Жексенбі, 15 Маусым 2025
Шолу 407 0 пікір 14 Маусым, 2025 сағат 15:44

Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы не жазып жатыр?

Сурет: total.kz.

Қазір әлем картасында орын алып жатқан алағай да бұлағай ахуал Орталық Азия елдерін де айналып өтпегені анық. Әсіресе, Ресей Украинаға қарсы соғыс бастаған тұстан бастап, ОА-ға, соның ішінде Орталық Азия драйвері саналатын – Қазақстанға талас қыза түсті.

Әлемдік державалардың Қазақстанға неге көзі түсіп отыр? Бұған бірнеше себеп бар. Әуелі – Қазақстан ОА экономикалық драйвері. Табиғи қазба байлықтар мен инвестиция тарту потенциалы да жоғары мемлекет. Осы мақсатта Түркия, АҚШ, Қытай, Ресей, ЕО, Германия, Франция т.б. алпауыт елдер ОА5+1 форматын белсенді қолдана бастады.  Сөзсіз, Қазақстан табиғи ресурстарға бай және транзиттік потенциалы жоғары аймақ. Сондықтан да Қазақстан бұл мүмкіндіктерді сыртқы саясаттағы тең баллансты сақтау үшін ұтымды пайдалануы керек-ақ. Саяси һәм экономикалық сипатта.

Осы ретте біз соңғы айларда әлемдік БАҚ Қазақстан туралы не жазып жатыр деген сауалға жауап іздедік.

The Economic Times басылымы 5 маусымда ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Үндістандағы форумға қатысуын ерекше назарға алды. Ол Қазақстан үшін Үндістанды «негізгі стратегиялық серіктес» деп атады. Екі ел арасындағы тауар айналымын үш есеге дейін арттыру жоспары жарияланды.

Ал Reuters мәліметінше, БАӘ Қазақстанмен жалпы құны $5 млрд асатын 22 келісімге қол қойды. Бұл энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар салаларын қамтитын ірі инвестициялық ағын.

Сондай-ақ, Вьетнам мен Қазақстан арасындағы серіктестік жаңа деңгейге шығып жатыр. Economic Times бұл серіктестікті «Оңтүстік Азия мен Еуразия арасындағы көпірдің күшеюі» деп сипаттады. 2025 жылғы 30 мамырда өткен Astana International Forum еліміздің жаңа дәуірге қадам басқанын көрсететін тағы бір нақты оқиға болды. Бұл форумда сөз сөйлеген Италия Премьер-министрі Джорджия Мелони Қазақстанды «жаңа Жібек жолының сенімді серіктесі» деп атады. Ол: «Кеше біртұтас блоктар болды, бүгін батыл шешімдердің уақыты. Қазақстан осы кеңістікте өз орны бар ел» деді.

Осылайша, Астана аймақтық шеңберден шығып, жаһандық ойыншыға айналғанын тағы бір дәлелдеді. Форум туралы Euronews, The Hill, Politico сынды беделді басылымдар «жаңа дипломатиялық платформа» деп баға берді.

Ақпараттық кеңістікте де Қазақстан батыл әрі нақты қадамдар жасауда. 19 маусымда қабылданған жаңа медиа заңы аясында онлайн БАҚ тіркеліп, шетелдік журналистер аккредитациядан өтеді.

Сонымен қатар, экстремистік мазмұндарға қарсы нақты шаралар енгізілді. Human Rights Watch, Reporters Without Borders сынды ұйымдар бұл реформаларға назар аударып, кей тұстарын сынға алды. Бірақ Қазақстан үшін ең басты мақсат ел ішіндегі тыныштық пен татулықты сақтау. Себебі халықтың бірлігі сөз еркіндігінен де жоғары тұратын рухани құндылық болып саналады.

Маңызды назар аударылған бағыттардың бірі логистика саласы. Бұл тек жүк тасымалы ғана емес, елдер арасындағы ынтымақтастық пен идея алмасудың өркениеттік көпірі болып табылады. 2024 жылы жүк тасымалы 62% өсті, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш екі еседен асады деп болжануда. Әр пойыз, әр жүк тек тауар ретінде емес, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен серіктестікті жалғайтын маңызды құрал ретінде қарастырылады.

Соңғы бір айда Қазақстанның халықаралық аренадағы келбеті жаңа деңгейге көтерілді. Стратегиялық әріптестермен бекітілген келісімдер, жаһандық форумдарда айтылған оң пікірлер мен медиа саласындағы реформалар елдің бағыт-бағдарын нақтылап, сенімді серіктес ретіндегі рөлін күшейтті. Қазақстан бүгінде аймақтық шеңберден шығып, жаһандық үдерістерге белсенді араласатын мемлекет ретінде танылып келеді. Мұның негізінде ел ішіндегі тұрақтылық пен сыртқы саясаттағы ашық әрі салмақты ұстаным жатыр.

Материал ресми дереккөздер мен халықаралық БАҚ негізінде әзірленді. Қосымша сілтемелер: Financial Times, Reuters, Eurasiamagazine.

Жанар Жұмабекова

Abai.kz

0 пікір