АҚШ пен Иран: Құпия келіссөздер әшкере болды!
«Уран қақпаны» және $24 миллиард шындығы: АҚШ пен Иран арасындағы құпия келіссөздер әшкере болды!
Халықаралық геосаясат сахнасы тағы да дүр сілкінді. CNN телеарнасы америка барлау қызметінің құпия мәліметтеріне сүйеніп, Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға бағытталған АҚШ-Иран келіссөздерінің ең драмалық тұстарын жариялады.
Теһран ядролық қару жасауға жақын уран қорларын тығып үлгерсе, Трамп миллиардтаған долларды босатуға дайындалып жатқан сыңайлы. Сахна артындағы құпия сценарийді бірге талдайық.
Исфахандағы «Үңгір операциясы»: Теһран уранды қалай жым-жылас қылып тастады?
Соңғы апталарда Иран билігі бұған дейін АҚШ пен Израильдің әуе соққыларынан зақымдалған Исфахандағы ядролық кешеннің туннельдерін әдейі құлатып, кіреберістеріне мина орнатқан.
Иран бұл қадамға не үшін барды?
- АҚШ арнайы жасағынан қорғану: Соғыстың басында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жоғары байытылған уран қорын басып алу үшін арнайы құрлық операциясын өткізуді (байыппен) қарастырған еді. Иран америкалық десанттардың рейд жасап, уранды алып кетуіне жол бермеу үшін осындай «шұғыл» қадамға барды.
- «Амалсыздық» тактикасы: Енді ол уранды жер астынан қазып алу кез келген тарап үшін, тіпті ирандықтардың өздері үшін де өте қауіпті әрі қиын болып қалды. Сарапшылардың пікірінше, Теһран болашақта «бұл материалдарды техникалық себептермен шығару мүмкін емес» деп мәлімдеп, ядролық қордың бір бөлігін өзінде жасырын алып қалуы мүмкін.
Алайда Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи Теһранның уранды «араластырып, байыту деңгейін төмендетуге» дайын екенін, бірақ бұл процесс тек Иран аумағында өтуі тиіс деп шарт қойды. Бұл қыл көпір тақырып келісімнің екінші кезеңіне шегерілді.
Трамптың «Сенім тесті»: 24 миллиард доллар Иранға қайтарыла ма?
Иранның Жоғарғы көсемінің кеңесшісі Мохсен Резаи АҚШ-пен арадағы бейбіт келісім аясында Дональд Трамптың Иранның бұғатталған 24 миллиард доллар активін босатуға келіскенін мәлімдеді.
«Трамп бұл ақшаны босатуға етуге іштей келісті, бірақ бұл туралы Америка қоғам алдында ашық айтуға әзірге қорқады», — деді Резаи.
Иран бұл соманы Трамп үшін «сенім тесті» деп атап отыр. Талап бойынша, аралық келісімге қол қойылған бойда АҚШ алғашқы 12 миллиард долларды дереу босатуы керек, ал қалған бөлігі келесі кезеңдерде берілуі тиіс. Ақ үй бұл ақпаратты сырт көзге «фейк ньюс» деп атап, жария түрде теріске шығарғанымен, сахна артындағы саудаласудың белсенді жүріп жатқаны байқалады.
Түйін: Иранмен келісім жасау — Трамп үшін де үлкен саяси тәуекел. Ол кезінде Барак Обама әкімшілігін Иранға «қолма-қол ақша тиелген паллеттерді берді» деп қатты сынаған еді. Енді өзі де сондай қадамға баруға мәжбүр болып тұр. Егер Трамп бұл ақшаны босатпаса, Иран соғыс ауқымын Парсы шығанағынан Үнді мұхитына, Қызыл және Жерорта теңіздеріне дейін кеңейтіп, америка базаларына жаңа соққылар жасайтынын айтып сес көрсетті. Таяу Шығыстағы үлкен соғыстың тағдыры дәл осы 24 миллиард доллар мен Исфахандағы үңгірлерде көмілген уранға тіреліп тұр.
Сіз қалай ойлайсыз? Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату үшін 24 миллиард долларды шынымен босата ма, әлде бұл Теһранның Батысқа жасаған кезекті ақпараттық қысымы ма?
Әбіл-Серік Әліакпар
Abai.kz