Сенбі, 29 Наурыз 2025
Көкжиек 387 0 пікір 26 Наурыз, 2025 сағат 13:25

"Ақ жол" демпартиясы криптовалюта айналымын реттеу мәселесін тағы көтерді

Сурет: Akzhol.kz сайтынан алынды.

"Ақ жол" демпартиясы криптовалюта айналымын реттеу үшін Криптобанк құруды ұсынып, 2018 жылғы осындай ұсынысын еске салды

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы

ҚР Премьер-министрі О.Бектеновке

Ұлттық банктің төрағасы Т.Сулейменовке

Президент Қ.Тоқаев Құрылтайда сөйлеген сөзінде цифрлық активтер саласын ырықтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Соңғы жылдары криптовалюта әлемдік қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Жыл өткен сайын цифрлық валюталарды инвестициялау, капиталды сақтау және өзара есеп айырысу құралы ретінде қарастыратын қазақстандықтардың саны артып келеді.

Алайда, елде мұндай активтерді заңды түрде пайдалану үшін құқықтық инфрақұрылым жоқ. Керісінше, криптовалюталардың айналымына тыйым салынған, бұл криптовалюта нарығын мемлекеттік реттеудің жоқтығына, цифрлық капиталды заңсыз айналым мен көлеңкелі экономика үшін пайдалануға әкеледі. Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстандағы криптовалюта операцияларының 90 пайызы заң шеңберінен тыс жүзеге асады.

Осыған орай, 2017-18 жылдары «Ақ жол» фракциясы депутаттары мен Ұлттық банк пен Үкімет арасындағы дауларды еске салуға мәжбүрміз, сол кезде криптовалютаға тыйым салуды дәл солар енгізіп, сол арқылы жылдар бойы қарқынды дамып келе жатқан жаңашылдықтың елімізге енгізілуін «тоқтатып» тастады.

Тыйым салу тек көлеңкелі нарықтың өсуіне, заңсыз айырбастаушылар мен сұр схемалардың пайда болуына, салық төлеуден жалтаруға және заңсыз әрекеттерді қаржыландыруға әкелді. Қазақстандықтар криптоалаяқтар мен заңсыз платформалардан, қаржылық пирамидалар мен скам-жобалардан (OneCoin, BitConnect, Terra/Luna) үлкен көлемдегі ақшаларын жоғалтуда. Миллиардтаған криптовалюта шетелге заңсыз аударылуда, ал мемлекет бұл транзакцияларды бақыламағнэан соң, үлкен салық ресурстарын жоғалтуда.

Ешбір ел цифрлық прогресті тоқтатып, цифрлық активтер нарығымен күресе алмайды, бұл құбылыс континенттер мен экономикаларды жаулап алуда.

Бірақ егер бірдеңеге қарсы тұру мүмкін болмаса, одан оның бір ғана жолы бар - «түсін де басқар», яғни, заңдастыру және реттеу. Фракциямыз 2018 жылдың 30 мамырындағы депутаттық сауалында дәл осыны ұсынған болатын (https://akzhol.kz/ru/blog/migrated_6078).

Ол кезде - сәтсіз болған еді.

Ал, бүгінде, Президенттің тапсырмасын ескере отырып, цифрлық активтерді заң аясында бақылау, айырбастау және сақтау функцияларын өзіне жүктеп алатын Криптобанк құру саланы реттеудің тиімді құралы болар еді.Мұндай институттар цифрлық активтері заңды айналымға қатысатын және Финтехтің технологиялық прогрессивті саласының маңызды бөлігін құрайтын алдыңғы қатарлы елдерде дамыған.

Цифрлық технологияларды енгізудің алғашқы тиімді мысалдары елімізде қазірдің өзінде байқалуда – бұған мысал ретінде цифрлық теңгенің көмегімен (және ешбір ҚҚС шегін төмендетпестен) ірі компаниялардың негізсіз бөлшектенуін анықтай алған Каспи банк, Халық банк және Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сәтті жобаларын айтуға болады.

Алайда, жаһандық Финтех одан әрі дамыған: АҚШ-та бірінші федералды криптовалюта банкі Anchorage Digital Bank ашылды. Артынша Kraken Bank және Custom Bank пайда болды.

Швейцарияда адал реттеудің арқасында SEBA Bank және Sygnum Bank құрылды – криптовалюталарды сақтау, саудалау және инвестициялау қызметтерін ұсынатын лицензияланған криптобанктер.

Германияда клиенттерге еуро мен биткоиндерді бір шотта ұстауға мүмкіндік беретін гибридті криптобанк іске қосылды. Fidor Bank криптовалюта биржаларымен ынтымақтасып, цифрлық активтерге қатысты қызметтерді ұсынады.

Сингапурдың ең ірі банкі DBS сандық активтердің саудасын ұсынады. Лицензиясы бар төлем компаниясы болып табылатын Xfers криптобанкі сингапурлық долларға бекітілген XSGD стейбл-коинін іске қосты.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Үкіметтен, Парламенттен және Ұлттық банктен тыйым салу арқылы ілгерілеуді бәсеңдетпей, халықаралық көшбасшылармен үндесе отырып, "Финтехті" дамытуды талап етіп отыр.

 

Сөзінен үзінді келтіре кетейін: «Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді».

«Ақ жол» фракциясы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бұйрығы ел экономикасында үлкен рөл атқарып, жаңа жобалардың, білікті жұмыс орындарының және қоғам мен бюджеттің жаңа табыс көздерінің алаңына айналатын тұтас инновациялық индустрияны құруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Сонымен қатар, елімізде мұндай институттың пайда болуы көрші елдердің осы құралдарды сәтті меңгеруі жағдайында Қазақстанның Финтех саласындағы көшбасшы рөлін қамтамасыз ете алады. Крипта шекараны білмейді, егер біз мұны бүгін жасамасақ, ертең басқалар жасап, цифрлық қаржылық ағындар өзгелердің қолына өтеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы, бәлкім, гибридті форматта қазақстандық Криптобанк құру мәселесін қарауды ұсынады, оның қатысушылары Ұлттық Банк және осы құралдарды сәтті жүзеге асырып жатқан екінші деңгейлі жеке банктер болуы мүмкін.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А.Перуашев

Е.Барлыбаев

Д.Еспаева

Қ.Иса

С.Ерубаев

Е.Бейсенбаев

Abai.kz

 

0 пікір