Алшын Қаракесек пен Арғын Қаракесек – тұтас па?

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған Серікбол Қондыбайдың «Есен-Қазақтар: Маңғыстау – 14 ғасырдағы Кіші Қазақия» атты мақаласына байланысты Ақселеу Сейдімбектің «Алшын Қаракесек пен Арғын Қаракесек – тұтас па?» атты мақасын оқырман талқысына ұсынамыз...
АЛШЫН ҚАРАКЕСЕК ПЕН АРҒЫН ҚАРАКЕСЕК – ТҰТАС ПА?
немесе Ұланақтың сүйегі Маңғыстауда ма?
Қазақтың ауызша тарихы: зерттеу / Ақселеу Сейдімбек. – Астана: Фолиант,2023. – 728 б.
... Орта жүз арғын ішіндегі қаракесек руының қазіргі мекен-тұрағы Есіл өзенінің бас жағындағы алап болғанымен, ертеректегі – қалмақ шапқыншылығы бел алмай тұрған заманда шырқай көшіп, жайлап қайтатын жерлері Тобыл өзенінің бойы болған.
Шежіре деректерінің басым көпшілігі Кіші жүздің ру-тайпаларын таратқанда Алаудың (Алшынның) ұрпағы ретінде Қаракесек пен Қыдырбайды қатар атайды. Қаракесектен әлім бұтағын, Қыдырбайдан – байұлы бұтағын өрбітеді. Одан әрі Қаракесектен (Ұланақ) – Есіл мен Тобыл ұрпағы тарайды.
Шежіре дерегін нақтылы тарихи оқиғалармен шендестіргенде біраз түйткілдің жай-жапсары айқындалады. Ақын-жыраулардың тарихи жыр-толғауларында әрісі алау-алшындардың, берісі әлім-қаракесектердің ата қонысы Үстірт үсті, Айрақты төңірегі, Еділ-Жайық алабы болғаны күмән тудырмайды. Бұл деректі күні бүгінге дейін сақталған этнотопонимдер де орнықтыра түседі.Маңғыстау түбегінде Таушық пен Жыңғылды елді мекендердің аралығында Ұланақ деген жер бар. Шежіре деректерінде Қаракесек пен Ұланақ қатар атала береді. Сондай-ақ арғын ішінде 26 болыс қаракесекке ұран болған Қарқабаттың күйеуі Мейрамның бейіті де Маңғыстауда жатыр. (С.Қондыбай. Есен-қазақ. – Алматы,2002. 118-бет)
Алтын Орда ыдырағанда, әсіресе Едіге-Тоқтамыс-Темір араларындағы бітіспес арпалыс барысында өзге де іргелі ру-тайпалар сияқты әлім-қаракесектердің де шырқы бұзылған. Осы аласапыранда әлім-қаракесектердің бір тобы Сарыарқа,Торғай,Есіл,Тобыл атырабына қарай бөліне көшсе, екінші тобы Сыр бойына, Қызылқұм алабына ығысқан. Қаракесек-Ұланақтан өрбіген аталардың Есіл, Тобыл (Табыл) деп аталуының да, сондай-ақ әлім-қаракесектен шыққан Сейтқұл, Жалаңтөс сияқты тарихи тұлғалардың ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда Самарқан, Бұқара төңірегінен төбе көрсетуінің де сыр-себебі осында болса керек.
Кейін Қазақ хандығы еңсе көтеріп, ру-тайпалық жүйе жаңаша жіктеле бастаған кезде Сарыарқа қаракесектері этникалық субстрат ретінде арғын тайпасының құрамына кіріп, еншілес атаға айналған деудің қисыны бар. Мұндай ойдың жосығын шежіре дерегі де орнықтыра түседі. Арғын ішіндегі Мейрамнан өрбіген Қуандық,Сүйіндік,Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы сияқты іргелі руға айналған аталардың бәрінің шешелері Кіші жүз алшынның қыздары болуы тарихи шындықтың шежірелік аңызға айналған көрінісі деп білеміз. (М.Ж.Көпейұлы.Қазақ шежіресі. – Алматы, 1993.15-16 беттер).
Сөз орайында, қазақ халқының түпкі шежірелік деректерінде Қаракесектің (Болатқожаның) жеңгелей алған әйелінен Шұбыртпалы мен Шекті туады. Бұл деректе де Шұбыртпалы мен Шектінің нағашы жұрты алшындар, яғни шешелері алшынның қызы. Этникалық кірігу барысында Орта жүз шектілері бертін келе іргелі ру-тайпалар құрамына сіңіп кеткен. Кезінде арғын құрамынан Н.А.Аристов атап көрсететін шектілердің бүгінгі шежірелерде кездеспеуінің сыр-себебі осында. Оның есесіне, әлім-шекті мен арғын-қаракесек таңбаларындағы тектестік сақталып қалған.
Жариялауға ұсынған – Серік Ерғали, мәдениеттанушы
Abai.kz