«Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл!

ТҰТАС ҚАЗАҚСТАН КЕҢЕСТЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ СЪЕЗІНЕ – БІР ҒАСЫР
«Қазақ жерінің тұтастануы мен «Қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл» атты 15.04.2025 ж. өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасалған баяндама
Қазақстан Кеңестерінің 5-ші съезінен жеті ай бұрын, 1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы Түркістан Федеративтік Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-территориялық межелерге жіктеп-бөлу жайында шешім қабылдаған-ды. Сол төтенше сессияда Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының мүшесі, межелеу науқанына орай осы Средазбюро құрған Территориялық комиссияның мүшесі Сұлтанбек Қожанов: «Қазреспубликаға Түркістанның екі облысын қосу – Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеудің басы болады», – деп мәлімдеген болатын.
Патшалықтың қазақ жерін – қазақтарға уақытша берілген мемлекет меншігі деп жариялағаны, сосын, қазақтың шұрайлы жер-суының бәрін бесінші колоннасы орыс шаруалары мен әскери-билігінің тірегі казактар қауымына тартып әпергені белгілі. Қазаққа жасалған сол әділетсіздікті монархияның құлауы, билікке әдемі ұрандармен большевиктердің келуі түзетер деген үміт туған.
Алайда коммунистердің «жекелеген өлке мен халықтардың мүддесін жалпы Одақ мүддесіне құрбан ету» қажеттігін дәріптейтін пиғылы ондай үміттің өрісін тарылтып тастаған-тұғын. Осы ахуалға байланысты, Бесінші съезде Қазатком төрағасы Сейтқали Меңдешев кеңестік қазақ үкіметінің жергілікті «қазақ халқы жерге орналастырылып болғанша – басқа халықтардың сырттан келіп қоныстануына жол бермеу» жайында шара алғанын хабарлады. Сонымен бірге, Қазақ автономиясы үкіметінің тарапынан орталыққа – РСФСР үкіметіне сол шарадан туындайтын өтініштер білдірілгенін аян етті: көшпенді және жартылай көшпенді халықты жалпымемлекеттік қаржымен, әрі бәріне жаппай учаске кесіп беру ретімен жерге орналастыру керек; осы тәртіппен жерге орналастырылып жатқан қазақ халқына – салық салу, несие беру, құрылыс материалдарымен, ауылшаруашылық құралдарымен жабдықтау істерінде – түрлі жеңілдіктер жасау жөн делінді. Осыларға байланысты Кеңестер съезі алдындағы Киркрайкомның пленумында екінші хатшы Сұлтанбек Қожановтың арнайы баяндамасында айтылған шара – Жер халкоматының он жылдық жоспар жасап жатқаны мәлімделді.
Бұл мәселе – жер-су жайы – Жер жөніндегі халық комиссары Ғалиасқар Әлібековтің баяндамасында жан-жақты талданды. Ол проблеманың тарихи тамырын жүйелеп ашты. Баяндамашы қазақ өлкесінің отарлануында үш басты дәуір болғанын таратып айтып, әсіресе отарлаудың үшінші кезеңі елді қатты күйзелткенін баса көрсетті. Патшалық ішкі Ресейдің жер дағдарысын шешу мақсатымен Қазақстанға лек-легімен переселендер көшін төккен еді. Наркомзем Ғ. Әлібеков: «Переселен толқынының қысымымен қазақ бұқарасы... шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты. Егер өткен ғасырдың 70-ші жылдары бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, переселен қозғалысының артуымен 1914–1915 жылдары бұл цифр 25–26 басқа шейін төмендеді», – деп көрсетті.
5-ші Кеңестер съезі республика құрылғалы бері жүргізілген іс-шаралардың ойдағыдай оң нәтиже бермеуінің себептерін: қазақ жерін сырттан көшіп келіп отарлау жалғасуда; отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі жойылмаған; ең жақсы жерлерді переселендер басып алған; көбіне орталық ең тәуір жерлерді көптен осында тұратын казак-орыс тұрғындарына кесіп беру жағында деп түсіндірді.
Мал шаруашылығы Қазақстанның қатал табиғатына шыдас беріп, пайда табатындай дами алу үшін – жер қатынастарын дұрыс реттеудің маңызы зор болмағын айта келе, комиссар Әлібеков күллі аумақты жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу тәртіптерін баяндады. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатынын түсіндірді. Сосын жерге орналастырудың негізгі міндетін: қожалықтарға экономикалық тұрғыда нығаюына қажет жағдайлар жасау қажеттігін баяндады. Осы орайда орындалуы қажет шаралар съездің қарарларымен заңдастырылды.
