Жұма, 28 Қараша 2025
Әдебиет 113 0 пікір 28 Қараша, 2025 сағат 14:41

Құсқа "айналған" қыз

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

          Эссе

Нұралы оны көптен бері біледі. Бірақ, сырттай ғана. Әуелгіде Жұбандықтың жазғандарына көңілі толып, риза болатын. Дарынды замандасты, аралас-құралас болмаса да, іш тартып, тілектес жүретін кісі аз ба?! Жазушының, әсіресе, өзі туып-өскен өлке, яки көзі қарақты ауыл адамдары туралы әңгімелеріне сүйінуші еді. Тіпті, оның кітаптары «таныстырған» жандардың арасынан, жолдас-жораларын шырамытады.

Қазір олардың көпшілігі жол-жөнекей  жолығып, баратын жерінде көліктен түсіп қалғандай, ұмыт болғалы қашан. Мұның да себеп-салдары жетерлік: қызмет орны немесе мекен-жай ауысады,  айналаңның «оңы мен солын» ажырата бастайсың. Тіпті, жастық шақтағы елемейтін «еркелікті»  енді «мойныңа» шығара алмайсың. Аралас-құраластың қатары сирей бастаған соң, Нұралы өзінің де, олардың да мінез-құлқын  іштей екшейді.

Сөйтіп, оңашада «кімді, қай жерде ренжіттім» деп, ой тұңғиығында  малтығады. Шығармаларды оқу үстінде Жұбандықтың кейіпкерлерінің бірқатарын өзінің де айналасынан тауып, бірде елжірей жымиса, енді бірде жүзін кірбің шалады... Өмірдің әрбір кезеңінің, жыл мезгілдеріндей, өзіндік «мінезі» болады екен. «Сырлас» жазушының «айналасы» тірлік сапарында «тауып», кейін ұмыт болған жандармен қайта табысқандай әсерге бөлейді.

Көңіл «құсы» өткенді шарлап кете береді... Осыған себепкер болған Жұбандықпен жақынырақ танысу үнемі ойында жүретін. Соның орайы, бірақ жуырда келе қоймады. Бұған да «кінәлі»  екеуінің екі қала тұратыны. Ол  – Алматыда, ал өзі болса, Астанада өмір сүріп жатты. Жазушымен танысудың оңтүстік астанаға барғанда ғана сәті түскен. Ұлттық кітапханада өткен  әдеби кештен кейін оған арнайы жолығып, жүзбе-жүз ой бөлісті.

Сол күннен бастап өзара хабарласып тұратын болды. Бірде – бұл, енді бірде ол телефон соғады. Ал, көпшілік бас қосқан жерде ұшырасып жатса, өзара үйіріле қалып, шүйіркелесе кетеді. Бұған да ой-пікірлерінің көбінесе бір жерден шығатыны себеп. Сондай  кездесудің  бірінде  олар адамға сенім мен пендеңнің ала-құла мінезін тілге тиек етіскен. Өздерін толғандыратын жайдың бірқатар жанды мазалайтынын  Нұралы да біледі.

Хакім Абай аманат еткен адамдық қарызы: замандасқа сенім мен өзара сыйластыққа қатысты мазалайтын ойлар баршылық. Айталық, өркениет өрге озған сайын адам табиғатының «тозып» бара жатқаны қалай? Ақша «мойынға мініп», өзеуреген өзімшілдік кеуде соғып, баса көктесе, не дауа?! Ғылым мен техниканың ғажайып  табыстары тұсында адамның жан дүниесінің жадау тартуына ол еріксіз таңданады.

Адамға сенім секілді ізгі қасиеттің қоғамда барған сайын «суала» түскенін көрмеу мүмкін емес. Жүйкені жұқартып, тілді «уылтатын» қыршаңқы «мінез» атойлайды. Тіпті, бауыр басқан қасаң жол-жоралғылар да өкшелеп қалмайды. Неге бұлай?.. Сөйтсе, етектен тартып, аяқтан шалатын, ескірген салт-дәстүрден бас тарту аса қиын көрінеді. Ол түгілі қанға сіңген әдет пен мінез-құлықтан да айнуың оңай емес.

Қасаң салт-дәстүрді «жалаулатқан» қалың «нөпірге», яғни  «асау ағысқа» қарсы жүзу барып тұрған қиямет. Тіпті, қайтыс болған марқұмды бақиға «шығарып салудың» артық дабырасы қаншама!? Бес күндік дүние «қонағын» арулап, «аттандыру» отбасының міндеті. Ал, жақын-жуық көңіл айтып, қол ұшын берсе, құба-құп. Демек, қайта-қайта дастархан жаймай-ақ, марқұмның қырқын бергенде жиналып, еске алу қадір емес пе?!

