Ашылмай келген текетірес тарихы

(Абай мен Шәкәрімнің диалогы жайында)
1931 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы атылды. «Халық жауы», «бандит» деген жолсыз жалаға ұшыраған ғұламаны танып-білуге қара құлып салынды. Өмірбаянының көлеңкелі тұстары көп болуы содан. Мысалға ағасы Абайға ә дегенненерген сияқтанады. Шындығы олай емес. Ұстазын толық мойындап, оған шәкірт болуға серт бергені жасы отызға толғандағы – 1889 жылы болған оқиға. Әуелде екі ақын арасында үлкен келіспеушілік һәм бәсекелестік орын алған болатын. Бір ғажабы, ол бүкіл қазақ поэзиясы жаңғыруына септігін тигізді. Осы күрес арқылы соны бағыт анықталды. Төменде мән-мағынасы маңызды текетіресті, басқаша айтқанда, ұлы ақындар диалогын жіті зерттеп-зерделеуге ұйғарған жайымыз бар.
Сонымен, ақындар диалогы қалай, неден басталған? Бұл сауал жауабыШәкәрімнің «Ескі ақындық» атты өлеңінде тұр. Жазылған жылы белгісіз. Бірақ оны 1887 жылғы туынды деп топшылауға толық негіз бар. Ұзақ толғауында:
Ескі ақын бізден әлі артық,
Ол кезде туған бала артық.
Жасымыздан шал артық,
Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық, –
деп ескі ақындықты жанталаса қорғаштайдыШәкәрім. Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей, Марабайларды атап, оларға: «Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландар!» деп жоғары бағасын береді. Жыраулар қай жағынан да жыр ұйқасы, мейлі, жігеріңді тасытар насихаты да бізден озық, демек, солардан үйренейік деп үндеу тастайды.
Расы, бұл ағасы Абайға қарсылығытұғын. Неге? Себебі, 1887-88 ж.ж. Абай жаңа ақындық өкілі болып қалыптасты. Жаңа жол тауып, ескі ақындық «кемшілігін әр жерде-ақ көру» дәрежесіне көтерілді. «Өлең – ел мінезін түзеудің құралы» деген парадигмаға, тың көзқарасқа табан тіреді. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеген» үлкен оқымысты ғалым биігіне шықты. Сол себепті Шәкәрімнің аталған жыры бей-жай қалдырмаған (Ахат ақсақал: «Шәкәрімнің Абай тірі кезінде жазған өлеңдері Абай сынынан өтіп отырған» дейді).
Бұл пайымға басты дәлел – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты туынды. Оның өзегі – жаңа ақындық идеясы. Абай «Ақындары ақылсыз, надан келіп», «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деп ескіні сөгумен шектеліп қалмай,«Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп», «Терең ой, терең ғылым іздемейді» депШәкәрім құраптастарынқабаттап соғады (мұндай ашулы сынға себепкер «Ескі ақындық» өлеңі екені талассыз сияқты).
Жаңа мен ескі таласының басы, міне, осы болды. Келесі 1888 жылғы «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» өлеңінде Абай ақындыққа қойылмақ жаңаша шарт пен талаптарға қайта оралып, оларды тиянақтай түскен. Жастарды өзіне жайлап тартады. «Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы?», «Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді» деген секілді сөздерімен. Негізі, Абайға шекті ақын, өлеңші атанған кісілер, жалпы ақындық өнер абыройлы болмаған. Қазақ бұл өнерді көбіне ойын-сауықпен байланыстыратын. Сондықтан ақылшы аға сөзін: «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ» деп қорытады. Ойлы жас жігіттің бірі де бірегейі – Шәкәрім еді. Алайда ол Марабай, Шортанбай сынды жыраулар жағында. Солардан үлгі алсақ дейді. Не істеу керек? Абайға еріксіз әйгілі Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауды да сын тезіне алуға тура келеді (мұны жыраулар когортасын мұқату емес, асау жастарды жаңа өріске бұрудың амалы деп түсінген жөн).
Сонымен, үш туынды («Ескі ақындық», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»және «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол») сарапқа салынды. Жаңа ақындық – Абай үшін аса мәнді тақырып. Оныекі мәрте өлеңмен бекіткені содан. Иә, ақындық өнер – сыншы, тәрбиеші әрі «үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек» (М. Әуезов). Бірақ жаңа ақындық өзекті тақырып болуының тереңгі себептері де бар.
