Дәлелқан Сүгірбаев
Дәлелхан генарал туралы қоғам екіге бөлініп пікір қозғайды. Әрине адам өмірі бір түзу сызықпен жүрмейді, бұраңдылықтарды бастан кешу арқылы өз мақсатына жетеді, Дәлелхан өмір сүрген дәуір алмағайып кезеңдер еді, сондықтан санада алмағайып болатын жөні бар, әйтседе Дәлелханда жалғыз арман, мақсат болды, ол елін қандай жолмен есе, теңдікке жеткізу, туып өскен ортасын тыныш, бай, бақытты ету еді, мұндайда жеңісте, жеңілісте, ұтуда, ұтылуда болады, қалай айтсақта Дәкейді халқының айтулы генералы, ұрпақтың сағына еске алар ардагерлерінің бірі деуге әбден болады....
«Игілік пен ізгілікті қайтсем халқыма арнаймын» деп тірліктерін тынымсыздықпен шегіп жүрген осы шаңырақ әулеттерінде ұлы әкелері Ақтай, Жылқышы, одан кейін өз әкесі Сүгірбай өтсе, ендігі салмақ қаршадай Дәлелқанның өзіне түспесі барма.
1906 жылы Қобданың (сырт Моңғолия) Баян-өлгей ауданында дүние есігін ашқан Дәлелқан ақ ордаларында үнемі болып тұратын жер дауы мен жесір дауының бітімдеріне, елдің ертеңгі тірлігі жөніндегі кеңестеріне құлақ түріп өсіп, сәби санасына ой түйіп жетілсе, ал оқу жасына жеткесін ауыл молдаларының алдын көріп, білім алып, діни сауатымен қоса моңғолша, арапша, тіпті парсыша, орысшаны үйреніп, өз ортасына дарыны мен талантын танытып есейген Дәлелқан бір отбасының ғана емес, бүкіл елінің үмітін арқалаған азамат болып ержетеді.
Дәлелқанның балалық дәуірі Қобда өңірін Шиң хандығы басқаруына алып, бірде Қобданы өз алдында билік жүргізуіне рұхсат етсе, енді бірде Алтай ауданымен қосып басқаратын алмағайып заманда елдің үркін-қорқыны молайып, соғыс оты үдеген шақта өтіп, шекаралары тынышсыз дәуірді көріп өседі. 1911 жылы ішкі Шарроссия әскері Ұланбатырды (Моңғолияның орталығы) басып алып, артынша Алтайға көз тігеді.
1917 жылы Россияда Қазан төңкерісі болып, 1921 жылдары жеңіліске ұшыраған Шарпатшаның қалдық күштері - Бәкеш бастаған он мыңнан астам ақтар армиясы Алтай арқылы Моңғолия жеріне өтіп, ондағы Сүгірбай ауылынан мол жәрдем тілейді. Бұл кезде, яғни 1918 жылы Сүгірбай дүние салып, ел иелілігі ұлы Дөрбітқан болып тұрған еді. Ақтар армиясының қара ниет, қаныпезерлігін көрген және олардың мақсатын түсінген Дөрбітқан оларға жәрдем беруден бас тартып, Совет большевиктерінің шекара қорғаныс орнына хабар жібереді, бұны сезген ақтар табанда Дөрбітқанды атып өлтіріп, мал-мүлкін талан-таражға салады. Осы қырғыннан қашып құтылған бала Дәлелқан ел басына төнген ауырлықты өз міндетіне алады да, Совет шекара қорғанысына барады және қызылдар армиясына ақтарды жоюға жәрдемдесіп, ағасы Дөрбітқанның кегін алады. Міне, осыдан бастап Дәлелхан Совет большевиктерінің ықпалында болып, олардың теңдессіз құдіретіне бас иіп өтеді және өзінің азаматтық жолын таңдайды.
Моңғолияның азат болуына және бірінші құрылтайға қатысқан Дәлелхан елдің азаттығы, ұлттардың берекесі жөнінде сөз сөйлеген дейтін деректерді де естідік.
Жасынан ыстық-суыққа пісіп-жетіліп өскен, өзіндік көзқарасы айқын қалыптасқан Дәлелқан ақылына қайраты сай болып ержеткендіктен, елінің назарына бірден ілінеді де ел бастар көсем серкеге айналады.
Дәлелқан Моңғолия жерінде тұрған кезінде ата жұрты Алтайға кетуді көксейді, сондықтан 1930 жылдары алғаш отбасын Алтайға жөнелтіп, көп ұзамай өзі де оралады. Мұнда келгесін Дәлелхан қаншама халықты соңынан ерте жүріп, ел ішіндегі саяси өзгерістерге құлақ түреді.
