Жұма, 20 Маусым 2025
Жаңалықтар 197 0 пікір 20 Маусым, 2025 сағат 14:00

Қазақстан ЖИ саласында кадр дайындауға кірісті

Сурет: alash.kz сайтынан алынды.

Қазақстан ЖИ саласын дамытуға бағытталған ауқымды бастамаларды қолға алды. Ендігі мақсат алдағы бес жылда 1 миллион азаматты ЖИ құралдарын меңгеруге оқыту. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев BAQ.KZ-тің Youtube каналына берген сұхбатында хабарлады.

Жоба тұрғылықты жері немесе біліміне қарамастан, әрбір қазақстандықтың ЖИ саласындағы мүмкіндігін арттыруды көздейді. Оқыту барысында 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың бизнес өкілі және өзге де сала мамандары қамтылады.

Бастама шеңберінде бірнеше білім беру жобалары іске қосылған.

Tomorrow School– жастар мен студенттерге арналған алғашқы peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект мектебі. Мұнда командалық жұмыс, сыни ойлау, тәжірибелік жобалар басты назарда. Студенттер Python, JavaScript, Golang, Rust сынды тілдерді меңгереді.

TUMO орталығы– 2025 жылдың күзіне жоспарланған тегін инновациялық білім кеңістігі. Бағдарламалау, анимация, 3D-графика, генеративті ЖИ бағытында оқытады. Орталық alem.ai Халықаралық Жасанды интеллект орталығының негізінде ашылады.

AI Qyzmet– мемлекеттік қызметкерлер мен басқарушыларға арналған. ЖИ технологияларын тиімді әрі этикалық тұрғыдан қолдануды үйретеді.

QazCoders– Біріккен Араб Әмірлігімен бірлескен жоба. Бағдарлама Android Kotlin, деректерді талдау, жасанды интеллект, бағдарламалаудың негіздері бойынша оқытуды қамтиды. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ.

AI’preneurs– ЖИ құралдарын кәсіпкерлікке пайдалану арқылы жаңа стартаптар мен өнімдер жасауға бағытталған.

Decentrathon– Қазақстанның барлық өңірін қамтыған ең ірі хакатон.

Былтыр Decentrathon-ға елдің барлық өңірінен 2500-ден астам адам қатысты. Хакатон аясында ондаған технологиялық шешім жасалды. Бұл бір нәрсені дәлелдеді: Қазақстанда талант бар, жігер бар, және цифрлық болашақты өз қолымен құруға деген ұмтылыс бар, - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Жоба аясында халықаралық әріптестік пен онлайн-оқыту жүйесі де жүргізіледі. Яғни шетелдік серіктестермен де белсенді жұмыс жүргізіледі.

Биыл тамыз айында Қытайдың 01. AI компаниясына 20 қазақстандық маманды оқуға жібереміз деп отырмыз. Бұл бағдарлама жасанды интеллект саласындағы әлемдік сарапшылардың бірі — Кай-Фу Лидің қолдауымен іске асырылады, - деді министр.

Яндекс Практикум– қазақ және орыс тілінде "Деректерді талдау және Python" бойынша тегін онлайн-курс.

Lerna платформасы– "ЖИ негіздері: ChatGPT" атты онлайн-курс. Нейрожелілерді қолдану дағдысын үйретеді.

AI People– Telegram-курстар, бейнесабақтар, цифрлық сертификат форматында білім ұсынатын жоба. Оны Blockchain & AI Center бірлесіп іске асырады.

Еске салайық, бұған дейін Президент ЖИ-ді дамытуға ерекше мән береміз деді. Сондай-ақ, болашақта азаюы мүмкін мамандықтар тізімі анықталды. Қазақстанның өз ChatGPT-і болатыны айтылды. Министр 1 млн қазақстандыққа ЖИ қолдануды үйрететіндерін алға тартты.

Осы ретте "Qazcontent" АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек елімізде қазіргі уақытта өте белсенді дамып келе жатқан жасанды интеллектіге қатысты бірқатар сауалға жауап алу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен сұқбаттасқан еді.

Abai.kz

0 пікір