Ғылым мен өнерді ерттеп мінген Еуропа ойқастап озып, қара үзгенде Азия халықтары қалың ұйқыдатұғын. Прогресс жолынан шет қалып, бірінен соң бірі отарлық қақпанғатопырлады. Абай заманындағы ең ірі проблема осы. Онан шығу жолы қайсы? Жапониядан бастап Түркияға дейінгі елдер ғылымға бет бұрып, оқу-ағарту ісіне реформа жасауға кірісті. Дәлелге Түркиядағы «танзимат» және Ресей мұсылмандарының «жадидизм» қозғалысын атасақ та жеткілікті. Мұны әлемнің даму бағытын қалт жібермей қадағалап отырған дана Абай жақсы білді. Бүкілазиялық жаңару құбылысына қосылған ойшыл қалың елі қазағын ғылым-білімге шақырды, ұлтын ұйқыдан оятты. Бұл – заңдылық. Абайдың ағартушылық қызметін дұрыс бағалау үшін тұтастай панорама керек. Бір фрагментке қараудан аса алмай, біріміз – Абай «орысшыл болған» деп, енді біріміз – Абай мұрасы «империялық жоба» деп лағып жүргеніміз жарамайды, ағайын.
Ақындар диалогына қайта оралып, енді төрт өлеңді қарастырмақпын. Олардың екеуі Абайдікі:«Сегіз аяқ»пен«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»; екеуі Шәкәрімдікі:«Жастық пен кәрілік туралы» және«Жастарға». Бірден айтайық, ақындар тартысы өте нәзік, асқан бүркемелі түрде өткен. Оның болғанын растау үшін жіті тексеріп, мұқият талдамасқа лажымыз жоқ.
Поэтикалық шеберлігі деңгейлес, көлемі мен ұйқасы бір біріне құйылып түсетін қос туынды бар қазақта: бірі – Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңі, бірі – Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» өлеңі. Сыртқы қалыбы қос тамшыдай ұқсас осы екеуінің әуелгісі қайсы? Оған қарапайым оқырман тұра тұрсын, шәкәрімтанушы ғалымдар да бас қатырып жүр. Өйткені, Шәкәрім ақталған жылы жарық көрген «Шәкәрім шығармалары» (Алматы: Жазушы, 1988. - 560 б.) жинағында «Жастық пен кәрілік» өлеңі 1879 жылғы деп таңбаланған. Демек, Шәкәрім аталмыш өлеңін «Сегіз аяқтан» он жыл ерте шығарған боп тұр ғой. Бірақ 1879 деген, әрине, қате дата. «Сегіз аяқ» онан бұрын 1889 жылыжазылғанына кепілдік береміз. Ол – Абай жаңалығы. Бас абайтанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында «Сегіз аяқ» бұрын болмаған ерекше үлгі дейді де: «Өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарады» деп атап көрсетеді.
«Сегіз аяқ» дүниеге бұрын келгеніне қажетті дәлелдер «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (Абай) және «Жастарға» (Шәкәрім) деген екі өлеңде тұнып тұр. Рет-ретімен баяндайық. Абай әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңін дүниеге әкелгенде Шәкәрім тағы да таласқа түседі. Оған дәлел: тұп-тура «Сегіз аяқ» қалыбында «Жастық пен кәрілік» өлеңін жазып, елге жаяды. Текетірес деген, міне, осы. Аға және іні арасы қатты ушыққаны анық. Екі өлеңде ұқсастық сыртқы порымда (шеберлік жағы деңгейлес, көлемдері дәлме-дәл, екі жүз жолдан тұрады) ғана, ал ішкі сыры бойынша олар жер мен көктей алшақ еді.
Құр сөз болмауы үшін екі өлеңнен де мысал алайық.
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды, –
деп қатты шерленеді «Сегіз аяқта» 43 жастағы Абай.
Сынаптай толқып,
Түлкідей жортып,
Кетеді көңіл әр жаққа.
Қырандай қағып,
Алмастай ағып,
Мұратын түгел алмаққа.
