Үндістаннан келетін туристер қатары екі есе артты

Қазақстан Үндістанның туризм нарығындағы негізгі компаниялармен ынтымақтастықты нығайтып, тікелей әуе қатынасын кеңейтуде. Kazakh Tourism және Air Astana компаниялары бұл елдің жетекші туроператорлары үшін арнайы таныстыру турын ұйымдастырды.
Қазақстан Еуразияның туристік картасында өз мәртебесін нығайтып келеді. Өткен жылдың өзінде Үндістаннан келушілер саны екі есеге жуық артып, 78 мыңнан 146 мыңға жетті. Бұл - еліміздің туристік әлеуетін шетелде ілгерілету жұмыстарының нәтижесі.
Үндістандық туроператорлардың Қазақстанға сапары «Мумбай – Алматы» жаңа тікелей әуе бағдарының іске қосылуына орай ұйымдастырылды. Алғашқы рейс оңтүстік астанаға сәтті қонып, қонақтар Алматы қаласы мен Алматы облысының көрнекті жерлерін аралауға аттанды. Бағдарламада «Көктөбе» саябағы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, көрікті «Шарын» шатқалы, бірегей Көлсай мен Қайыңды көлдері және өзге де туристік нысандар қамтылған. Бұл таныстыру сапары Үндістан туроператорларына өңірдің туристік әлеуетін бағалауға және саяхатшыларға ұсынатын бағыттарды кеңейтуге жол ашады.
Үндістанның ең ірі мегаполисімен тікелей әуе байланыс аптасына 3 рет орындалады: Мумбайдан ұшақ сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады, ал Алматыдан кері рейстер сәрсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылады.
Атап өткен жөн, 2024 жылы Kazakh Tourism Мумбай қаласында қазақстандық және үндістандық туроператорлар арасында ынтымақтастықты дамыту мақсатында B2B кездесулер өткізді.
Kazakh Tourism баспасөз қызметі
Abai.kz