Дүйсенбі, 31 Наурыз 2025
46 - сөз 1290 0 пікір 27 Наурыз, 2025 сағат 14:14

Балалар табиғатқа қатысты шығармаларға қызығады...

Сурет: Спикердің жеке альбомынан алынды.

Қазіргі балалар әдебиетінің дамуы, тыныс-тіршіліші және онда сақталған кей мәселелер туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақышпен сұхбат құрған едік.


 – Қазір әлем технология дәуіріне қадам басты. Ал осындай заманда қағаз кітаптың тағдыры да тар кезеңге тура келгендей. Былайша айтқанда, балалар емес, үлкендердің өзі кітапты серік етуіне күмәнмен қарайтын уақыт таяп келеді. Сізше қазіргі балалар қандай шығармаларға қызығады?

– Иә, өзіңіз айтып отырғандай, бүгінгі таңда балалардың көркем әдебиетке деген қызығушылығы бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әжептәуір бәсеңдеп қалды. Оған себеп  – электрондық ақпарат құралдарының басымдыққа ие болып кетуі. Дегенімен, жас буын кітап мүлде оқымайды деп үізілд-кесілді кесіп айтуға болмайды. Менің байқауымша, балаларды көбірек қызықтыратын  жанрлардың бірі – комикс. Республикамыздың әр өңірінде шығып жатқан кітапшалардың арасында осы жанрдағы дүниелерге сұраныс басымдау болып көрінеді. Мысалы, Орал қаласындағы «Dana орталығы» шығарған комикс жанрындағы «Жетпіс палуан» атты  тарихи әңгіме тартымды шыққан. Бұл жобаның авторы – маған белгісіз Ж.Сафуллин деген азамат. Бұл шығарманың тәрбиелік жағы да бар. Қазіргі таңдағы телефонның балаларға тигізетін  теріс әсерінен арылуына, есесіне кітап оқуға, спортпен шұғылдануға ықпал ете алады деп ойлаймыз.

Мұндай комикстер әртүрлі баспаларда жарық көріп келе жатыр.

Сонымен бірге фэнтези жанрындағы шағын дүниелер де жас оқырманның қызығушылығын туғыза алады. Бұл өзі қазақ балалар әдебиетінде бұрын кең тарамаған жанр болатын. Бұл бағытта жұмыс істеуге әсіресе жас қаламгерлеріміз бейім. Мысалы, З.Төрехан, А.Құрманаева, Г.Исаева  және т.б. жас авторлар осы жолда жұмыс істеуде. Көптеген баспалар осы жанрға басымдық беріп отыр.

Бірақ фэнтезидің бір кемшілігі бар. Ол оқырманды шынайы өмірден алыстатып әкетеді. Менің ойымша, тәуелсіз Қазақстан балаларының қазіргі таңдағы өмірін бейнелейтін реалистік шығармалардың бәсі артықтау. Өкінішке қарай, прозамызда бүгінгі балалар өмірінен алынған реалистік шығармалар қатары аздау. Бірақ қай бағытта, қандай тақырыпта жазсылса да, туындының көркемдік-эстетикалық деңгейіне бірінші кезекте мән беріп отыру керек. Бұл жағынан балалар поэзиясында ілгерілеушілік бар.

Балаларды қызықтыратын тақырыптардың  ауқымдысы – табиғат пен экология. Баланың жан дүниесін ізгілендіріп, нұрландыра түсетін қызықты тақырыптың бірі – табиғат. Оның алуан түрлі құбылыстарын танып білу үшін балалар шығармаларының, соның ішінде әсіресе балаларға арналған өлеңдердің маңызы зор. Өйткені, ондай тақырыптағы туындылар көркемдік-эстетикалық талғамды ұштаумен бірге баланың айналаға жанашырлықпен қарауына әсер етеді.

Кез-келген табиғат – туған жердің белгілі бір көрінісі десек те болады. Бұдан шығатын қорытынды – мұндай әңгімелер мен өлеңдердің баланың санасында экологиялық тәрбиенің ұшқындары қалыптасуына, сонымен бірге патриоттық сезімнің оянуына түрткі болатынына сенуіміз керек.