Жұбандықпен ол жолғы кездесуде, бірақ тірлік түйткілдері  туралы ойларын  өзара кеңірек бөлісуге уақыт тарлық еткен. Өмір-өзеннің ағысы екеуін де ештеңеге қарайлатпай, бейне бір ағаш жаңқасындай, «қақпақылдап», әкете барды. Әйткенмен, адамға деген сенім туралы әңгіме Нұралының көңілінен шықпай-ақ қойған. Себебі,  қабырғасына батқан жайлардың  барша замандас үшін көкейкесті екенін көріп жүр.

Жалпы, адам көңілінің неден суынып, төңірегіне неге теріс айналатынын Нұралы біршама пайымдайды. Бар гәп, адалдық пен әділдіктің құны түсіп, арам пен әбілеттің жылмаң қағуында секілді. Соның салдарынан, тіпті жас ақын-жазушылар да өмірге өгейси қарап, тірліктен түңілгендей «күңіренеді». Мәдениет министрлігінің кітап қолжазбаларын қарайтын сарапшылары қатарына қосылғанында мұның талай куәсі болды.

Сол жолы, ала жаздай, жиырма шақты қолжазбаны оқып шықты. Әдетте, олардың авторлары көрсетілмейді. Бұл талап қаламгердің жеке басына емес, оның шығармасына ғана «шұқшиып», мейлінше әділ болудың амалы. Сондай-ақ, сарапшының да «аты-жөні» құпия» ұсталып, бұл да оған дау-дамай дабырасынан «араша» болады. Осы соңғысына, бірақ күмәні бар. Мұның негізсіз емесін Нұралы, әрине кейінірек біледі.

Сонымен қолжазбаларды оқығаннан кейін, сарапшы шарт бойынша оларды баспаға тапсыруға болатыны, яки болмайтыны жайында пікір жазуы қажет. Жауапты шаруа, оның үстіне уақыт та ырғалып, жырғалуды көтермейді. Қолжазбаларға тесілген оның шырайлы туындыға жаны толқып, шала-шарпысына қабағы түйіледі. Алғашқысына екі жарым-үш бет пікір жазса, кейінгісіне авторды иландыру үшін кеңірек тоқталады.

Жалпы, қолжазбалардың авторлары ашық көрсетілген күнде де «жарықты» қалқалай алмасы өзіне мәлім. Оған жақсы мен жасықты ажырату, әлбетте  қиынға соққан жоқ. Қолындағы шаруаны «дөңгелетіп» әкетіп, жазғандарын соңынан тағы бір ықтияттаған соң, жазбаша пікірлерін дер кезінде жіберді. Тек, бір өкініштісі, кейбір шығармаларда өмірге, адам баласына деген өкпе-реніш бұлты «қоюланып», ұнжырғасы басыла берген.

Қарап отырса, авторлардың бір тобы тіршіліктен түршігіп, мүлде торығады. Ал, екінші біреулері адамға қарағанда иттің адалдығына, қыран құстың алғырлығына, айғыр мен бураның алапат күшіне қызығады. Әсіресе, аса сезімтал сұлулардың айналасына өкпелеп, «аспанға  асығуы» Нұралының жанын жүдетеді. Бұған қоғамда әйел баласын, жайнаған гүлдей, мәпелей білмеу мен «масаң» махаббатты  жазғырады.

Табиғаттың гүлсіз сәні де, мәні де жоқ. Өмірдің қызығын  тағдыр қосқан жанмен бірге бөлісе білу бақытына не жетсін! Әлбетте, нәзік «серіктеріміз» тірліктің қуанышын «үкілеп», қиындығын «күрмеп», ащы-тұщысын бізбен бірге татады... асыл аналарымыз бен ардақты апа-қарындастарымыз, аяулы жарларымыз бен қызғалдақ қыздарымыз. Соған орай мына бір  ақын қыздың қолжазбасынан сарапшының жаны қуанады.

Оның «Тәңірі сипат тіршілік» деген тақырыбынан-ақ поэтикалық асқақ сезім мен ұшқыр шабыт сезіледі. «Жалған» туралы толғаныстары ет пен терінің арасындағы еліккіш әсерден аулақ. Ұйқасын  «үйлестірген» шала-шатпақ пен шынайы дүниені ажырату қиын емес. Алғашқысын міндетің болған соң немесе өтініп сұраған соң, еріксіз оқисың. Ал, жүректен туған мына өлеңдерді ақынның аузына Алла салғандай жадыратады.