Алайда орталық олардың орындалуына түрлі тәсілмен тосқауыл қойып тұрды. ВЦИК-тің Ерекше Комиссиясы Қазақ Республикасындағы жұмысын мүлдем өзінше, Қазақ жер комиссариатының жоспарымен үйлестірмей жүргізді. Наркоматтың халықты жерге орналастыру шараларын біртұтас жоспармен іске асырмақ ниетіне: «Ерекше комиссия тарапынан наразылық көрсетілуде, – деп көрсетті нарком Әлібеков, – ал ондайды орынды деп санауға болмайды». Мәскеулік орталықтың осындай кедергілерін ашып көрсеткен тұңғыш құрылтайда ел мүддесіне жауап беретін арнайы қаулылар, кең көлемді қарарлар қабылданып, қазақтың ұлттық мемлекеттілік үшін күресі кеңестік билік шеңберіндегі шырқау шыңына жеткенін танытқан еді.
Өкінішке қарай, саяси күрестің 5-ші съезден кейінгі оны орындауды көздейтін жаңа кезеңінде барша әрекеттерге тұсау салу, қазақ елінің табиғи ұлттық-мемлекеттік мүддесін Орталық билікке тәуелді ету бағыты пәрменді түрде жүзеге асырыла бастады. Ұлт қайраткерлері, тиісінше олар өткізген тарихи Кеңестер съезінің мазмұны, табиғаты орталыққа ұнаған жоқ, сондықтан да республиканы басқаруға жіберген эмиссары Филипп Голощекиннің қолымен көшпенді малшылыққа съезде көзделген қилы жағдайды жасаудың, қажет жәрдемдер берудің орнына, оқыс жүргізген солақай реформаларымен халықты 30-шы жылдарғы қызыл қырғынға ұшыратты.
Дегенмен орталық пен оның эмиссары Голощекин қазақ жерін ел-жұртымен бір шаңырақ астына жинаған Үлкен Қазақстан Кеңестерінің тұңғыш съезінің тәуелсіз ел мүддесін көздейтін көп шешімінің ішінен бірегей біреуіне қарсы шыға алмады, бірден мойындады. Ол шын мәніндегі тарихи шешім болатын. Қабылдануы Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы, съезд делегаты Сұлтанбек Қожанов есімімен тығыз байланысты сол қаулы өмірге мынандай жолмен келген еді...
Осы Кеңестер съезінің қарарына сай, Ұлт театрының негізін салып, тұңғыш жетекшісі болған Дінмұхамед Әділов ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы 24 желтоқсандағы тергеуде былай деп көрсетті: «...Қожанов, мен, Есполов және Қожықов Табынбаевтың үйінде түстеніп отырғанбыз. Съезд аяқталуға тақалған болатын. Сонда үкіметтің Ақ-Мешіт қаласына көшіп келуін есте қалдыру үшін қаланың атын өзгерту хақында мәселе көтерілді. Қалай атау дұрыс боларын ойластыра бастадық. «Қызыл-Орда» терминін бірінші болып Қожықов ойлап тапты. Одан: Неге? деп сұрадық. Ол ұсынысын былай дәйектеді: бұл – қос атау, ана жақты да, басқа жақты да қанағаттандырады. «Қызыл» – қызыл түсті білдіреді, сондықтан большевиктерге ұнайтын болады, ал «Орда» – ұлттық термин. Сол себепті ана жақтан да, мына жақтан да наразылық тумайды. Мұндай дәлелдермен баршамыз келістік, сонда Қожанов «қаланың аты Қызыл-Орда деп өзгертілетін болады» деді».
Қоғам қайраткері, байырғы мұғалім, ағартушы, тарихшы-ғалым, сол шақтағы кеңес қызметкері Қоңырқожа Қожықов 1931 жылғы 20 қыркүйекте ОГПУ тергеушісіне мынандай көрсету берген: «Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп қайта атау тарихын білемін. Ол былай болып еді: 1925 жылғы Кеңестер съезі кезінде мен, Жандосов, Қожанов және тағы басқалар қазақтардың бірінің үйінде түскі ас ішуге жиналдық. Тамақтанып отырғанда жаңа астананы қалай атау керек деген мәселе көтерілді. Мен оны «Қызыл-Орда» деп атауды ұсындым, мұным бәріне ұнады, содан соң Қожанов осы атауды Кеңестер съезінде ұсынды да, ұсыныс қабыл алынды».
