Жұма, 14 Наурыз 2025
Ақмылтық 614 1 пікір 13 Наурыз, 2025 сағат 16:09

АҚШ НАТО-дан шықса, Түркия орынын басады!

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

«Еуроодақ жарғысының» 49-шы тармағында: «Кісілік құқықты, еркіндікті, демократиялық құндылықтарды құрметтейтін кез келген Еуропа елі одаққа мүше болуға өтініш беруіне болады», - деп жазылған. Десе де, Түркияның 1963 жылы басталған одаққа кіру талпынысы әлі күнге дейін тойтарылып келеді.

Биліктегі Ердоғанның партиясы Күрд тілін оқытуға шектеуді, өлім жазасын алып тастап, Еуроодақ елдерінің ыңғайына жығылса да нәтиже жоқ. 2016 жылғы Түркиядағы «Гүлленшілер» дүрбелеңінен кейін келіссөздер бір жолата тоқтады. Анығында Еуроодақтың Түркияны сыртқа тебудегі басты себеп - географиялық орыны мен кісілік құқық мәселесі емес, оның мұсылман елі болуында екені анық.

Қазір жағдай өзгерді. Трамп Ақ үйге қайта оралғанан кейін Еуропа елдерін экономикалық бағытта кедендік салықпен, әскери бағытта «ендігері қауіпсіздікке кепіл болмаймын» деп қыспаққа ала бастады. Әсіресе Трамптың Кремльмен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіруге кірісуі кәрі құрылық елдері басшыларын күнде саммит өткізіп, Еуропаның болашақ қауіпсіздік мәселесін талқылауға мәжбүр етті.

АҚШ пен Ресейдің соғыс тоқтату жөніндегі келіссөзіне Еуропа тараптың қатыстырылмайтыны мәлім болған соң, ақпанның 17-сі күні Франция басшысы Макрон Германия, Испания, Польша қатарлы 7 мемлекеттің және НАТО мен Еуроодақ басшыларын Парижге шақырып, шұғыл жиналыс өткізді. Түркия өкілдерін шақырмады. Макронның бұл әрекетін көптеген саяси сарапшылар «стратегиялық қателік» деп бағалады.

Ақпанның 28-і күні Ақ үйде болған Зеленский мен Трамп, Вэнс арасындағы жанжалдан кейін, Англия басшысы Стармер жағдайды реттеу үшін наурыздың 2-сі күні Лондонда жиналыс өткізді. Оған Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан қатысты. Осылайша Еуропа басшылары қателіктерін жуып-шайғандай болды. «Жиналыста Хакан Фидан басқалар сияқты көпіріп көп сөйлемеді. «Талқыға түсіп жатқан Еуропаның жаңаша қауіпсіздік құрылымын қалыптастыруға Түркияның қатысуы өте маңызды», - деген сөзі таразы басты» - деп жазады Батыстық БАҚ.

Еуропа елдері жетекшілері АҚШ Мемлекет істер хатшысы Рубио мен Ресей Сыртқы істер министрі Лавров бастаған екі ел өкілдерінің Сауд Арабиясында өткен келіссөздерін сырттай тамашалап отырғанда, Ердоған Анкарада Зеленскийді қабылдап, Украина мәселесін шешуде Түркияның орнының ерекше екенін Еуропа, сондай-ақ әлем елдерінің есіне салды. Зеленский де кездесуден кейін: «Украинаның қауіпсіздігіне АҚШ, Англия, Еуроодақ қана емес, Түркияда кепіл болуы керек», - деді.

Украина мәселесінде Ердоған Үкіметі Ресейге қарсы экономикалық санкция салып, онымен жауласқан Еуропа елдері сияқты емес, байланысты үзбей келеді. Керек кезде санкциядан күшті қадамдарға барады. Украинаға орыс әскері алғаш басып кіргенде, Еуропа елдері әлі әрі-сәрі болып отырғанда, Түркия «Монтре келісім-шартын» алға тартып, Ресейдің әскери кемелерінің Босфор бұғазы мен Дарданеллы бұғазына кіруіне тыйым салды. Ал Украина тарапқа әскери көмекті тоқтатқан емес. Түркия берген «Байрақтар» дроны Украинаға шешуші сәттерде жеңіс әкелгенін әлем жұрты біледі.

