Сенбі, 19 Сәуір 2025
Алыстағы бауырым 5465 0 пікір 17 Сәуір, 2025 сағат 12:36

Шеттегі 7 млн қазақтың түбіне жетесіз сарапшылар жетпесін!

Сурет: А.Мұқибектің парақшасынан алынды.

16 сәуір күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Аскарбек Ертаев мырзаның қабылдауында болдым.

Қабылдауда аталған министрліктің Көші-қон комитінің төрағасы Әсет Шонов, оның орынбасары Нұрлан Тәжібаев және этникалық көші-қон бөлімінің басшысы Нұрбол Байсынов та болды.

Жұрт жақсы біледі деп ойлаймын, осыған дейін Асқарбек Маратұлы екеуміздің арамыз онша дұрыс болған жоқ. Мен оны көп сынадым. Әсіресе, «Ата жолы« картасы мен атышулы 20-баптың 5 тармағы туралы менің жазған хаттарыма берген жауаптарына қатысты.

Бүгін сол араздыққа нүкте қойдық.

Ащы айтылған сөздерімді кешіріп қоюды өтіндім.

Себебі, «Ата жолы» картасы туралы айтылған сындарымды Сенат мойындап,  өткен 2024 жылғы 14 қазанда «Ауыт Мұқибек, Сіздің «Ата жолы» картасына қатысты хатыңызды қарастырып, қолданыстағы заң нормаларында «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері бекітілмегенін хабарлаймыз», - деген ресми жауап берді.

Мен жеңдім!

Ал, Алла бұйырса, атқарушы билік пен заң шығарушы орган 20 баптың 5 тармағына байланысты дауда да менен ойсырай жеңіледі. Оған сенімдімін!

Асқарбек Ертаев бауырымыз екеуміз ескі дауды енді осы жерде доғарып, алдағы күндерде бірлесіп жұмыс істеуге, Президентіміздің: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», - деген Ұлы мұратының өз деңгейінде орындалуына күш салуға уәделесіп, қол алыстық.

Кездесу барысында Қазақ көшінің бүгінгі жағдайы мен ертеңгі тағдыры, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру мәселесін одан ары дамыта түсу туралы өз ойларымызды ортаға салдық.

Мен Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарды одан ары жетілдіре түсу үшін өзім дайындап апарған жиырма үснысымды бердім. Әрине, бұл ұсыныстар вице-министрдің, тіпті тұтас министрліктің деңгейінде де бірден қабылдана қалмайды. Оны қабылдау үшін Парламентте қолданыстағы заңдар қайта қаралып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс.

Қазіргі таңда көші-қонға қатысты заң жобасын қайта қарау туралы мәселе күнтәртіпте емес көрінеді. Аяқ астынан қайта қаралып жатса, оған да дайынбыз. Ұсыныстарымыз сол кезде сөзсіз ескеріледі деп сенемін!

Бірақ, министрліктің деңгейінде шешілетін және таяу арада шешілмесе болмайтын бір мәселе бар.

Ол — «Қандас» мәртебесін беру ережесін қайта қарап, оның бұрынғы үш жұмыс күні ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығынан беру тәртібін қалпына келтіру туралы ұсынысымыз.

Бұл туралы министр Светлана Жақыпованың атына жақында арнайы хат жазамыз.

Қысқасы, вице-министр Асқарбек Ертаев мырзамен өткен кездесу өте сәтті әрі көңілді болды.

Асқарбек Маратұлы бұрынғыдай емес, шеттегі қандастардың Атажұртына оралуына, бос қалған ауылдарды қазаққа толтыруға Өзінің ниетті, ынталы екенін жеткізді.

Мен соған дән риза болдым!

Сәттілік тілеймін және көмектесуге де, қолдауға да дайынмын!

***

Осы орайда осы саясатпен тынбай белсенді айналысып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде, Ұлы көштің болашағы туралы өз ойымды да айта кеткенді жөн көрдім.

Шынымды айтсам, Қазақ көшінің алдағы тағдыры мені қатты алаңдатады.

Шекара сыртында қалған алты-жеті миллион қазақтың түбіне өзгелер емес, Президенттің айналасында отырған өзіміздің қазақы қансыз шенеуніксымақтар мен жетесіз сарапшылар жете ме деп қорқамын!

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы көш туралы әу бастағы ұстанымы керемет еді.

Қасекеңнің: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» - деген тарихи сөзі Ұлы көштің Ұлы мұратын айқындап беріп еді.

Өкінішке орай, атқарушы билік пен заң шығарушы орган Қаскеңнің бұл ұстанымына мүлде қарсы анти-қандас саясат жүргізуде.

Басқаны былай қойғанда, соңғы өткен Ұлттық құрылтай мен Үкіметтің кеңейтілген отырысы қарсаңында, тіпті одан бұрын да Ақордаға, Мемлекеттік Кеңесшіге қаншама хаттар жаздық, ұсыныстар бердік, Президенттің аузынан Көші-қон саясаты жайлы бір ауыз сөз айтылған жоқ.

Керісінше: «Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстан заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», деп қандастарына кейісті ескерту жасады.

Әрине, Президентке қандастар туралы, осы сөзді айтқызуға себеп болған Талғар трагедиясы жайлы мүлде теріс, біржақты ақпарат жеткені айдан анық көрініп тұр. Әйтпесе, Қасекең: «Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді» (Үкіметтің кеңейтілген отырысы — 28.01.2025) деген сөзді айтпас еді.

Сондықтан, дана қазағым «Жаман айтпай, жақсы жоқ!» деген, Ұлы көшке мүдлелі қауым, беліңді бекем буып, жақсы мен жаманның бәрне дайын бол!

Менің айтарым — осы!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2036
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4893
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4092