Әділов өзін тергеудің 27 желтоқсандағы жалғасында: «Табынбаев Ембергеннің үйіндегі түстік кезінде Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп өзгертіп атау керек деген қорытындыға келдік. Осыдан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік, – деп көрсетті. – Қожанов төралқаға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, мынандай ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақ-Мешіт қаласының атын Қызыл-Ордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».
Қазақ қайраткерлерінің бейресми басқосуында халқы мен жер-суы біртұтастанған Үлкен Қазақстанның астанасын бұдан былай Ақмешіт емес, Қызылорда деп атау туралы Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысын бірден қолдаған Сұлтанбек Қожанов съезде сонымен бірге әрі оның алдында Әділов көрсеткен тағы бір өте маңызды мәселені көтерген-ді... Бесінші съездің стенографиялық есебіне қарағанда, ол ұсыныстарын шынында да «сценарийден тысқары», бірақ орайын келтіре жария еткен екен. Басқарушы органдарды сайлау мәселесіне көшер алдында, Киргизияның (Қазақияның) барлық еңбекшілеріне үндеу қабылдау үшін, төрағалық етуші оның мәтінін оқиды. Делегаттар үндеуді қызу қол шапалақтап қуаттайды. Осы кезде Қожанов сөз алады да: «Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздар өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, бағзы заманнан қазақ деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады», – дейді. Сосын атаудың қалай өзгергенін шола келіп: «Болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын», – дейді.
Ұсыныс қол шапалақтауға ұласты. Сосын төраға әуелі Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – съездің үндеуін дауысқа салып алды да: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасы деп қайта ат қою», – дей бергенінде жұрт ду ете түсіп, қол соғып жібереді. Төрағалық етуші келесі мәселеге көшіп, Республика орталығын Ақмешітке көшіруге байланысты, Ленин атындағы халық үйін салу шешімінің орындалу барысын хабарлады. Содан соң Қожанов келесі ұсынысын айту үшін тағы да сөз алды.
«Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, – деп бастады ол сөзін. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне қала аты Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз Бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр. Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды ұсынамын.
Қызу қол соғылып, ұсыныс бірауыздан қабылданады...
Іргесі кеңейген Қазақ Республикасы Кеңестерінің Бірінші (кеңестік автономия бой көтергелі бергі рет саны бойынша – Бесінші) съезі Үлкен Қазақстанның астанасына осылай Қызыл Орда деген әсем де айбарлы ат берді. Бұл съездің айрықша маңыздылығы сол – қазақ халқы мен жер-cуының бір шаңырақ астына жиылып тұтастануын, халқымызға өзінің этностық атауының қайтарылуын заңдастырды. Және съезде қазақ қайраткерлері ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің жаңа кезеңін мейлінше белсенділікпен жүргізуге бейіл екенін көрсетті. Бірақ неліктен тоқырап, бәрі кері кетірілді, бұл, әрине, басқа әңгіменің тақырыбы. Біз бүгін шашылған жер-суымызды жиыстырып, тарих сахнасына қазақ атымызбен шыққанымызды жаһанға әйгілеген Ақмешіт-Қызылорда құрылтайының ашылған күніне жүз жыл толғанын қанағаттана атаймыз.
Әдебиет:
Қойшыбаев Б. Ұлт театры шаңырағын көтеруші. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000 ж.; Қойшыбаев Б. Сұлтанбек Қожанов. – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2007 ж.; Қойшыбаев Б. Тоқсан жыл ілгергі тарихи науқан//Тауарих-тамшылар. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2017 ж.; Қойшыбаев Б. Үлкен Қазақстан былай басталды//Тарих және тұлға. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. – Тараз: «Сенім» ЖБО, 2019 ж.; Қойшыбаев Б. Тәуелсіздік тамырлары. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. – Алматы: «ЖШС РПБК «Дәуір», 2022 ж.; Алашорда ісі. 1920–1940. Құжаттар мен материалдар. 1-т., 4-т. – Алматы: ҚР Президентінің Архиві, 2023 ж.; Қойшыбаев Б. Тұтас қазақ елі: ұлттық республика құруға ұмтылу. – Абай.кз (abai.kz ) порталы, 4.02.2025 ж.
Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz