Жексенбі, 13 Сәуір 2025
46 - сөз 1388 0 пікір 10 Сәуір, 2025 сағат 13:14

Тоқаш Бердияров бір ауданның ақыны емес қой...

Сурет: adilet-gazeti.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа;

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
Олжас Абайұлы Бектеновке;

Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
Аида Ғалымқызы Балаеваға;

Астана қаласының әкімі
Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке;

Алматы қаласының әкімі
Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа;

Шымкент қаласының әкімі
Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековке;

Түркістан облысының әкімі
Нұралхан Оралбайұлы Көшеровке;

Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы
Мереке Әбдешұлы Құлкеновке!

Ақын Тоқаш Бердияровтың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде

ҰСЫНЫС ХАТ

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдық және белгілі қазақ-кеңес ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойлары атап өтіледі. Осыған орай шайырдың өмірі мен шығармашылық жолы жайлы ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.

Тоқаш (ата-анасы азан шақырып қойған аты - Торқысбек, кей деректерде - Торқысбай делінеді) Бердияров (негізі – Тоқаш Бердиярұлы Исаев болып жазылуы керек) 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекенінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Шыққан тегі – Ұлы жүздегі Қаңлы тайпасы Қара Қаңлы бөлігінің Тоғызбай руынан. Бес жасында Ташкенттегі №6 балалар қабылдау үйіне алынып, кейіннен №12 балалар үйінде және №23  қазақ балалар үйінде тәрбиеленген. 1938 жылы туған ауылына оралған. «Коммуна» жетіжылдық мектебін (қазіргі Зиябек Рүстемов атандағы №22 жалпы орта білім беретін мектебі, директоры - Гүлжан Парманова) аяқтап үлгермей тұрмыс тауқыметімен «Ұшқын» ұжымшарындағы шаруашылық жұмыстарына араласқан. Мақта алқабында, қырманда тәбілші болып істеген. Кейіннен Бесқұбыр ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін атқарған.

1942 жылғы 8 қыркүйекте 17 жасар бозбала өз еркімен Ұлы Отан соғысына аттанған. IV Украина майданында жаумен шайқасқан. Қару мен қаламды қатар ұстаған Тоқаш Бердияров, Қасым Аманжолов, Дихан-баба Әбілев, Қалижан Бекхожин, Баубек Бұлқышев, Мәлік Ғабдуллин, Хамит Ерғалиев, Қасым Қайсенов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықов, Сейітжан Омаров, Әбу (Әбуғали) Сәрсенбаев, Сағынғали Сейітов сынды 72 майдан журналисінің сапында болған. Олар «Отан үшін!», «Жауды жоюға!», «Жауға қарсы аттан!», «Қызыл әскер ақиқаты», «Майдан ақиқаты» тағы басқа жиырмаға жуық қазақ тіліндегі майдан газеттерін шығарған. Бұл басылымдардың кейбірінің таралымы 5000-нан 8000 данаға дейін жеткен көрінеді. Жоғарыда есім-сойы аталған «соғыс көрген» ұрпақ өкілдерінің бәрі кейіннен қазақтың қабырғалы қаламгерлеріне айналғанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек.

Соғыс аяқталғаннан кейін де Тоқаш әрқилы әскери бөлімшелерде қызметте болған. Ол Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотына Отан алдындағы  азаматтық борышын өтеуге жіберілген. Сүңгуір қайықта теңізші болып қызмет еткен. 1949 жылдың күзінде денсаулығына байланысты әскери қызметтен біржолата босатылған. «Егер мен соғыс кезіндегі және Ұлы Жеңістен кейінгі жүріп өткен жауынгерлік жолдарымды қағаз бетіне түсіретін болсам, жарты Еуропаның топографиялық картасы сызылған болар еді», - деп жазған екен ол өзінің бір естелігінде.

Алматыдағы көркемсурет училиесінде оқығанымен, оны аяқтай алмаған. Алғашқы өлеңдері жергілікті  басылымда 1950 жылы жарық көрген екен. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында әдеби қызметкер болып қызмет  істеген. 1962 жылдан бастап ақын бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан.