1933 жылы 8-айда Шыңжандағы «12-сәуір» өзгерісімен Шыңжанның дубаны (жеке билеушісі) Шыңшысай «Совет үкіметімен ынтымақтасу» сынды алты ұранды көтеріп, халық көңілінен шығатын саясаттарды жолға қойса, Чиңхай, Гәнсу өңіріндегі дүңген консулының Алтайға топ-топ әскер жіберуі арқылы «Мұсылман мемлекетін құруға» келген Мәмиң бастаған дүңген сарбаздары ел арасын былықтыра бастайды.
Дәлелқан Шыңшысайдың «алты ұранын» барынша қолдап, Алтайдағы Шәріпқанның төңірегіне топтасып, көздегені басқа Мәмиң тобын бұл ортадан қуып шығу соғысына белсене қатынасады, атамекенін жат жұрттықтарға бермеу жолындағы майдан берік болды.
Шыңшысайдың «Совет одағымен ынтымақтасу, жиынгерлікке қарсы тұру» ұранының арқасында ішкі Қытайдан көптеген коммунистер мен демократтар Алтайға енеді. Дәлелқан солардың ықпалында қалады. 1937 жылғы Алтайдағы «жиынгерлікке қарсы тұру ұйымы» бесінші бөлімшесінің белді мүшесі болады, жапонға қарсы соғысқа халықты ұйымдастырып, қыруар жәрдем көрсетеді. Осылайша көптің көзіне түскен Дәлелқан 1939 жылы 9-айда Үрімжіде ашылған моңғол, қазақ, қырғыз ұш ұлт үәкілдері бас қосқан құрылтайға шақырылады, міне, бұл кезде Шыңшысай «Совет одағымен ынтымақтасу» дегеннен бәз кешіп, ішкі Қытайдан енген коммунистерді қырғындау, қызылдардың ықпалында болған адамдарды тұтқындау сияқты саяси өзгерістер тұғызады.
Дәлелхан осы жолы, яғни 1939 жылы Үрімжіге келіп, денсаулық мекемесіне жауапты қызметке алынады. Гәнсу, Шаңхайға ауған қазақтарды ата жұртына қайтуға үгітші болады, осы жылы 9-айда Шыңжан дубан мекемесінің ақылшысы Жужынжиң бас болған «тексеру комиссиясымен» бірге Алтайға келіп, малшылардың қолындағы мылтықтарды жинау қимылына қатынасады.
1940 жылы орынсыз қоқай көрсетіп, жоқ жерден пәтуә тапқан Шыңшысай үкіметінің қылықтарына кектенген Көктоғайдағы Есімхан бастаған малшылар, Шыңшысайдың Көктоғайға қойған әкімі Шұй арлиң бастаған он екі адамның басын алып, малшылар көтерілісін бастайды. Осыдан кейін Алтайда Шыңшысай мен халық арасындағы қиян-кескі соғыс үдеп, ақыры Шыңшысай малшыларға үәкіл жіберіп соғысты тоқтатуды өтінеді, осы үәкілдер ішінде Дәлелқан да бар еді, әрі Алтай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалады.
Ыза-кегі қозған малшылардың көтерілісі толастамады, Шыңшысай үкіметі түрлі саясаттармен ел ағаларын қолға ала бастайды, ендігі кезек өзіне келерін түсінген Дәлелқан Алтайдағы Совет консулының көмегімен жасырын түрде Майқапшағай шекарасынан Совет еліне өтіп, Алматы қаласының іргесіндегі Кигіз өңіріндегі тәрбиелеу мектебіне оқуға түседі.
1943 жылы 7-айда Алтайдағы төңкеріс басшысы Оспан Сіләмұлы Монғолиямен де дипломотиялық байланыс орнатқандығынан Совет үкіметінің жәрдемімен Моңғолия арқылы еліне қайтуға бұйрық алған Дәлелхан ақылшы, кеңесші, телеграфшы деген 11 адам ертіп Оспанға қосылады. Оспанның әскери командирлерінің бірі болып, Алтайды азат ету төңкеріс қолбасшылығына қатынасады. «Халықтың Шыңшысайға қарсы ұйымы», «Алтайдағы қазақ ұлтын көркейту комитеті» деген ұйымдар құрады, оның басшысы Оспан, ал Дәлелқан орынбасары болып төңкеріс бастайды.
Дәлелқан осыдан бастап Алтайды Гоминдаң үкіметінен азат ету жолында қан кешіп, қар жастанып, мұз төсеніп жүріп, бораған оқ астында соғыс жүргізеді, соның нәтижесінде 1945 жылы тұтас Алтайды азат етеді.