Қолжазбаны оқыған сайын Нұралы беймәлім автормен бірге тебіренеді. «Періштенің жанайқайына» құлағын түріп, ел-жұртын дарынды бойжеткенмен бірге «аялап», кешкі сағымға» елжірейді. Қолжазба ұйқас қуып, қазыққа байланғандай, бір орнында шыр айналып, бір «басқан ізін» қайта-қайта шиырлап, қампиған қалың да емес. Өлең-жыр, әсілі ілуде бір болмаса, желідегі су секілді  сауылдап, құйыла бермесе керек.

Өлең, хакім Абай айтқандай, «сырты күміс, іші алтын сөз жақсысы».  Тіршілік тамырымен егіз «тыныстаған» жыр жолдары, амал не, сарапшыны сүйіндіре отырып, еріксіз мұңға батырады.  «Тіршіліктің тәңірі сипатына» аң-таң қалпы толғанған ару «Адам - пенде - арман... Аспан - рух - халық... Алтынжал - жыр - араша» - деп, Нұралы сарапшыны баурап ала тұра, «жалғанның бар уын жұтып,  ажал күтуімен»  құлазытады.

Дегенмен,  ол бейтаныс «әлем аруының» (гүл сезімі соны меңзейді) «тарпаң заманға табынбас» қайсар мінезіне  разы. Ақын қыз төл  туындыларына өзін толғантқан адам өмірін өзек етіпті. Бұлар, шын сезінген жанға тағылымы терең тақырып. Әлбетте, «Нығметтің нұрына малынып, Жеті көк жауһарын жия кеп, Адамзат терісін жамылып / Күн кешу не деген қиямет!.. Тозақтың отына жылынған / Сор жалған, сен де бір ғаріпсің...».

Олай болса, мынау фәниге адам болып келген соң, бақиға да адам қалпыңда аттанудың оңай емесін Нұралы бір кісідей түйсінеді. Өмір – Алланың  ғажайып сыйы мен ғаламат сыны екен. «Мен мөлдірлеу болдым ба екен, білмеймін, Ол кездері болушы еді күн ашық» - деп жабырқаған пәк сезіммен бірге сарапшының да бойы мұздайды. Сол себепті дарынды аялай отырып, оның замандасқа «суынған» күйрек мінезімен келіспек емес.

«Бозмұнарға мұңайып, тамырынан танып, құл-ғұмырдан бас тартуға бейімделген» ақын көңілі көк төріне асығатындай. «Ақбозат мінген арудың» жердегі жалғаннан торыққан күйі  өткенде Жұбандықпен өрбіген әңгімені сарапшының есіне салады. «Жолсыздықтан  күйінген» оның өмірге өкпесі,  әттең,  басылар емес. Алладан «рухы азат  Адам - тағдырды» тілеп, аспан жаққа алаңдап, тіпті құс болып ұшуға «қанаттарын» қомдайды.

Сөз сүлейі сұлудың жабырқау жүзі Нұралының көз алдына  елестеп, «көк аспан мен қара жердің арасында» ағынан жарылған ақынмен бірге жүрегі шаншиды. Терең сырлы өлеңдер бірде шуағына орап, енді бірде жанын сыздатады: «Қара жерді баса алмай, Қара жоннан аса алмай, Қара суды кеше алмай, Қара жолмен көше алмай, Қара ағашты құша алмай, Қара аспанға ұша алмай, Қаралар пірі қолдамай, Қара бір тірлік оңбады-ай...».

Тірліктен жаны түршіккен дарынның «Аспан да ала, жер де ала, Ерлер де ала, ел де ала, Жақын да ала, жат та ала, Ақыл да ала, бақ та ала. Ғұмыр да ала, жыр да ала, Сезім де ала, сыр да ала. Аланың болып дегені, Алалық қаптап келеді...», - деген сөздері, мұз сүңгісіндей, сескентеді: «Есіл де есіл жалған-ды, Есілден көңіл қалған-ды... Есілге жасың тамғанда, Есіркер сені жан бар ма?!...Есіле көшкен жалғанда / Естінің бәрі арманда...».