1952 жылы оның «Шалқы теңіз» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрген. Содан кейін «Портрет мира» (1952), «Мен өмір сүремін» (1956), «Я буду жить» (1956), «Утренный луч» (1958), «Бейбітшілік көшесі» (1960), «Фарида» (1962), «Үлкен етік» (1962), «Тораңғыл» (1965), «Жастық кешуі» (1966), «Оқ пен гүл» (1967), «Солдат сыры» (1968), «Дауылдан кейінгі тыныштық» (1970), «Бар ондай партия» (1971), «Көгілдір ымырт» (1972), «Бозторғай» (1973), «Күндер, күндер, күндерім» (таңдамалы, 1974), Раскинься море» (1974),  «Ескі паровоз» (1976), «Дала әуендері» (1976), «Жан дала» (1979), «Сөнбейтін оттар» (1980), «Көгілдір планета» (1982), «Есіктің алды көк терек» (1983), «Сумкада не бар?» (1984), «Шынар» (таңдамалы, 1985), «Қампиған қапшық» (1985), «Жебе мен ракета» (1987), «Что в сумке?» (1989), «Маңғыстау маған мың арман» (1992) атты үлкенді-кішілі  отыз шақты поэзиялық және прозалық кітаптары жарық көрген. Олар сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, жұртшылыққа кеңінен танылған. Көптеген шығармалары Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халықтарының орыс, қырғыз, өзбек, сонымен қатар неміс  тілдеріне аударылған. Ол «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Батылдығы үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Тоқаш Бердияров бақилық болғаннан кейін ақын Болат Шарахымбайдың құрастыруымен «Көке» дейтін естеліктер жинағы, «Адыраспан» атты жыр жинағы баспадан шыққан.

2016 жылы осы жолдар авторының, зайыбым Фатима Қанаева мен қызым Қарлығаш Үсенқұлованың ұйымдастыруымен «Әдебиет әлемі» сериясымен «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты жинақтың бірінші кітабы жарық көрген болатын. Шымкенттегі «Азиат» баспасынан шыққан 32 баспа табақтық бұл жинақтың таралымы небәрі 100 дана тұғын.

Осы кітапқа «Тоқаш тісін шықырлатар...» деп аталған алғысөзінде жауһар жазушы Мархабат Байғұт:

«...Енді міне, Тоқаш Бердияров жайындағы жинақтардың алғашқы кітабы жарық көріп отырыпты. Естеліктер. Рецензиялар. Мақалалар. Эсселер. Элегиялар. Арнаулар. Пікірлер...

Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Ғафу Қайырбеков, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Рахманқұл Бердібай, Нұрлан Оразалин, Зәкір Асабаев, Ертай Ашықбаев, Бақыт Сарбалаев, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлімұлы...

Сіздер бұл жинақтан талай да талай тұлғалардың дүниелерін оқисыздар. Үлкен әйелі Үміттің де, кіші келіншегі Клараның да, Мұқағали ақынның жан жары Лашын мен ұлы Жұлдыздың да естеліктері бар. Қайсыбірін айтайық-ай...

Исраил Сапарбай дейтұғын інісі кезінде Тоқаш көкесін новатор, реформатор ақын деуші еді. Тоқсан жылдық мерейтойына қатысқан Зәкір Асабаев пен Қасымхан Бегманов: «Түркі дүниесіне түгел танытатындай Тоқаш қой», - дескен.

Біреулер «бұзық ақын» дейді. «Ішкіш, алқаш болған», «тәртібі нашар еді» дейтіндер де жоқ емес. Ән падишасы - Шәмші Қалдаяқовты һәм сөйтетіндер баршылық. Әрине, олардың «бұзықтығының», «ішкіштігінің», «тәртіпсіздігінің» себептері басқа мәссәлә ғой.

Қайран, Тоқаш Сарыағаш - Келесті, сәл-пәл Шымкентті ғана төңіректеп, өзге жақта, мысалы, өзі өзгеше сүйген Қазақ Елі көлемінде, Алматыда, Астанада айтылмай, аталмай қала берер ме екен...», - деп алаңдаушылық сезімін білдірген болатын.

Айтулы ақынның 50, 60, 70, 90 жылдық мерейтойлары туған жерінде ғана атап өтілген. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы ақын Тоқаш Бердияровты кеңес әдебиетінің саласында сіңірген еңбегі үшін және алпыс жасқа толуына байланысты республика Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапаттаған болатын. Келестік жерлестері шат-шадыман салтанат сәтінде оған аса зор құрметпен ақбоз ат мінгізіп, иығына мақпал шапан жапқан. Бұл тойға Тоқаш ақын досы Ғафу Қайырбековпен бірге келген-тін. Өкінішке орай, 80 жылдық мерейтойы аталмай қалды. 2015 жылы 90 жылдық мерейтойы тойланған. Енді биыл 100 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Осыған орай «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» жинағының екінші кітабын баспаға дайындап, демеушілер тарапынан көмек күтіп отырған жағдайымыз бар.

