылыстарының бұзылулары мен қайта салынуы, жолдардың жаңартылуы, ысырапшылық, тіпті ең маңыздысы табиғи апаттарға төзімділік, эпидемиялық ауруларға төзімділік секілді мәселелерді шешудің құны өте қымбатқа айналып бара жатыр. Жер аудандары кішкентай елдерді түсінуге болар, себебі олар үшін қалаласудан басқа шығар жол жоқ. Ал халқы сирек Қазақстан секілді елдердегі халықтың бір орынға тым тығыз шоғырлануы түсініксіз жәйіт.

Шынтуайтында Қазақстан тұрғындары үшін көпқабатты үйлерде тұрудың қажеті жоқ. Көпқабатты үйде тұрған халық көбеймейді, өздерін сол тар ортаға сәйкестендіріп алады да бала-шағаны кедергі ретінде санайтын болады. Сондықтан көпқабатты тұрғынүй құрылыстарын доғару керек деп ойлаймын. Көпқабатты үйдер тек қана кәсіпорындар үшін ғана салынуы керек, сонда да үш қабаттан аспауы тиіс. Адамдарды кең жерге бытыратып орналастыру арқылы оларды кең аумақты игеруге ынталандыру керек деп ойлаймын. Автономиялы энергия және сумен қамтамасыз ету технологиялары барған сайын даму үстінде, болашақта әр семия орталықтанған энергия мен ауызсуға тәуелсіз болады деген сөз. Жақын болашақта ақылды көліктер және адам таситын дрондар пайда болады. Ол кезде адамдар үшін балаларын мектепке апару мәселе болмай қалады. Мектептер, супермаркеттер, жүмыс орындары, кәсіпорындары айдалада өз алдарына табиғат аясында бөлек орналасса адамдар оған демде жетіп бара алады. Қатынас кептелістері болмайды. Сондықтан біз осы келе жатқан мүмкіндіктерге әлден дайындалып, қалаласуды тоқтатуымыз керек деп ойлаймын.

Оның орнына жоғары қарқынды жолдарды жиілетіп салып қатынас құралдарының жоғары қарқында қатерсіз зымырауына мүмкіндік ашқан жөн. Дамыған елдерден сапалы көлік құралдары мен әртүрлі агро-өнеркәсіптік техникаларының нарығымызға еркін енуіне жол ашып барлық кедендік ауыртпалықтарды алып тастау керек. Сонда халқымызға кең аумаққа бытырап орналасып өмір сүруге және кең аумақты игеріп автономиялы өмір сүруге жол ашылады деп ойлаймын.

Өркен Тоқтарұлы

Abai.kz

5 пікір