Осы тақырыпты көркем тілмен қаузап жазып жүрген прозашыларымыз баршылық. Мәселен, балалар қаламгерлері Тұрдақын Жексенбай, Баян Болатханова, Қанат Қайым, Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай  және басқалары осы қатарда.

– Мектеп оқушылардың кітап оқу әдетін қалай жетілдіруіне жол нұсқағаны дұрыс? Бұндай практика бізде қазір бар ма?

– Бұл мәселеде мектептегі бастауыш сыныптардың және әдебиет пәнінің мұғалімдеріне үлкен жүк түседі. Олар сабақты тек формальды түрде өткізіп қана қоймай, түрлі педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдалануына тура келеді. Көркем әдебиет шығармаларына қызықтыру барысында ойын тәсілдерін қолданып жүрген ұстаздарымыз да жоқ емес. Бұл жөнінде арнайы семинарларда айтылып та келе жатыр.

– Өзі кітап оқымайтын ата-аналар балаларына қалай үлгі болады деген сұрақ туындайды. Балаларға кітап оқыту үшін ата-ананың рөлі басым болуы керек шығар.

– Ата-аналардың біліктілігі мен жанашарлығы алдыңғы орында екендігін де ұмытпауымыз керек. Әрине, ондай шаруалар арнайы уақыт бөлуді қажет етеді. Мысалы, біздің отбасымызда баланың қызығып жүрген нәрсесін алып беру үшін алдымен бір шумақ өлең жаттау керек немесе белігілі бір шығарманың мазмынын айтып бересің деген шарт қоямыз. Мақтанбай-ақ айтайын, бұндай тәсіл өз жемісін беруде.

Осы арада сіздің үшінші сұрағыңызға берілетін жауап та шығып тұр. Иә, ата-ананың өзі қызықпаса, баласының келешекте кітапқұмар болып шығуы екіталай нәрсе. Сондықтан мұғалімдердің ата-аналар арасында да үнемі тиянақты жұмыстар жүргізіп тұруына тура келмек.

– Сіз әдебиет сыншысыз ғой, қазір бізде балалар ұнатып оқитын қандай туындылар бар және олар несімен маңызды?

– Қазір балаларға арналған жақсы кітаптар жоқ деген ұғым бар. Тіпті көзі ашық азаматтарымыздың арасында да осындай пікірлер айтып жүр.  Бұл – жаңсаққаламгереріміз   түсінік. Мәселе – жақсы кітаптардың дұрыс тарала бермеуінде әрі насихатының аздығында. Әйтпесе тәуір деген шығармалар аз кездеспейді. Тек оларды тарату  мәселесінде кідірістер бар. Әйтпесе жақсы жазылған поэзиялық кітаптар аз емес. Кітапханаларға алдымен түсетіндер – Мәдениет министрлігінің бағдарламалары бойынша шығатындар. «Мазмұндама» сияқты баспалар шығарған өнімлерін өздері таратуды қолға алуда. Бұл – өзге баспалар да үйренетін үйренетін жақсы үрдіс. Айтып отырғаныңыз өте орынды. Жеткіншек ұл-қыздарымызға кітап оқытуда ересектердің алатын орны ерекше. Ең бастысы – қаламгерлеріміз жақсы шығармалар жазу керек екендігі бәрімізге белгілі. Ал ондай дүниелер қазір бар ма?

Тек прозаны ғана алып қарайықшы. Менің өзім байқаған шығармалардың арасында Б.Ыбырайымның «Аспандағы саяхат», А.Естеннің «...», Б.Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» Қ.Қайымның «Көпір астындағы үй», Е.Айдабосынның «Қызыл сақа», А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ», З. Жұманованың «Ғажайып орман», С.Қамшыгердің «Ұлы дала батырлары», Е.Ораздың «Ұлы дала хандары», З.Төреханның «Күйекөбелектер шаһары» фэнтезиі, Р. Сауытбайдың «Шоко әлем» роман-фэнтезиі, М.Жылқыбайдың «Мақта қыз бен мысық» атты постмодернистік туындысы, Г.Исаеваның «Балаларға базарлық» және т.б. басқаларын тізіп айтар едім. Жанрларының және мазмұндарының әртүрлі болуына қарамастан, бұлардың маңыздылығы жас оқырманның сұранысын тап басып, тани алуларында, көркем әдебиетке қойылатын ортақ талаптардың үдесінен шыға білулерінде.