Тоқаш Бердияровтың Алматыда қос үйі болған. Алдымен Тайыр Жароков көшесіндегі №199 үйдің 20 пәтерінде жасаған. Өмірінің соңғы жылдары Гоголь көшесіндегі №69 үйдің 15 пәтерінде тұрған. 1988 жылғы 29 шілдеде Пайғамбар жасы – 63-ке қараған шағында белгілі қазақ ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Тоқаш Бердияров кенеттен қайтыс болған. 3 тамызда туған жеріндегі Келес өзенінің бойындағы қырқаның басындағы «Көктан ата» мазаратына жерленген. Осындағы зиратқа ескерткіш сағана және Келес ауданындағы Тоқаш Бердияров атындағы №20  жалпы орта мектебінде (директоры - Ержан Юсупов) ақынның өзі сыйлаған кеудемүсіні (бюст) қойылған. Қошқарата ауылдық округінің орталығындағы мәдениет үйінің алдына кеудемүсіндік ескерткіші орнатылған.

Бірде қазақтың қабырғалы қаламгері Қалтай Мұхамеджанов Тоқаштан: «Осы сенің үй-жайың, отбасың, бала-шағаң  бар ма? Бар болса, көрсетпейсің бе? Жоқ болса, жоқ демейсің бе?» - деп сұраған ғой. Сонда ол әлгі кісіні қасына ерткен күйі Эльмира қызын балабақшада ұйықтап жатқан жерінен оятып алып, үйіне әкелген. Үшеуі отырып шай ішкен. «Жан жарымды да көрсетемін», - деп телефонмен хабарласқанда Үміті қызметінен сұранып шыға алмаған. Бердияровтың бәйбішесі үйге келгенде Қалағаң кетіп қалған екен.

Ақынның отбасылық жағдайына келетін болсақ, Бердияровтың бәйбішесі - Көкшетаудың көріктісі, Щучинск қаласының маңындағы Көрнекті ауылында дүниеге келген қырғыз қызы Үміт Таласбаева 1934 жылы дүниеге келген. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік педагогикалық университеті) математика факультетін бітірген. Қазақ Ұлттық Ғылым академиясына қарасты математика институтында, В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті), Бас ақпараттық-есептеу орталығында қызмет істеген. Алғашқы күйеуі, филология ғылымының кандидаты Дәкен Шалабековтен 1956 жылы туған Гүлмира есімді қызы бар. Ол Алматыдағы ағылшын тіліне бейімдеп оқытатын №15 орта мектепті бітірген. Алматы шет тілдері институтының (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) түлегі. Ағылшын тілінің маманы. Мәскеудегі екі жылдық білімін жетілдіру курсынан өткен. Біраз уақыт «Отырар» қонақ үйіне шетелдік туристерге аудармашы ретінде қызмет көрсеткен. Тәуелсіздік жылдары тоғыз үміткер қатысқан шығармашылық конкурста жеңімпаз атанған. Сөйтіп, төрткүл әлемге хабар тарататын ағылшындық атақты «Би-Би-Си» радиосында 14 жыл еңбек еткен. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясында да қызмет істеген. Бүгінде Астанада тұрады. Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшілігінде баспасөз саласының маманы.

Үміт Тоқашты 1955-1956 жылдардан бері біледі екен. 1967 жылы туған түр-түсі ақыннан аумайтын қызы Эльмира Бердиярова сол кездегі астанадағы №39 орта мектепті бітірген. Бұған қоса-қабат музыкалық мектепте де оқыған. Алматы мемлекеттік медицина институтының (қазіргі Санжар Жафарұлы Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті) түлегі. Сол жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде 1985 жылғы қоңыр күзде Келес ауданында өткен әкесінің 60 жасқа толған мерейтойыйына келген. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Кезінде Тоқаштың «Оқ пен гүл» поэмасы Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында (қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық  балалар мен жасөспірімдер театры) сахналаған. Театр режиссері - Райымбек Сейітметов. Оның қаламақысына әкесі қызына «Элегия» деп аталатын пианино сыйға тартқан тұғын.

1988 жылы 29 шілдеде таңертең Тоқаш студенттік құрылыс отрядының құрамында Польшаға аттанған қызын теміржол вокзалына шығарып салған екен. Дәл сол күні ол кенеттен бақилық болған. Қазақстан Жазушылар одағында өткен қаралы жиынға қатысқан Эльмираның курстастарының да жанарларында жас үйіріліп тұрған. Қызы сүйікті әкесінің қабіріне тағзым етіп, топырақ сала алмағанына әлі күнге дейін өкінеді.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман Ресей Федерациясының Тверь облысында, ел астанасы - Мәскеуде стоматолог болып істеген. Алматыға келіп, итальяндық фирмада қызмет істеп жүрген кезінде болашақ өмірлік серігі - Лесли Польмен танысқан. Сөйтіп, 1995 жылы тұрмысқа шығып, қайтадан Мәскеуге кеткен. Үйлі-жайлы болған. Кейіннен отбасымен бірге Италияға қоныс аударған.

Сөйтіп, шарап ісі (сомолье) және мейрамхана ісі мамандықтарын меңгеріп шыққан. Қазақстандағы тұңғыш сомолье маманы. Сонымен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасынан Италия Сомолье федерациясының мүшелігіне ең алғаш қабылданған. Есімі Қазақстан рекордтар кітабына енген. Сіздер бұл жайлы мәліметті Алматыдағы Тұран университетінің баспасы 2013 жылы шығарған «Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалық (КИнЭС 2010-2013 жылдар») атты кітаптың 198-бетінен оқи аласыздар. Алған бірқатар атақ, медаль, Дипломдары баршылық. Италияның Милан қаласында өткен Халықаралық ЭКСПО – 2015  көрмесінің кеңесшісі (консультант)  болған. Ол орыс, итальян, ағылшын, француз тілдерінде емін-еркін сөйлейді. Қазақша, итальянша ән салып, би билейді. Сурет салады. Оның 2015 жылы өткен әкесінің 90 жылдық мерейтойында итальян тілінде сөйлеген жұбайының сөзін орысшаға шебер аударғанын көрген көпшілік айрықша сүйсініс білдірген болатын. Ақын әкесін мерей, мақтаныш тұтады. Оның тамаша туындыларының итальян, ағылшын, француз, неміс тілдеріне тәржімаланса екен деп армандайды.

Эльмираның жұбайы - итальяндық жігіт Лесли Поль – Ұлыбританиядағы атақты университтетердің бірін бітірген аса ірі қаржыгер. Алматы мен Мәскеуде қызмет істеген. Қазір туған елінде жасайды. Ата-анасы алыстағы Аргентинада тұрады. 28 жасар Жак ом - Ескендір есімді ұлдары Алматыдағы американдық мектепте тәлім-тәрбие алған. Швейцарияда музыкалық колледжді, Ұлыбританияның астанасы – Лондондағы университтеттердің бірін бизнес саласы бойынша бітірген. Итальян, ағылшын, орыс тілдерін меңгерген. Талантты жас ән шырқаумен қатар бірнеше музыкалық аспапта ойнайды. Оның жай, электронды, сан түрлі жеті-сегіз гитарасы мен дауылпазы (барабан) бар. Үміт апай бүгінде Алматының  Жайлы шағынауданындағы қосқабатты коттедждердің бірінде тұрады.

Тоқаңның тоқалы - Алматы облысының тумасы, 1940 жылы дүниеге келген Клара Құдайбергенова Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін бітірген. Панфилов ауданының орталығы - Жаркент қаласында және Қоңырөлең ауылындағы мектептерде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Сонымен қатар автотранспорт саласында диспетчер болып жұмыс істеген. Екі ұл, төрт қыздың анасы. 1978 жылдан бері Тоқашпен бірге жасаған. 1983 жылы туған қызы Зухра Бердияровадан 16 жасар Жанбота және 14 жасар Ерназар есімді немерелері өсіп келеді. Бүгінде Алматының Райымбек көшесіндегі №167 А үйдің 17 пәтерінде тұрады.

Тоқаш Бердияров аудармашы ретінде Роза Красильщикованың «Бейбітшілік - әлемге!», Алексей Иванович Брагиннің «Терек», «Алатау - Алатоо», Қара құрлықтағы Жасыл шығанақ аралының ақыны Агиналлу Фоксеканың «Үлес» өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Өз кезегінде А.Александровский Тоқаштың «Алатау» өлеңін орыс тіліне аударған. Сонымен қатар К.Ванщенкин, А.Жовтис, И.Законов, А.Скворцов қазақ ақынының өлеңдерін орыс тілінде сөйлеткен.

Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 9 наурыздағы №10 (2136) санында «Ақын Тоқаш Бердияровтың есімін есте қалдыру үшін» деген мақалада:

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің үстіміздегі жылдың 2 ақпанындағы №40 Қаулысы бойынша қазақ кеңес ақыны Тоқаш Бердияровтың есімін есте қалдыру үшін төмендегідей шаралар жүзеге асыратын болды:

- Шымкент (қазіргі Түркістан) облысы Келес ауданы, Ұшқын ауылындағы (ауылдық округіндегі) орта мектепке Тоқаш Бердияровтың есімі беріледі;

- Ұшқын елді мекеніндегі ақын тұрған үйге мемориалдық тақта қойылады;

- «Келес» кеңшарының (Қошқарата ауылдық округі) «Коммуна бөлімшесіндегі (Қошқарата ауылы) көше ақын есімімен аталады, - деп жазылған болатын.

Өкінішке орай, сан түрлі себептермен Тоқаш ақын тұрған Алматыдағы қос үйге да иелік ете алмай отырмыз. Оның екеуі де бөгде адамдарға сатылып кеткен. Бүгінде оның бірі сүрілуге кеткелі тұрған көрінеді. Қолжазбалары қолды болған. Тоқаштың өзі көзі тірісінде жазу мәшинкесіне бастырып, баспаға әзірлеп қойған екі кітап көлеміндегі материалдарын алған Фатима есімді келіншектен ешқандай хабар-ошар жоқ. Үміт Таласбаеваның туысқан сіңлісі - Гүлшахра Бейсембинова Тоқаштың бір дорба мұрасын оның жанында жүрген достарының біріне апарып берген. Қайта-қайта сұратып, жалынып алғанымен ол дүниелер де әлі күнге дейін баспа бетін көрген жоқ. Келес жақта Тоқаштың газет-журналдарда жарияланған, бірақ кітап болып шықпай қалған әдеби-көркем шығармаларын көпшіліктен сұрап, осы жолдардың авторынан алған Жанар (Жанат) Медетова деген оқытушы келіншек те оларды кері қайтармай жүр. Тіпті, өзінің атынан кітап шығарған деген дерек бар. Айта берсек, әңгіме көп. Тек қана келешекте осындай өрескел олқылықтардың бәрі реттеліп, Тоқаштың туындылар топтамасы толыға түссе екен деген ізгі тілегіміз бар.

Қазақтың арқалы ақыны - Тоқаш Бердияровтың мерейтойлары тек Келес ауданында ғана тойланып жүргені тым өкінішті жайт. Ол бір ауданның ғана ақыны емес қой. Елордамыз ажарлы Астана, шырайлы Шымкент, түрленген Түркістан қалаларын айтпай-ақ қоя тұралық. Өзінің жарты ғұмыры өткен Алматыдағы өмірінің соңғы жылдары тұрған үйге әлі күнге дейін мемориалдық ескерткіш тақта қойылмағанын қалай түсінуге болады?! Мұнда майдангер ақынның құрметіне қойылған мектеп, кітапхана, көше атауларын емге таба алмайсыздар. Оның есімін мәңгі есте қалдыру шараларын батыл түрде қолға алуымыз керек деп ойлаймыз. Сайып келгенде, осылардың бәрі қаламгер мен зиялы қауым өкілдерін, түрлі деңгейдегі шенді-шекпенділер мен қалталы кәсіпкерлерді ғана емес, қарапайым жұртшылықты да терең толғандыруы тиіс. Қорыта айтқанда, қазақ халқы барда Тоқаш Бердияровтың есімі мен оның мол мұрасы мәңгі жасай беретініне бек сенімдіміз.

Сол себепті Сіздерден мына төмендегідей іс-шараларды жүзеге асыруға ықпал жасауларыңызды сұранамыз:

1. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында ақынның 100 жылдық мерейтойын кеңінен тойлауды ұйымдастырып, өткізу;

2. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларындағы көше, мектеп, кітапханаларға ақын Тоқаш Бердияровтың есімін беру;

3. Ақынның жарты өмірі өткен Алматы қаласында Тоқаш Бердияровқа ескерткіш орнату. Тым болмаса Түркістан облысының Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты мәдениет үйінің алдында тұрған ескерткішті көшіріп, Оңтүстік астанадағы ақын атындағы көшенің бойына орнату. Ауылдық мәдениет үйіне ақын Тоқаш Бердияровтың есімін беру;

4. Ақын Тоқаш Бердияровтың поэзиялық, прозалық туындаларынан академиялық жинақ шығару;

5. Журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры - Бас редакторы Әбдісаттар Әліп, «Әдебиет әлемі» сериясының Бас редакторы Фатима Қанаева, құрастырушы редакторы Қарлығаш Үсенқұлованың ақын Тоқаш Бердияров жайлы жазған «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты қостомдық естелік, эсселер жинағын шығаруға республика Үкіметі тарапынан арнайы қаржы бөлу;

6. Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан ақиық  ақын Тоқаш Бердияров атындағы Халықаралық әдеби сыйлық тағайындау;

7. Ақын мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция, ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, спорт сайыстарын өткізу.

Әбдісаттар Әліп,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.

Шымкент қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1840
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4652
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3693