Ал 30 жастағы Шәкәрімнің «Жастық және кәрілік туралы» туындысы осындай шумақтарға толы. Бастан-аяқ күлкі мен тоқтыққа бөленген жастық шақсуреттері. Ол аздай кәрілікті жамандап өтеді. Қоғамдық қайғы-зар, әлеуметтік идея атымен жоқ. Ал, «Сегіз аяқ», әрине, «Оян, қазақ!» деген жар салған, нағыз авангардтық туынды. Осы кездерде отарлық қамыттан құтылу, сол үшін ғылым мен өнерге күш салу бүкіл Азия елдерінің ұранына айналғанын жоғарыда айттық. Сондықтан Абайдың күллі ағартушылық поэзиясы осы қозғалысқа ат салысуы һәм ескі мен жаңаның күресі болып табылады.
Ал, Шәкәрімәзірге ескі ақындық қазығына байлаулы. Неге?«Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ» деп Абай айтқандай, Шәкәрім де еркін ауада қайырусыз асаудай өскен адам («Абай жолы» эпопеясында қырық жасқа дейінгі Шәкәрімді өнерлі, бірақ ескішіл пысық атқамінер қылып сомдағанда Мұхаң шындық ауылынан алыс кетпеген). Осы айтылған өр мінезге өзге де себептерді (бақталастық, бәсекелестік, атқамінер ортаның «Абай тым орысшыл!» дегенін құп алу, көршілес ағасы Тәкежанның ықпалы, «Ескі ақындық» өлеңін сынағаны үшін кектену және т.б.) қосыңыз.
Қорыта айтқанда, «Сегіз аяқ» өлеңі әуелгі, ал Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» өлеңі оның ізін ала жазылғандығы даусыз ақиқат. Соңғыны 1879 жылғы деп таңбалау ешқандай сын көтермейді.
Ендігі кезекте Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»деп басталатын әйгілі шығармасына өтейік. Оның дүниеге келуіне себепкер – Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» (екінші аты –«Бозбала пен кәрілік») атты өлеңі. Аталмыш өлең қалың елім, қазағым деп дөңбекшіп, түн ұйқысын төрт бөліп жазған «Сегіз аяқты» аяқасты қылғандай болды. Мұны кешіру қиын, әрине. Өлеңі бар, өнерлі інісіне Абайдың көңілі қатты қалғаны хақ.
Өкпе-назға толы өлеңін Абай сабырменен жаймашуақ бастаған. Алайда бұл алдамшы көрініс. Желіп келе жатып, қатқыл сөзге лоқып тұрып қаласыз. Әуелі «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар» десе, әрі қарайАбай:
Түзу кел, қисық-қыңыр қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей,–
деп қамшысын үйіре түседі. Кімді тектеп, мінеп, сын найзасы ұшын кімге туралап отыр? Ұстаз емеурінін аңдау әсте оңай емес.Шәкәрімнің «Жастарға»атты ұзақ толғауы көмекке келмесе, кім екендігі мәңгі жабулы қалар ма еді, кім білсін. Ондаіні ақын: «Тым туралап айтыпты сұғындырып, Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?»дейді. Сол сияқты «Шиқанымды езгендей шықты жаным, Айтқанда естігендер ұғып келіп» деуімен де ағынан жарылады. Көрдіңіз бе, жаңағы «тасыр», «қисық-қыңыр», «арсыз», «сәнқой», «керім-кербез» деген сөздер тек мағантиесілі депмойындап отыр. Мысалға «Абай жолы» эпопеясында Мұхаң 30 жастағы жігіт Шәкәрімді былайша суреттеген: «Дағдылы қонақтың бірі – қазірде қалың қара сақалды болған Шұбар. ...Шұбар – сәнді киінетін, сыланған кербез. Жаңадан сатып алған алтын сағатының бауы қара желетінің омырауында жарқырай салбырайды» (1889 жылғы оқиғалар арқау етілген «Биікте» тарауы). Абай сыны жігіт Шәкәрімге, әрине, ауыр тиген. Өйткені, ол тіл-жақты, өнерлі деген мадақ сөз бен қолпаштауға еті үйренген,Құнанбай мырзаның ерке немересі еді.