Ақын қыз, бірақ ешкімнің көңіл-күйін елемей, поэзия аспанында емін-еркін самғайды. Ескі сүрлеуге жоламай, «сұлулықтың суатынан қана ішіп, ұлылықтың мұратына жалғанады». Сондықтан оның «боздап өткен бабалардың бағына мыңжылдықтың үзілмеген арманы» екенімен сарапшы үнсіз келіседі. Автор елі мен жеріне табына отырып «Абызы да, аңызы да өлмеген ертегі елдің» тағдырын  ойша шолады.

Қаһарманмандық шежіресімен «еркіндіктің ерен күйін тербеп», ақын оқырманға ой салады: «Құла түзде қалқа боп көр-кебінге / Жем болғаны аз ба еді желге, күнге?! Мазар – менің тарихым! Ей, адамдар! Тыныштық бер тарихқа өлгенінде!.. Ей, мұсылман, Құдай кешпес тарихты талқандасаң! Зердесізді келсе де зиялы еткің, Жер болмаса, жалғанға сыяр ед кім?! Мазар –  менің тарихым! Қорлар болсаң, Жалған қолы жағаңда қиямет күн!».

Қаламының ұшына қай тақырып оралса да, ол кейбіреу секілді,  бостан-бос «қоңырсып», арзан «жылтыраққа» алданбайды. Еліміздің өткен жолын өнеге тұтып, іргелі пікір түйеді. Жырларынан өлеңді ақын атану үшін жазып жүрмегеніне  сарапшының көзі жетеді. Бір уақ ол, тіпті шын сырымен бөліседі: «Жүректі кеулеп, арнасын салса, амал не, Жазбас ем өлең қолымнан келсе, аға, мен... көп бақыттының бірі болып-ақ қалар ем».

Ақын осылай ағынан жарылады: «усойқы сезім санасымен ұстасып, жанына тыныштық таптырмаса», не шара!? Жыр «тынысына» сарапшы құлағын тосып, тәнті болады: «Тілімдеп жанды, тізерлеп жырдың алдында, Жазбас ем өлең қолымнан келсе, аға, мен! Мұң ғана кешіп, жырға да есік жабар ем, Делқұлы дүние дертіме қайдан табар ем?! Тілемей қосты толағай сынды Тәңірім, Жазбас ем өлең қолымнан келсе, аға, мен».

Өтпелі болған соң ғана «жалған» атанған өмірді өтіріктен қорғауға құлшынған ақын қыз аспан жүзін жырымен «жуады». Әйткенмен, оның, айналасынан көңілі қалып, көкке асығуын Нұралының еш түсінгісі жоқ. Жердегі өмірден жерінген ару аспанда да «құзғынның» барын естен шығарып, құсқа «айналып» бара жатқандай. Сарапшы поэзия қарлығашына «аспанға асықпауын», жыр «қызғалдағын»  солдырып алмауын тіледі.

Бірде шабытты жырдан шаттанып, енді бірде күйрек сезімнен төңірегі бозаң тартқан Нұралының көңілі қоңылтақ. Бұдан соң, басқа қолжазбаны қарауға зауқы жоқ. Кезекті қолжазбаны бір шолып қана шықпақшы еді. Бірақ, авторы көрсетілмесе де, оның кім екені «құпия» болмай қалды. Бұрын жарық көрген бір әңгімесінің соңындағы аты-жөні алынбай кетіпті. Танымал жазушы болған соң, әуелгі райынан тез қайтты.

Жаңа кітаптың оқырман көңілінен шығарына сенімді еді. Алайда, қолжазбаны оқыған сайын қабағы жабыла берді. Оқиғасы нанымды, тілі жатық әріптесінің қалам тартқан оқиғалары әзірге шетінен аянышты. Кейіпкерлердің басындағы тағдыр тауқыметінен сарапшының  төңірегін тұтқан тұман қоюлана түседі. Әйтсе де үмітті еді... «Бесіктой» атты әңгіме сол үміт шоғын үрлеп, жалындатып жіберердей көрінген.

Қателесіпті, тіпті жаңағыдай отбасылық қуаныш үстіндегі уайым шеңгелінің инесі жүрегіне шаншудай қадалды. Жиырма шақты шығарманың, тым құрыса,  бір-екеуінен жанына жұбаныш тауып, көңілінің сергуінен дәмелі болатын. Алайда, «Бесіктойдың» өзі ренішке айналса,  не шара?! Белгілі қаламгердің қолжазбасын «қымтаған» реніш «бұлтын»  той қуанышымен серпіп жібермек болған үміті ақталмады.