1945 жылы 9-айда «Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық үкіметі» төрағасы Әлихан Төре, Ахметжан, Сәйпиден бастаған адамдар Алтайға келіп, мұндағы үкімет құрамын, әскери қосындарды қайта жасап, сұрыптап құруды бұйырады. Оспан Алтайға әлі келіп жетпесе де басшылық сайланып, Әріпбай, Шәмсилер орынбасарлыққа тағайындалады және «Алтай атты әскерлер 3-полкі» құрылып, Дәлелхан полк командирі болып бекітіледі. Бұған Оспан разы болмай, «Шығыс Түркістан» уақыттық үкіметі тарапынан өзіне берілген «Дербестік» ордені және подполковник шенін қабылдамай, өзінің алты жыл бойы қан кешіп соғысқандағы еңбегі еленбей, өр Алтай азаматтарынан бүгінгі күні қақпақылға ұшырап отырғанын алға тартады. Сөйтіп, жеңістіктің нәтижесін жол ортадан қосылғандар мен Советтен келді дегендердің иеленіп кеткеніне наразылық білдіреді.
Міне, осыдан кейін Оспан мен Дәлелқан арасына жік түсіп, ақыры қиян-кескі соғыс жүреді. Дәлелқан өзінің жалпылық мүддеде тұрып, тек бір өңір емес, тұтас елдің азаттығы үшін күреске ынтымақтасу қажеттігін дәріптегенімен, Оспан Дәлелқанды «қызылшылсың» деп кінәлап, енді өзінің Гоминдаң үкіметімен бірігетіндігін ашық айтады. Сондықтан Дәлелхан Совет үкіметінен мол қару-жарақ және әскери күш алып, ақыр соңында Оспанды Алтайдан қуып шығады.
Дәлелқан халқының тұрмысын жақсартып, оқу-ағарту, мәдениетін дамыту жолында барлық күш-қуатын жұмсайды, соғыстан кейінгі зардаптарды азайтып, елді егін салуға ұйымдастырып, мектеп аштырып, бала оқытумен қатар жетім балаларды бағатын жетімханалар салуға шақырады, ең бастысы, жаңа Алтай құруға үндейді. Соның арқасында 1949 жылдың өзінде Алтай аймағы бойынша 60 жерден әр түрлі мектеп ашылса, оның оқытушы, оқушы сандары 7000-ға жетеді, 50-ден астам орта мектеп оқушылары Құлжаға барып, жоғары мектепте оқу арқылы білімін жоғарылатуға аттанады.
Дәлелқан осындай жеңісті еңбек нәтижелеріне дандайсымай, халықты әлі де дамыған дәуірге жеткізуге құлшынады. Алтайдың уәлиі, әскери командирі Дәлелқан 1948 жылы 9-айдың 13-күні «Шыңжанда тыныштық және халықшылдықты қорғау одағының» Алтайдағы бөлімшесінің төрағасы болып бекітіліп, осы жылы үш аймақ үкіметі жағынан бірінші дәрежелі «Азаттық» орденімен марапатталады.
1949 жылы 8-айда Жуңхуа халық республикасының азат болуына байланысты Бейжиңде ашылатын саяси маслихаты жиынына қатысу құрметіне ие болған ол оған аттанар алдында Алтайдағы аудан жауаптыларына атқарылар қызметтерді қадағалай отырып тапсырады да, 8-айдың 19-күні Құлжаға бет алады. Құлжадан Ахметжан, Әбдікәрім, т.б бастаған адамдармен 8-айдың 27-күні ұшаққа отырып Совет одағының Байқал ауданының әуе кеңістігіне жеткенде ұшақ апатқа ұшырайды.
Ұлт азаттығы үшін өзінің тұтас ғұмырын арнаған жауынгер азамат осылайша күтпеген қазаға тап болды. 1950 жылы туған халқы аяулы ұлы Дәлелқанның сүйегін туып өскен топырағы Алтай қаласына әкеліп жерледі.
Дәлелхан туралы Қытай, Орыс, Моңғол деректерінде көп кездеседі, ол өзі өмір сүрген кезінде халықты азаттық, теңдік жолына бастаған көш басшы екендігі жөнінде айтатын дәлелдер тым мол, ол сонау 1921 жылдардың өзінде Моңғолия жеріндегі құрылтайларда төбе көрсетіп содан бері өмірінің соңына дейін ел бастаған көсем серке болды. Шынын айтқанда аты шулы «Шірікши оқиғасы» оның өміріне жағылған қара күйе еді, нәтижеде Лескин деген Совет жерінен келген атаманың бұйрығы екенін біреу білсе, біреу білмес...
Баяхмет Жұмабай
Abai.kz