Ультраоңшыл үгіттің уы мен уыты

Әлемдік саясат оңшылдыққа, соның ішінде, ультраоңшылдыққа қарай ойысып бара жатқаны туралы бұған дейін де жазған едік. Ол үрдістің себеп-салдарына біраз тоқталғанбыз да.
Енді, міне өркениеттік өзектігі бар сол тақырыпқа қайта оралуға мәжбүрміз. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын оңшылдық әлемдік саяси алаңға енді ғана қадам басса, бүгінде оның төріне қарай адымдап келеді.
Қараңыз: оңшыл идеология туын желбіреткен партиялар Венгрия, Финляндия мен Италияда билік басына келді, Португалия мен Нидерландтардағы сайлауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Өткен жылы Еуропарламент сайлауында оңшылдар бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, ЕП-дағы орынның төрттен бірін иеленді. Олардың Германия мен Франция секілді алпауыт елдерде саяси реванш алуы бұл тенденцияға ерекше салмақ пен сипат беріп отыр.
Міне, кеше ғана Румыниядағы президенттік сайлауда әсіре оңшыл кандидат Джордже Симион зор басымдыққа ие боп, екінші турға оп-оңай өте салды.
Әрине, мұндай өзгерістердің басты себептері о бастан анық: ол дүниежүзілік деңгейде солшыл идеологияның идеялық тоқырауы.
Оған қоса, дәстүрлі, үйреншікті, соның ішінде сол елдерде ондаған жылдар бойына билік еткен саяси истеблешменттің «ақырын жүріп, анық бас» қағидаты мен содан туындаған жайбасарлығы күн сайын өзгеріп жатқан болмыс соңынан ілесе алмай жатқандай.
Жалпы алғанда, адамзаттың даму кезеңінде ұзақ уақыт билік еткен идеология не ережелерден шаршау деген де болады. Табиғат та, қоғам да, жеке адам да жаңаруды қажет ететіні сияқты, саясаттағы әртүрлі тенденциялар да (оңшыл, солшыл, центристік және тағы басқа) түлеп, өз заманы мен қоғамның сұраныстарына сай болуға икемделеді, әйтпесе, ондай икемсіз ұстанымдар тарих қоқысына айналып кетуі әбден мүмкін.
Осы философиялық пайыммен тақырыпты жылы жауып қоюға болар еді.
Алайда, Қазақстан әлемдік саясаттың бір қатысушысы ретінде ғаламдық сипат алған бұл тенденциядан тыс тұра алмайды.
Оның, кем дегенде, екі себебі бар.
Біріншіден, аталған мемлекеттердің көбімен Қазақстанның тікелей қарым-қатынасы бар. Ол байланыстар әртүрлі саланы қамтиды: экономика, сауда-саттық, геосаясат, гуманитарлық ынтымақтастық дегендей. Сол себепті ол елдермен өзара қимыл-әрекет етіп, уағдаластықтар мен келісім-шарттар жасағанда ондағы ел басында отырған саяси күштердің идеологиялық ерекшеліктері ескерілетіні түсінікті. Басқасын айтпағанда, әлемде боп жатқан алуан-түрлі, екіұдай сипаты бар, дүдәмал да қарама-қайшылыққа толы оқиғаларға қатысты баға беруімізге де ол елдердің басшылары жіті қарауы мүмкін және де сол баға екі ел арасындағы қарым-қатынасқа өз әсерін тигізері хақ.
Ультраоңшылдардың мигранттарға қарсы теріс ұстанымы белгілі. Қазақтар, соның ішінде, жастарымыз, болса, жаһандану үрдісінің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, нан тауып жүр. Олай болса, сол ағайынның да басына бұлт үйірілуі мүмкін екенін ескеруіміз керек.
Екіншіден, геосаясатта да сынықтан басқаның бәрі жұғуы мүмкін.Әңгіме, күннен күнге танымал боп бара жатқан оңшыл идеологияның қазақ жеріне орнығуы мүмкіндігінде болып отыр. Әрине, бүгінгі билік сөз жүзінде идеологиялық алуан-түрлілікке оң көзқарас танытқанымен, іс жүзінде бізде бір ғана – билік ұстанған идеология үстемдік етуде. Алайда, бүгінгі заманда бар нәрсе ресми құжаттармен не ұстанымдармен, не айтатыны бесенеден белгілі топтар қатысқан жиындармен анықталмайды. Сол себепті басқа елдердегі (мәселен, мәдениеттегі, тұрмыстағы, мода мен моральдағы) оң да теріс әдеттер мен үрдістер секілді саяси идеологияда да белгілі бір тұғырнамалар да технологиялар мен коммуникация мүмкіндіктері арқылы біздің елге де жетіп жатыр.
Оның үстіне, бізде де солшылдық идеологияның дағдарысы орын алуда: мәселен, мемлекет экономикада кландар мен олигархтарға либералдық жол ашса да, шағын және орта бизнеске ондай мүмкіндік беріп отырған жоқ, бюджеттің тапшылығы жағдайында әлеуметтік саясат та екі аяғынан ақсап тұр.
Ультраоңшылдықпен радикализм мен популизм секілді аса қауіпті сырқаттар қатар жүретінін ескерген абзал. Германияның Конституцияны қорғау жөніндегі федералдық агенттігі оңшыл «Германия үшін балама» партиясын экстремистік ұйым деп тануының өзі не тұрады?!
Бізге келсек, шетелдік қоғамдық ой-санада болып жатқан орасан зор өзгерістер бүгінде қоғамымызда орнығып жатқан көптеген теріс тенденциялардың қолтығын су бүркіп, солардың катализаторы боп жатқанын ешкімнен де жасыра алмаймыз. Ондай пиғылдар мен нақты қимыл-әрекеттер ертеңгі күні еліміздің түпкілікті де түбегейлі құндылықтарына өз салқынын тигізіп, Тәуелсіздігімізге, мемлекетттігімізге қауіп төндіріп жатса ше?!
Міне, осындай күрделі катаклизмдерге біздің қоғам, біздің билік дайын ба? Әлемдік маңызы бар тенденциялардың оңы мен терісін ажыратып, жұртқа тәптіштеп түсіндіріп, пайдасы мен қауіп-қатерін атап жатқан білікті де белсенді билікті көріп отырған жоқпын.
Бүгінгі билік, менің ойымша, тек қана күнделікті күйбең тіршілікпен, өзінің бастамаларын жарнамалаумен, жоғары жаққа әдемі есеп берумен, азаматтық қоғам қатарында жүрген бірен-саран сыншылармен алысып әлек, бір сөзбен айтсам, ескі Қазақстанның қателіктерін қайталай бастады. Мұның өзі жұрттың Жаңа, Әділетті Қазақстанға деген сенімін арттыра қоймайтынын ашық айтуымыз керек.
Әміржан Қосан
Abai.kz