– Америкада жүргенде мен ол жақтағы кітапханаларда көп отырдым. Байқағаным, кітапханаға келетін балалардың саны көп. Оның үстіне олар үнемі ата-анасымен бірге келеді. Бұл тәрбиенің орнықтылығы, қоғамның дұрыс бағытқа бет алғаны деп топшыладым. Бала жасынан кітап оқымаған қоғам мүшесі сол қоғамға ештеңе бере алмайды. Ал біз оқитын қоғам құру үшін оқылатын шығарма жазуымыз керек қой. Бұл жерде жазушылардың қандай міндеттері бар?

– Жазушылардың міндеттері – әрқайсысы өз шығармаларын насихаттай білулері керек. «Кітапты жаздым, баспадан шықты» деген оймен шектеліп қалуға болмайды. Бүгінгі күн көзқарасымен алғанда бұл тіпті тоғышарлыққа жақын түсінік болуы ғажап емес. Оқырманмен кері байланыс жасауға әлі дағдылана алмай келеміз. Басқаны былай қойғанда, осы кемшілік менің өз басымда да бар.

– Осы арада айта кететін жағдай, сөз өзіңіз әдеби ортаға балаларға арналған шығармаларыңыз арқылы келіп, алдымен жазушы ретінде сол арқылы танылған екенсіз. Шытырман оқиғалы хикаяттарыңыз жабық бәйгелерде жүлделі орындарға да ие болып жүріпті. Мысалы, «Жұмбақ іздер», «Тау ішіндегі тауқымет» және басқа туындыларыңыз. Соңғы кездері бұл бағыттағы жұмысыңыз саябырлап қалған сияқты. Оның себебі неде?

– Айтып отырғаныңыз рас. Қазір тиіп-қашты шағын әңгіме немесе ертегі жанрына ғана қалам тартып қоямын. Көлемділеу дүниеге уақыт керек.  Сол уақыт жағы тапшы болып тұр. Өйткені мен бір жағы әдебиеттану жұмыстарымен айналысып келемін әрі қаламымның ересек оқырмандар тақырыбына қарай бұрылып кете беретінін де жасырмаймын.

– Біздің кітапдүкендеріне бара қалсаңыз, кітаптардың басым көбі орыс тілінде. Тіпті кейде балаларға арналған қазақша шығармаларды зорға табамыз. Бұл ненің салдары? Жазушылар еңбектенбей жатыр ма әлде?

– Рас, кітап дүкендерінде қазақша кітаптар қатары әлі күнге кемішін. Бара қалсаңыз, басым бөлігі – орыс тіліндегі дүниелер. Жазушылар еңбектеін-ақ келеді. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, соларды тарату мәселесінде бөгесіндер бар. Әсіресе жеке қаражатпен шыққан кітаптар. Авторлардың көбі оларды қалай тарту керегін білмей, өз үйлерінде үйіп қойып отырады. Уақыт талабына бейімделе алмай келеміз. Қазір интернет-дүкендердің жұмыстары жүріп тұр ғой. Солар арқылы сатылатын бұйымдардың арасына кітаптарды да қосу керек. Осындай жолмен өз өнімдерін өткізіп жүрген қаламгерлерміз де жоқ емес.

– Балалар әдебиетін насихаттауға сіз қандай үлес қоса алдыңыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, менің әдебиеттану саласындағы жұмысымның негізгі бағыты – көркем шығармаларды талдау, сол арқылы олардың кемшілктері мен жетістіктерін саралап отыру. Бұның өзі оңай жұмыс десек, қателесеміз. Кейде пікірлеріміз дәл келмей, қиялай соғып жатуы да мүмкін. Баспасөз бетінде сынағанды қай автор ұната қойсын. Ал кітапты насихаттау дегеніміз ол – жарнамалық жұмыс. Ол басқа саланың мамандарына тиесілі екендігі мәлім. Сондықтан мен ол жағына жоқпын. Ғылыми мақалалар тікелей насихат болмаса да, жанама жарнамалауға жетелейтіні рас. Оларды оқыған адам ғана талданған шығармаларға  байланысты белгілі бір дәрежеде өз ойын түйе алады.

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір