Бейсенбі, 13 Наурыз 2025
Аймақ 163 0 пікір 12 Наурыз, 2025 сағат 23:04

«Жетісу» әйелдер волейбол командасы 9-шы рет Қазақстан чемпионы атанды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бүгін Өскемен қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстанның XXXIII чемпионаты мәресіне жетіп, финалда Шығыс Қазақстанның «Берел» командасынан басым түскен «Жетісу» командасы ел чемпионы атанды. Сөйтіп «Жетісу» КВК Ұлттық лига шеберлерінің әйелдер волейбол командалары арасында 9 дүркін чемпион болып отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметі.

Осылайша «Жетісу» волейбол қыздар командары 2024-2025 жылдардағы маусымда үшінші жеңісіне қол жеткізіп отыр, яғни ҚР Чемпионатын тоғызыншы рет, сол сияқты Кубогын да тоғызыншы мәрте, Суперкубокты төртінші мәрте ұтып алды. Суперкубок иеленуінің арқасында Филиппинде 18-28 наурызда өтетін волейболдан клубтар арасындағы Азия Чемпионатына жолдама алды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Еске салсақ, Ұлттық лиганың волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстанның 33-ші Чемпионатының Плей-офф ойындары Өскемен қаласында 1 наурызда басталған болатын. 6-7 наурыз күндері «Жетісу» алдымен «Тұран» командасын екі мәрте жеңіп финалға шыққан еді. Финалда «Берел» командасымен  үш ойын өткізді. Бүгінгі шешуші ойында қорытынды есеп 3:1, «Жетісудың» пайдасына шешілді.

Осылайша биылғы чемпионатта «Жетісу» командасы алтын медальға ие болып, 9 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Бұл ретте жеке номинация бойынша «Жетісу» командасынан Дарья Шаргородская үздік байланыстырушы, Мадина Бекет үздік қорғаушы атанса, жалпы чемпионаттың үздік ойыншысы Карина Денисова деп танылды.

Чемпионат аяқталғаннан кейін «Жетісу» командасының бас бапкері Марко Гршич ой бөлісті:

- Ең алдымен команда ойыншыларына ризамын. Кешегіден кейін бүгінгі ойын оңайға түскен жоқ. Бірақ біздің қыздар өзінің мықтылығын көрсетті. Бұл ретте бізді соңына дейін қолдаған жанкүйерлерімізге де алғыс білдірімемін. Бұл маусым – «Жетісу» командасының маусымы деп мақтанышпен айта аламыз, - деді ол.

Жалпы Талдықорғанда «Жетісу» волейбол кәсіби клубына арналған жаттығу орталығы жұмыс істеп тұр. Онда ерлер мен әйелдер командалары және жастардың қосалқы құрамы жаттығады.

Abai.kz

0 пікір