Талдықорған – Өскемен тасжолы ақылы болады
11 шілдеден бастап Қазақстандағы республикалық маңызы бар тағы бір тасжол учаскесі ақылы болады.
Бұл Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы ("Убе" өткізу пункті) автожолының Талдықорған – Өскемен учаскесі. Оның ұзындығы 772,955 шақырым болады.
Бұйрыққа сәйкес, ақылы режим 20 жылға енгізіледі. Жүргізушілер үшін тегін баламалы бағыт сақталады. Ақылы учаскені облыстық маңызы бар Талдықорған – Үштөбе – Молалы – Лепсі – Ақтоғай – Таңсық – Аягөз – Қарауыл – Семей жолымен, сондай-ақ Семей – Өскемен республикалық тасжолы арқылы айналып өтуге болады.
Учаске І-б және ІІ санатты жолдарға жатады. Оның кесіндісіне байланысты әр бағытта бір немесе екі қозғалыс жолағы қарастырылған, ал әр жолақтың ені кемінде 3,75 метр болады.
Көлік құралының санатына байланысты бүкіл бағыт бойынша бір бағытқа жүру құны 117-ден 25 292 теңге аралығында болады.
Алдын ала төлем жасаған жағдайда тариф жол жүріп өткеннен кейінгі төлемге қарағанда төмен болады. Бір реттік төлемнен бөлек, жүргізушілерге айлық және жылдық абонементтер қолжетімді болады. Сондай-ақ бұйрықта баламалы жол жоқ елді мекендердің тізімі көрсетілген.
Abai.kz