Басынан аяғына дейін қайғы мен уайым «буған» кітапты  оқырманға ұсыну, оны «улағанмен» пара-пар емес пе!? Сарапшы, автордың өмірге деген өкпесін жуып-шайып жіберердей жалғыз туындыны таба  алмай,   дағдарды. Өз басы адамгершілігін де қадір тұтатын жазушы өмірге өкпелей келіп, замандасқа деген сенімнен айнығандай, ауладағы   иттің тағдырына қызыққанында, оны  қолдай  алмасын ұқты.

Нұралының, әсіресе оқырман қауымға жаны ашыды. Мынау аумалы-төкпелі, жүйкесі «жұқарған» заманда бал жалап, бақыт «бесігінде» шайқалғандар көп емес. Сондықтан бұл жолы ол авторды «танымаған» бола салуға ұйғарды. Алайда, қолжазбаға кімнің пікір жазғанын жазушы бәрібір біліп алған секілді. Хабарласқанында телефоны жауапсыз қалып, соңғы бір кездесуде өзіне жат адамдай жатырқай қарады.

Әріптесін  сарапшы әбден түсінеді. Басқасын айтпағанда, жарыққа шыққан кітап қаламақыға қарқ қылады. Сыйлас қаламгерді «ренжіткеннен» кейін, жанына таяныш таба алмай, Жұбандыққа хабарласып, болған жайды жайып салды. Жазушы досы өзін қолдап, адамға сенімнен қалып, аң-құстың ерекшелігін ерекше үлгі тұтқан қаламдастар жайындағы ойларын ортаға салды. Пікірлері бір арнада тоғысып, көңілі жайланғандай болды.

Солай, адам баласының өзімшілдігіне бола, өмірге сырт айналып,  саяқ күн кешіп,  замандастан «жасырынбау» абзал. Нұралының ойына теледидардан көрген «Догмен. Человек – стая» деген» фильм оралды. Басты кейіпкердің аты – Даг, яки Даглас. Ит асыраған оны полиция қамауға алады. Бейдауа жан мен психологтың әңгімесі  құлағында жаңғырады: Сұрақ: «Сіздің балаларыңыз бар ма?». Жауап: «Иә, жүз шақты».

Бұдан кейін сәл-пәл үнсіздік орнайды. Сұрақ: «Сіз иттерді айтып отырсыз ғой?». Жауап: «Иә, олар менің балаларым секілді...». Даглас әлі сөйлеп отыр: «Олардың махаббаты мені өлімнен талай аман алып қалды». Сұрақ: «Сонда оларды адамдардан да артық жақсы көресіз бе?». Жауап: - Әлбетте, солай, шәксіз сүйемін. Адамдарды жақынырақ білген сайын «балаларымды» бауырыма тарта түсемін».

Осылай Догмен, яки Даглас өз ойларымен бүкпесіз бөліседі: «Олар құр мақтансыз келбет пен ешкімді қорламайтын күшке ие, жауыздықтан ада, батылдық та соларда. Оларға мен өміріммен қарыздармын... Алайда, олардың бір кемшілігі бар». Сұрақ: «Ол не?». Жауап: «Олар адамдарға еш шүбәсіз сеніп, оңбай алданады. Адамға қарағанда сиыр жақсырақ». Психологтың ойынша, «бұл – бала жастан жауыздықты көп көрген жан».

Догменнің қасіреті де, міне осында. Ол адамдарға деген сенімнен ерте бастан жұрдай болған. Ал, жан-жануарлардың өзіндік ерекшелігі баршаға мәлім. Олар, әсіресе өз «ұяластарын» аянбай қорғайды.  Елең-алаңда жол бойын жағалаған жылқыларды Нұралы да талай көрді. Айғырдың көздері ақшиып, үйірі жолдан әбден өтіп болғанша  жалы күжірейіп тұрады. Қалт кетсең-ақ,  темір көлікке де тура шауып,  тарпып тастауға дайын.

Кейін өзі де жолдан өткенде жан жарын ығына алатын әдет табады. Алайда, адамға сенім – адамдық қарызы, асыл қасиет. Сондықтан «махаббат жоқ, достық болмайды, адалдық бос сөз» деген сөздерге ол әрқашан керең. Адамгершіліктің қадірі, оның дәмін татқандарға ғана аян. Өмір – пендең үшін, шынында да, ғажайып сын әрі ғаламат сын екен.  Олай болса, адам өмірін асқақ жырлай білу аса талғампаздықты қажет ететін қасиетті өнер.

Болат Жүнісбеков жазушы

Abai.kz

0 пікір