Бейсенбі, 9 Қазан 2025
Мәдениет 151 0 пікір 9 Қазан, 2025 сағат 14:02

Шәкәрім. Шындық шырағы

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры 21 қыркүйек күні «Шәкәрім» спектаклінің премьерасын ұсынды. Авторы – Ермек Аманшаев, қойылым режиссері – Асхат Маемиров.

Бүгінгі күннің жас буынынан «Шәкәрім Құдайбердіұлы кім?» деген сауалға мардымды жауап ала алмасымыз анық. Себебі, жаhандану дәуірі көмкерген ақпараттар арасынан тау тұлғаларымыз тұрмақ, адами болмысымызды әрең ажыратып, сүйретіп келе жатырмыз. Ұзақ жылдар кемеңгер тұлға болмысына үңілмеуімізге тарих тақтасы кедергі болғаны да жасырын емес.

Өмір мен өнердің өзіне тән бояуын жоғалтпауға тырысып, жас көрермендеріне Шәкәрім әлемінің есігін ашқан астаналық Музыкалық жас көрермен театры осы бір олқылықтың орнын толтыруға мақсатында жаңа қойылым ұсынды. Драматург Ермек Аманшаевтың «Шәкәрім» драмасын режиссер Асхат Маемиров сахналады. Жаңа буын, жас театр артистерінің енді ғана бес жылға қадам басқанын, қалыптасу емес құрылу кезеңінде екенін ескеріп, кемел ойдың иесі, ойшыл, ағартушы туралы қойылымның қалай боларына екіұдай оймен келгеніміз рас.

Қойылым театрдың этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен, Шәкәрімнің сазды әуендерін әуелеткен хормен бастау алады. Алғашқы сахна әке сүйегін құдық түбінен қазып алуға келген алпыс бір жастағы Ахат Шәкәрімұлы - Асылхан Төлепов мен Қабыштың – Мақсат Қабдеш диалогы.

Экспозициядан кейін әке жоқтауын айтқан Гүллар - Калима Наушабаева мұңлы зардан гөрі, ащы айқайын басымырақ етеді. Дегенмен, Шәкәрімнің сүйегін әкеліп, арулап жерлеу рәсімінде хор орындайтын қыздардың басында орамал, ер азаматтарда тақия болуы сынды детальдерде режиссердің ішкі интеллектісі танылып отырды.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Спектакль ұзақтағы – антрактпен есептегенде үш сағат, қырық бес минут. Кемеңгер тұлға хақында сахналанған қойылымға уақыт шектеуін қойғанымыз жарамас. Дегенмен, ол уақыт мазмұнмен мән тауып, формамен үйлесім таппаса, айтылар ой біртұтастыққа жете алмаса қойылымның уақытын қанша ұзартсақ та діттеген биікке көтеріле алмасымыз анық. Қойылым режиссерінің драматургиялық мәтінді толық игеріп, Шәкәрім болмысы мен философиясына тереңдеуге тырысқанын жоғары бағалауға болады. Бірақ, ішкі қайшылықтары аз, кейіпкерлердің хәл-күйі дәлдікке құрылмағанының салдарынан оқиғалар желісі жүйеленбейді. Мәселен, автор тарихи фактілерді қолданғысы келіп, бірде құжаттамадағы сөздерді қолданса, енді бірде зерттеу мақалаларында жазылған жазбаларды сілтемесіз пьесаның бір бөлшегіне айналдырған. Шығармада осы арқылы Шәкәрімнің шынайы өмір жолына басымдық бергенімен, драма заңдылықтарын ескере қоймаған. Евней Букетовтің Абзал Қарасартовтан жасырын таспаға жазып алған диалогын пьесаға айна қатесіз қосқанымен сахнадағы Абзал мен Евней ол шындық шырағын жаққан бейнелерді кескіндеуде шеберлік танытпады. Екеуі де жас, жасанды, құлықсыз, әрі беріден соң қандай тақырыпта сөз қозғап жатқандарына өздері сене бермейтіндей жалаң кейіпкер болып шықты. Кейіпкерлердің негізгі мақсаты, не үшін шығып жатқандары түсініксіз. Евней Букетов пен Абзал Қарасартов бір ғана диалог арқылы бүтін бір кезеңдегі өз ішімізден шыққан жауыздарды «әшкерелеп» беретін кесек образдар болуы тиіс еді. Бірақ, мәтін жатталғанымен, ол артистер бойына сіңіп үлгермеген. Содан болар, дәл осы кейіпкерлердің айтар ойының соңы жоқ. Айтпақшы, басы да ұғынықты болмаған.

Режиссер Шәкәрімнің шығармашылығы, саяси болыстық қызметі, білім жолы, ғылымға қосқан үлесі мен даналығы сынды барлық қырын ашуға тырысқан. Кемеңгер тұлғаны сомдау үшін іс-әрекет сенімділігі, ым ишарат дәлдігі, айналып келгенде грим мен жарқын үн де аздық етеді. Шәкәрімнің өмірі мен өлеңін зерттеу үшін оның аударма жұмыстарын, сазгерлік, тарихи еңбектерін, шежіресі мен пәлсапалық ойларын танып білуге ұмытылу ләзім. Шәкәрім – Аян Өтепберген бозбала шақ пен жастық албырт кезеңдерін, махаббат пен еркіндікке толы шағын таптаурындылыққа ұрынбай кескіндегісі келді. Ол жаттанды сөзбен емес, еуропалық үлгідегі киінетін, ойлау жүйесі мен білім көкжиегі кең қыр қазағы екеніне көрермендерін сендіріп бақты. Орта жастан бастап сыртқы болмысында ғана емес, әр сөзінде салмақ пайда болатын оның қимыл әрекеті де өзгереді. Саусақтарымен тасбих тартып, ілімі мен ізденісі көп нәрсені ұғындырған ғалым Шәкәрімнің бірте бірте өз биігіне көтеріліп бара жатқанын байқай алдық.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Сонымен қатар, Шәкәрім бар жерде Абай тақырыбы айналып өтпейтінін білдік. Абай Құнанбайұлын сомдаған Асхат Мұсағалиевтың актерлік мүмкіндігі мен талант қарқынына күмән тудырмасақ та, кей тұстарда хәкім тұлғасын, оның қағытпа қалжыңмен жеткізер ойларын әсірелеу арқылы жеткізіп жатты. Ал, пьесаға «Қалқаман Мамыр» поэмасын қосу Шәкәрім шығармашылығын кеңінен танытуды көздегенімен, ол сахнада «қойылым ішіндегі қойылым» ретінде қалып тұр. Яғни, қойылымның кесек бейнелерге құрылған ауыр салмағын одан сайын күделендіріп, көрермендерді негізгі ойдан ажыратып алу қаупін арттырып тұр. Режиссер Шәкәрімнің қаламынан туған дастанды сахнадағы оқиғалармен қабыстырып, өзара байланысын тапқанымен, дәл ол оқиғаның мәні, өзектілігі айқын көрінбеді. Егер, аталмыш поэманы бөлек спектакль ретінде ұсынса жас көрермен театры артистерінің мүмкіндігі жеткілікті екенін аңғардық.

Көпшілік сахна тазалық пен дәлдікке құрылып, синхронды қозғалыстан бөлек драмалық әрекеттің қозғаушы күш болуы тиіс. Би, хор сынды сахналар эстетикалық әдемілікке толы болғанымен, Белгібайдың қызы мен ауыл мұғалімінің соты өтетін көпшілік сахнадағы шу нанымсыз, шашыраңқы. Драмалық оқиғаларға баға беру әлсіз. Артистерде сахналық серіктестерін тыңдау, сезіну кемшін. Әлі де болса, қойылымға техникалық түзетулер керек деген ойға қалдық. Қажет болса, қысқарту керек. Шәкәрім рухын және қарттық кезеңін кескіндеген Оразалы Игіліктің ішкі рухани қоры мол екенін аңғару қиын емес. Оның жан мен тән, өлім мен өмір мәні, адам тағдыры хақындағы терең философиясы көркемдік биікке көтеріле алды.

«Ай былбылым», «Әпитөк», «Анадан жаңа туғанда», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» сынды әндерді хорға лайықтап дайындау және оларды музыкалық театр артистерінің орындауы қойылымның мәнін арттырып, мағынасын тереңдете түсті. Хормейстер Ғалымжан Берекешовтің кәсіби жұмысы мен өлшеусіз еңбегін айтпау бізге сын болмақ. Сол әнде айтылатындай: «Ән өлшеуіш, өлең күміс, қоспаңыз мыс аралас, артық алу не кем салу, қапы қалу жарамас» немесе хәкім Абай айтқандай, сөз арасын бөтен сөзбен былғамай, айналасы жұп-жұмыр дүние шығаруға тырыссақ керек. Ұлт тарихының ашылмаған беттерін парақтап, театр сахнасына алып шыққан режиссердің ерен еңбегі мен жас театрдың батыл қадамы өз көрерменін таба бергей деген тілектеміз.

Бейбіт Әлкеева,

театртанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 766
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9761