Еуропа қауіпсіздігіне саятын Украина мәселесінде ғана емес, өзге де геосаяси қақтығыстарда Түркия Еуропа басшылары басты жау санап отырған Кремльді тежей алатын басты жеңіспаз саяси ойыншы ретінде көрінуде.

Орта Шығыста Түркия Ресейді Ливиядан, Сириядан ығыстырды. Башар Асад кезінде Сирияның солтүстүгінде Кремьлдің айтқаны заң болса, қазір Ердоғанның айтқаны заң.

«Қарабақ соғысында» Әзербайжан Түркияның көмегімеен Арменияны ығыстырды. Болған жағдайға Кремль шарасыз күй кешті. Еуропа елдерінің Ресейдің мұнайы мен газына тәуелді екені белгілі. Қазіргі соғыс жағдайында Еуропа елдерінің Украинаға берген қару-жарағының сомасынан Ресейден энергия сатып алуға жұмсаған ақшасы әлде қайда көп болып тұр. Еуропаға қажет энергия көздері мен басқа да қазба байлықтардың Орта Азия елдерінде мол қоры бар екені белгілі. Түркияға қырын қарайтын Франция мен Германия басшылары мұрнағы жылы сол мақсатпен елімізге келіп те кетті. Еуропа экономикасына жаңа тыныс ашатын Түркі елдерінің қазіргі ақсақалы - Ердоған болып отырғаны айтпаса да түсінікті.

Түркия 1950 жылы НАТО құрамына өтуге алғаш өтініш жасады. Бірақ Франция мен Англия қарсы болды. Олар: «Түркия әскери одаққа мүше болса, Орта Шығыстағы толастамайтын соғыстарға қатысуға мәжбүр боламыз», - деген уәж айтты.

1950 жылы Корей түбегінде соғыс басталды. Түркия НАТО-ға көмек ретінде 4500 әскер жіберді. Өтініші бәрібір қабылданбады. Түркия тек 1952 жылы 18-ші ақпанда ғана НАТО-ға ресми мүше болып қабылданды. АҚШ НАТО елдерінің шығыс-оңтүстік қанатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылдады. Түркияға НАТО-ның маңызды әскери базалары орналасты.

«11 қыркүйек оқиғасынан» кейін АҚШ бастаған жаһандық терроризмге қарсы күресте Түркия шешуші рөл ойнады. 2012 жылы Сирия шекарасында Түркияның барлаушы ұшағы атып түсірілгеннен кейін, НАТО «патриот» қорғаныс жүйесін Түркияның Сириямен щекарасына орналастырды. Түркия Африка, Орта Шығыс, Орта Азияның түйіскен жеріне орналасқандықтан әрі Ресеймен теңізбен шектесетендіктен Қара теңіз бен Жер орта теңіз тасымалының қауіпсіздігін сақтауда басты таяныш болып келеді.

Түркияның ұйымға мүше елдермен келіспеушілігі болғанымен, жалпы ұйыммен еш араздығы жоқ.

Түркия бүгінде НАТО-да әскери қуаты жағынан екінші орынға шығып, жай қатысушы елден жетекші елге айналып отыр.

Қазір геосаясат мың құбылып тұр. Кеңес одағы тарағаннан кейін НАТО елдеріне келетін қауіп сейілгендей көрінген. Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін Еуропаның қауіпсіздігі қайтадан өзекті мәселеге айналды. Тағы бір жақтан Қытай еңсе көтеріп, АҚШ-пен бәсекелес деңгейіне көтеріліп, Үнді-Тынық мұхит елдері қауіпсіздігіне қауіп төндіре бастады.

Трамп Путиннен қорқып дүрліккен Еуропа елдеріне «НАТО-дан шығамын» деп айбат шегуде. Еуропа басшылары Ердоғанның Ресейге ұстанған түлкібұлаң саясатының қауқарын, нәтижесін көріп тұр. Ердоған соғыс тоқтаған жағдайда Украинаға бітімгерлік күштерін жіберуге дайын екенін жеткізді.

Қалай десек те, Трамптан көңілі қалып, өз күнін-өзі көруге шешім қабылдаған Еуропа Түркияның әскері мен қаруына, стратегиялық маңызы бар географиялық орынын сәтті пайдаланған көпжақтылы сыртқы саясатының көмегіне мұқтаж.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

1 пікір