Алматыда БҰҰ өкілдері жастармен кездесті

«Жастар өзгерістер бастауында: болашақ диалогы»
Тұран университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі өкілдерінің бірі – БҰҰ Бас хатшысының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Фелипе Паульер Алматы қаласының белсенді жастарымен кездесті.
Кездесуге қаламыздың Тұран, Нархоз, AlmaU университеттерінің белсенді жастары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Шараның басты мақсаты – 2024 жылы Болашақ саммитінде қабылданған БҰҰ-ның «Youth 2030» стратегиясы аясында жастардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуына, адам құқықтарын ілгерілетуге, сондай-ақ тұрақты даму, бейбітшілік пен қауіпсіздікке белсенді араласуына ықпал ету.
Тұран университеті қабырғасында өткен бұл іргелі жиынға 200-ден астам жас көшбасшы, студент, дипломат, БАҚ және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
БҰҰ-ның бас офисінен келген арнайы өкіл Фелипе Паульер жастарға қарата былай деді: «Біздің Алматыға келу себебіміз – жастармен, көшбасшылармен бірге жарқын болашақтың архитектурасын талқылау. Жастар – бұл тек болашақ қана емес, бүгінгі күннің де бір бөлігі, олар – инновациялық идеялардың бастамашылары. Сондықтан қала жастарының өкілдерімен жүздесу – біз үшін үлкен мәртебе».
Кездесуде жастар қаламыздағы әлеуметтік жобаларға қатысу, қоғамдық жауапкершілікті сезіну, әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру тақырыптарын кеңінен талқылады.
Кездесуде жастар арасынан ерекше қызығушылық танытылып, цифрлық сауаттылық, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жаһандық жобалардың жүзеге асу ерекшеліктері қызу талқыланды. Жиын барысында жастар жаһандық деңгейде қабылданған шешімдердің жергілікті деңгейде іске асуы мен оның жастарға әсері туралы өз ойларымен бөлісті. Кездесу соңында жастардың әлеуметтік жауапкершілігі, қоғамдағы рөлі мен жаһандық бастамаларды сәтті жүзеге асырудағы мүмкіндіктері бойынша бірлескен хартия қабылданды.
Жобаны ұйымдастырушылардың бірі – Тұран университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Мұхамедьярова Алтынай Төлеуқызының пікірінше, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің бастамасымен жүзеге асырылған бұл мәртебелі шара Алматы жастарының азаматтық белсенділігін арттырып, БҰҰ аясындағы жобаларға белсенді қатысуына жол ашады. Алматы қаласында жастардың белсенділігі мен қоғам өміріне қосып жатқан үлесін ескерсек, болашақта мұндай ауқымды жобалардың жалғасын табатыны сөзсіз.
Бұл кездесудің маңыздылығы — халықаралық институттар мен жастар арасындағы тікелей байланыс орнату арқылы сенімді әріптестік құру. Мұндай диалог алаңдары жастардың ғаламдық мәселелерге қатысты таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың нақты шешімдер ұсыну қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар, бұл тәжірибе болашақ көшбасшыларды қалыптастыруда және оларды жаһандық басқару жүйесіне жұмылдыруда үлкен рөл атқарады.
Нұрболат Нышанбаев
Abai.kz