Ауыр тигенін Шәкәрім баласы Ахатқа сыр қып жеткізген. «Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланды», – деген. Солқатты торыққан, күйзеліс хәлінде: «Жеті жастан бастап жазған өлеңдерін өртеп жібергенін» айтқан. Жастық поэзиясы елді өнерге шақыру, ұлт санасын ояту, надандық, зұлымдықпен алысу сияқты Абай қойған талапқа сай келмеген:
Ондағы өлең-жырларым,
Ұнадым жастар тыңдарын.
Ескермей елдің мұңдарын,
Қаси алмадым қотырын.
«Мұтылғанның өмірі»атты өзі туралы жырында осылай дейді.
Абай мен Шәкәрім текетіресі әлі күнге ашылмай келеді. Ескі сүрлеуден шыға алар емеспіз. Мәселен, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшінде» Абайүш ақынды сынаған, олар: мұсылманда атақты сахабаның бірі - Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты деп қисса жазған Көкбай, «Зияда» деген қиссасында «алтын иек сары ала қыз» деп жазған Әріп және «Бозбала мен кәрілік» өлеңінде кәрілікті жамандаған Шәкәрім дейміз. Болды, бітті. Шындығында, өлеңде жалғыз Шәкәрім көзделген. Ал, Көкбай мен Әріпті кірістіру Абайдың інісін бүркемелеу амалы ғана. Сыналған мінезге бұл екеуінің еш қатысы жоқ.
Қарт Шәкәрiмнің баласы Ахатқа: «Абай маған өлеңдi қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектiгiн айтып көп-көп кеңес, ақыл беретiн. Менi Абай тәрбиеледi. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл едi» деуі көп жайды аңғартады. Отыз жасында ең басты ғибратты көңіліне тоқиды.
Қорыта айтқанда, «Жастарға» атты толғауы– Шәкәрімнің Абайдың данышпандығын мойындауының айғағы. Сондай-ақ, «Мен жазбаймын...» өлеңіне берген жауабы әрі бір жыл бойы толассыз жалғасқан текетірестің соңы. Өкінішке қарай, бұл толғау да 1988 жылғы алғашқы жинақта 1879 жылғы делінген, демек, қатені түзету керек. Өлең Абайдың ақындық мектебі қалыптасуымен тұспа-тұс жазылған. «Жалынайық, Абайға, жүр баралық!» деп басталу жайын Тұрағұл естелігінен білеміз. Ол: «Сол жылғы бастығымыз Шәкәрім болып, ақиқат олай емес, былай деп таласып жатушы едік» деп осы 1889 жылдың жазын, ел жайлауға шыққан айларды айтқан. Осы кездерде Абай мектебі қалыптасты, сонан беріде аға ақын мен іні ақын арасындарух туыстығы үзілген емес, тек беки түсті.Атқамінер ортадан алыстап, Абайға баруы, ғылым-білімге құштарлығы оянғаны жайында «Жастарға» өлеңінің ақтық шумағында шәкірт ақын былай дейді:
Байладым белді бекем буайын деп,
Жүректі адалдықпен жуайын деп.
Талпынған мақсат іздеп махрұм қалмас,
Адамдық ғылым жолын қуайын деп.
Шыншыл ақын өз шешіміне:
Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
Іздесе, пендеге жол табылмай ма? –
деп түсінік береді. Шәкәрімнің осы серті серт болды және текетірестің де соңы болып табылады.Өздеріңіз де куәсіздер, жоғарыда екі ақынның жиыны жеті өлеңі («Ескі ақындық», «Өлең – сөздің патшасы...», «Біреудің кісісі өлсе...», «Сегіз аяқ», «Жастық пен кәрілік», «Мен жазбаймын өлеңді...» және «Жастарға») талқыға салынды. Жетеуі де текетірестің куәсі.
Сөз болған ақындар диалогы мәдениетіміз тарихының елеулі оқиғасы. Ол қазақ поэзиясы дұрыс бағытын табуына зор ықпал етті. Осы заман ой еркіндігімен ерекшеленеді. Десек те, Абай мен Шәкәрім диалогы жабық, ашылмай қалып отыр. Мұны кешегі кеңестік стереотип сеңдері бұзылмай тұрғаны демеске лажымыз жоқ. Қазіргі күнгі Абай, Шәкәрім мұрасына деген селқостық пен немқұрайдылық, шыны керек, көңіл құлазытады.
Асан Омаров,
абайтанушы
Abai.kz