Сәрсенбі, 19 Наурыз 2025
Әріптестің әңгімесі 358 1 пікір 19 Наурыз, 2025 сағат 12:23

Мұнай бағасы құлдырай ма? Қазақстан қайтпек?

Сурет: afk.kz сайтынан алынды.

Мұнай өндіруші ОПЕК+ елдері мұнай шығаруды арттырмақ. Дональд Трамптың сауда соғысы да қыза түсті. Сарапшылар алдағы уақытта әлемдік сауда деңгейі біршама бәсеңдеп, мұнай бағасының түсетінін айтуда. Болжам бойынша Ресейдің мұнайы барреліне 50 доллардан төменге түсуі ықтимал. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

Ең негативті болжамды Citigroup және әйгілі JPMorgan Chase инвестбанк жобалары беруде. Аталған компаниялар Brent сұрыпты мұнайдың бағасы барреліне 60-65 долларға түсуі мүмкін деп болжам жасауда. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды. Ал Citigroup сарапшылары 2025 жылдың II және III маусымында Brent бағасы 60 доллар болатынын айтта, ал IV маусымда баға 55 долларға дейін құлдырауы ықтимал.

Мұнай саласындағы трейдерлік компаниялар да мұнай бағасының құлдырауын күтуде. АҚШ басшысы Дональд Трамп сайлауалды науқанда және президенттік қызметіне кіріскен сәтте, АҚШ аумағындағы мұнайды бұрғылауға рұқсат ететінін айтты. «Бұл алдағы таңда сөзсіз мұнай бағасына әсер етеді» дейді мамандар.

ОПЕК+ елдері сәуір айынан бастап мұнай бұрғылауды біртіндеп арттыруды келісті. Бұл шешімді ұйым 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап шегеріп келген болатын. Алайда ендігі таңда мұнай өндірісін арттыру шешімі қабылданып отыр.

Үнемі мұнай бағасына жоғары болжам жасайтын Goldman Sachs инвестбанкі дүйсенбіде мұнайдың болжамды бағасын 70-85 доллардан 65-80 долларға дейін түсірді. Осылайша 5 долларға кем болжам жасады. Morgan Stanley және Bank of America жылдың екінші жартысында Brent бағасы 65-70 доллар арасында болады деген болжамға тоқтауда.

Ресейдің Urals сұрыпты мұнайы да нарықта құнсыздана бастады. Соңғы екі айда Ресей мұнайына 15-16 доллар жеңілдік жасаған. Бұл АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің биліктен кетер сәттегі санкцияларымен тікелей байланысты. Ресейлік сарапшылар санкцияның кері әсері байқала бастағанын және бюджетке соққы жасалып жатқанын айтты. Ресей 2025 жылға мұнай бағасын барреліне 69,7 доллар деп белгілеген. Urals мұнайы қаңтар айында 70 доллардан сатылса, ақпан айында Байденнің санкцияларына байланысты 62 доллардан саудалана бастады. Ал наурыз айының басында 54 долларға дейін құлдырады.

Сарапшылар Brent сұрыпты мұнай бағасы 60 долларға түсетін болса, ресейлік мұнайдың бағасы 45 доллардан төмен болуы ықтимал деп топшылайды. Сарапшылар рубльдің құнды бола түсуі де ресейлік бюджетке соққы екенін айтты. Жыл басында доллар 102 рубль болса, қазіргі сәтте оның құны 84 рубльге түсті.

Сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс тоқтайтын болса, Urals мұнайы мен Brent мұнайының арасындағы айырмашылық азаюы мүмкін екенін жазды.

Abai.kz

1 пікір