Алматыда тойы өтсінші Тоқаштың!

Ұсыныс хат
Биыл белгілі қазақ ақыны, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Тоқаш Бердияровтың туғанына 100 жыл толады.
Ол 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекенінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Бес жасынан Ташкенттегі №6, 12, 23 балалар үйлерінде тәрбиеленген. Туған жерге оралғаннан кейін 13 жасынан «Коммуна» жетіжылдық мектебін (қазіргі Зиябек Рүстемов атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектебі) аяқтап үлгермей тұрмыс тауқыметімен шаруашылық жұмыстарына араласқан. Кейіннен Бесқұбыр ауылдық кеңесінің (қазіргі Қошқарата ауылдық әкімдігі) хатшысы қызметін атқарған. 17 жасар бозбала өз еркімен сұрапыл соғысқа аттанып, IV Украина майданынында жаумен шайқасқан. Берлинге дейін барған. Соғыс аяқталғаннан кейін де Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотында қызмет еткен. 1949 жылдың күзінде денсаулығына байланысты әскери қызметтен біржолата босатылған. Ол Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Батылдығы үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқығанмен, оны аяқтай алмаған. Алғашқы өлеңдері өткен ғасырдың елуінші жылдары жарық көрген. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында қызмет істеген. 1962 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан.
Қаламгердің «Шалқы теңіз», «Портрет мира», «Мен өмір сүремін», «Я буду жить», «Утренный луч», «Бейбітшілік көшесі», «Фарида», «Үлкен етік», Тораңғыл», «Жастық кешуі», «Оқ пен гүл», «Солдат сыры», «Дауылдан кейінгі тыныштық», «Бар ондай партия», «Көгілдір ымырт», «Бозторғай», «Күндер, күндер, күндерім», «Раскинься море», «Ескі паравоз», «Дала әуендері», «Жан дала», «Сөнбейтін оттар», «»Көгілдір планета», «Есіктің алды көк терек», «Сумкада не бар?», «Шынар», «Қампиған қапшық», «Жебе мен ракета», «Что в сумке?», «Маңғыстау маған мың арман» атты поэзия және проза жанрындағы отыз шақты кітабы жарық көрген. Көптеген шығармалары орыс, қырғыз, өзбек, неміс тілдеріне аударылған.
Тоқаш Бердияров бақилық болғаннан кейін 2016 жылы осы жолдар авторының, зайыбым Фатима Жоспарқызы Қанаева мен қызым Қарлығаш Үсенқұлованың ұйымдастыруымен «Әдебиет әлемі» сериясымен «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты жинақтың 32 баспа табақтық бірінші кітабы жарық көрген болатын. Биыл аталмыш жинақтың екінші кітабын баспаға дайындап, республика Үкіметі мен әкімдіктер тарапынан көмек күтіп отырған жағдайымыз бар.
Айтулы ақынның бұған дейінгі көзі тірісіндегі 50 және 60 жасқа толған мерейтойлары мен бақилық болғаннан кейінгі 70 және 90 жылдық мерейтойлары туған жері – қазіргі Түркістан облысының Келес ауданының аумағында ғана атап өтілген. Өкінішке орай, 80 жылдық мерейтойы тіптен ескерусіз қалған.
Ғұмырының қырық жылға жуық уақытын Алматыда өткізген, бүкіл шығармаларын сонда жазған айтулы ақын үшін бұдан асқан қасірет болмаса керек. Кешегі кеңестік кезеңде ол алдымен Тайыр Жароков көшесіндегі №199 үйдің 20 пәтерінде жасаған. Өмірінің соңғы жылдары Гоголь көшесіндегі №69 үйдің 15 пәтерінде тұрған. Өкінішке орай, Тоқаш ақын тұрған Алматыдағы қос үйге де иелік ете алмай отырмыз. Екеуі де бөгде адамдарға сатылып кеткен. Бүгінде оның біріншісі сүрілуге кеткен көрінеді. Ал екіншісіне ескерткіш мемориалдық тақта орнатсақ, қанекей!
Ең бастысы – Тоқаш Бердияровтың ғасыр тойын Алматыда республикалық деңгейде барлық сән-салтанатымен өткізу жөнінде ұсыныс жасағымыз келеді. Оның бағдарламасына ақын мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция, ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, спорт сайыстарын өткізуді енгізген жөн. Ақынның жарты ғұмыры өткен Алматыда Тоқаш Бердияровқа ескерткіш орнату мәселесі шешімін тапса екен. Тым болмаса Түркістан облысының Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне қарасты мәдениет үйінің алдында тұрған ескерткішті көшіріп, Оңтүстік астанадағы ақын атындағы көшенің бойына орнатуға болады ғой. Ақын Тоқаш Бердияровтың поэзиялық және прозалық туындыларынан академиялық жинақ шығаратын кезең келді. Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан ақиық ақын Тоқаш Бердияров атындағы Халықаралық әдеби сыйлық тағайындау да уақыт күттірмес тірлік дер едік. Мұндай ізгілікті де игілікті іс-шаралардың бәріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Абайұлы Бектенов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының әкімдері – Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек, Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды, Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков, Нұралхан Оралбайұлы Көшеров сынды мәртебелі мырзалар мен ханымдар белсене атсалысса, құба-құп болар еді. Осы орайда, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының құлағына алтын сырға. Әрине, қаламгер қауымды шығармашылық одақ қолдамағанда кім қолдайды?! Мерейтой - солардікі ғой! Шындап келгенде қазақ өлеңіне өзіндік тың өрнек салған айтулы ақынға қандай сый-құрмет көрсетсек те әбден жарасады ғой, ағайын!
Жетімхана, Соғыс көрген жарқыным,
Мұқашымдай менің-дағы жақыным.
Алматыда тойы өтсінші Тоқаштың,
Бір ғасырда бір-ақ туар ақынның!
Әбдісаттар Әліп,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.
Abai.kz