Қазақстан қытайлық инвесторға ірі құрлықтық жобаға құқық берді

Қазақстанда Орталық Азия-Қытай саммиті өту жоспарланғаннан бері әлемдік Бақ Қытай мен Қазақстанның байланысы туралы жарыса жазып жатыр. Соларыдң бірі Upstream ақпараттық сайты.
Аталған ақпарат орталығының жазуынша, 2022 жылдан бері бірнеше рет өткізілген аукциондарда Ustyurt 2 учаскесіне қызығушылық болмаған.
«Қазақстан ірі құрлықтық учаскеге барлау және игеру құқықтарын жекеменшік қытайлық инвесторға берді. Бұл құқықтар ұсынылған тоғыз учаскенің тек төртеуіне ғана иелік етілетін аукцион нәтижесінде рәсімделді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Kazakhstan Dinghua Energy компаниясы Ustyurt 2 учаскесін барлау және игеру құқығын алу үшін 150 миллион теңге (шамамен 297 мың АҚШ доллары) ұсынып, бұл көрсеткіш бастапқыда күтілген сомадан екі есе көп болды. Аталған учаске 5400 шаршы шақырымнан астам аумақты қамтиды және Қазақстанның дәстүрлі мұнайлы өңірлерінің бірі – Маңғыстау облысында, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан».
Айта кетелік, Ustyurt 2 учаскесі 2022 жылдан бері бірнеше аукционда ұсынылғанымен, оның шалғай орналасуына және осы өңірдегі басқа учаскелерде коммерциялық көмірсутек қорларын анықтау барысында кездескен қиындықтарға байланысты инвесторлар тарапынан айтарлықтай қызығушылық болмаған. Бұл аймақ Өзбекстанмен шекаралас мұнай-газ белдеуіне де кіреді.
«Қазақстанның компаниялар тізіміндегі деректерге сүйенсек, Kazakhstan Dinghua Energy 2024 жылдың тамыз айында Астанада тіркелген және оның негізгі қызмет түрі – мұнай мен ілеспе газ өндіру. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – есімі белгісіз жеке тұлға. Компания учаске құқығы үшін 297 мың доллар төлейтін болады, бірақ Энергетика министрлігі белгілеген шарттарға сәйкес, бірінші барлау кезеңінде кем дегенде 15 миллион доллар инвестиция салуы қажет.
Бастапқы кезеңде шамамен 1500 шақырым 2D сейсмикалық деректерді жинау (шамамен 6 миллион доллар) және үш барлау ұңғымасын бұрғылау (шамамен 9 миллион доллар) көзделіп отыр. Аукциондағы ең ірі ұсыныс Алматы Oil Ventures компаниясынан түсіп, ол Zharkent учаскесін 809 миллион теңгеге (шамамен 1,6 миллион доллар) жеңіп алды.
Zharkent учаскесі 2500 шаршы шақырымнан астам аумақты қамтиды және Түрікменстаннан Қытайға Қазақстан арқылы өтетін ірі газ құбырына жақын орналасқан Жетісу мен Алматы облыстарында орналасқан. Energy Monitor сараптамалық тобының дерегінше, Almaty Oil Ventures компаниясы – қазақстандық мұнай саласының инвесторларына тиесілі. Энергетика министрлігі аталмыш компанияның 12 миллион доллар көлемінде инвестиция салып, 2D сейсмикалық деректер жинап, екі барлау ұңғымасын бұрғылауға дайын болуы қажет екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Kokoy және Sarysu учаскелерін тиісінше Taraz Petroleum және Earth Oil & Gas компаниялары жеңіп алды. Бұл компаниялар да Қазақстанда тіркелген және жергілікті кәсіпкерлерге тиесілі. Kokoy учаскесі Жамбыл облысында 1300 шаршы шақырымды қамтиды, ал Sarysu – Қызылорда және Түркістан облыстарында орналасқан және шамамен 2000 шаршы шақырым аумақты алып жатыр.
Бұдан өзге бес учаске бойынша министрлікке алдын ала қызығушылық білдірілгенімен, онлайн аукционға қатысушылар болмаған. Сонымен қатар, 28 мамырда өткен аукцион алдында тағы екі учаске бастапқы қызығушылық болмағандықтан, аукционнан алынып тасталған», - деп жазажы аталған ақпарат агенттігі.
Abai.kz