Дүйсенбі, 23 Маусым 2025
46 - сөз 414 0 пікір 23 Маусым, 2025 сағат 13:16

Ұлы той ма, тобырлық сананың көрінісі ме?

Сурет: Turkystan.kz сайтынан алынды

Бұл күндері қазақ қоғамында қазақтың бүгінгі тойы туралы бір-біріне керағар екі түрлі көзқарас бар. Бірі: той — халықтың қазынасы, бүгінгі тоқшылық пен береке-бірліктің, бейбіт тірліктің бейнесі. Қазақтығымыздың белгісі, салт-дәстүріміз, «қазақты ұлан-асыр тойдан айырмасын» деп қарау. Енді бірі: бүгінгі қазақтар тойқұмарлықтың батпағына батты. «Той болса — ой болмайды». Тойымыз тек абырой-атақтың жарысына айналып барады. Той — қазақтың еңсесін көтертпей, адымын аштырмауға айналды. Қазақ кәсіпкерлікпен толық айналыса алмағандықтан, өзін алдау үшін тойқұмарлыққа салынады. Қазақтың салт-санасына тойдан бастап реформа жасау керек. Тойдың санын азайтуымыз, қарапайым етуіміз керек деп қарайды.

Бізге бүгін бір нәрсе анық: Тәуелсіз ел атанғаннан бүгінге дейін қазақ қоғамында тек шоу-бизнес мықты дамыды. Әсіресе, той бизнесі қатты дамыды. Той кәсіпкеріне айналған асаба, әнші, ресторан иелері шетінен бай.

Бүгінгі қазақ эстрадасында орны бөлек үш тұлға бар. Олар: Тоқтар Серіков, Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев. Бұлардың ән айту өресіне айтар жоқ. Бүгінде елу деген ердің жасына келген бұл жұлдыздардың азаматтық ой-пікірі Тәуелсіздік жылдары қалыптасты. Менімен құрдас. Мейрамбек пен Сәкен әншілікті кәсіп қылады. Нәсібін шоу-бизнестен табады. Бұлар — қазақтың ел алдында жүрген азаматтары, «қазақтың Мейрамбегі, Сәкені» деп аталады. Тек Тоқтар ғана басқа кәсіпкерлікпен айналысады.

Жақында осы үшеуінің алды болып, Сәкен Майғазиев келін түсірді. Сәкен «той болады» деп ай бұрын алты алашқа өз аузымен жар салды. Той болды. Қызды шығарып салу салты (ақ кигізге отырғызып, көтеріп шығару), көздің жауын алатын қыз жасауы, тойға келген қауым (екі мың адам шақырылған, сегіз жүз адам келген), қасқа мен жайсаңдар (шоу-бизнестің сорпа бетіне шығар тұлғалардан үш жүз адам), қымбат сыйлықтар, тойды онлайн көру үшін ақшамен тіркелген жеті мың адам болды.

Бұл той — Тәуелсіз Қазақстан тарихында елден ерек той болды. Той — шу болды. Жұрт бұл тойды «биылғы жылдың тойы» деп шулады. Иә, қуаныш. Сәкендей ел-жұрттың сыйлы азаматының қуанышы. Жүздерінен ибалылық пен сыпайылықтың нұры ескен Әділ дейтін бала жігіт пен сүйкімді сұлу баламыз Адинаның қуанышы. Қуанасың. Бірақ мені Сәкеннің «Бұл тойға күллі қазақ көз тігіп отыр» деген сөзі мен Мейрамбектің «Бұл той — ұлы той» деген сөзі терең ойға батырды. Санамды сан сұрақ сілкіледі. Мен бұл аталмыш ұлы той бір отбасының әрекеті емес, бүгінгі қазақ қоғамындағы қоғамдық сананың хал-ахуалын ұғындырып тұрғанын сезіндім. Содан соң санамды сарсаңға салған сұрақтар төңірегінде іздендім.

Бұл тойға бүкіл қазақ көз тіксе, онда бұл тойдан бүкіл қазақ не көрді? Бұл жерде жіпке тізіп, қайталап айтып отырудың қажеті жоқ шығар. Сонда бүкіл қазақтың көз тігетіні осындай сәні мен салтанатын ат көтере алмайтын той болса (бұрынғы алты алашқа жыл бұрын сауын айтып ас берудің немесе алты алаштан адам жинап ұлы той жасаудың жөні бөлек), онда бүгінгі қазақтың ұлт ретінде кім болғаны?

Ұлы той болса, несімен ұлы той деп айтамыз? Мейрамбектің ойындағы ұлы тойдың стандарты — ұлы тұлғалардың (Мейрамбектің сөзі бойынша — «қазақтың бағына біткендер») қатысуымен өтуі керек сияқты. Бұрынғы жылдары Мейрамбек «Жұлдыздар сайысын» ұйымдастырып еді. Мақсаты — жұлдыздардың жұлдызын саралау еді. Ал бұл жолы бұл тойды да «тойдың тойы», «ұлы той» етіп жасап, ұлы тойдың стандартын көрсету секілді.

Сәкен де, Мейрамбек те — қазақтың азаматтық қоғамының ой-пікірін қалыптастыруға ықпал ететін тұлғалар. Капиталистік саяси жүйеде азаматтық қоғам — билікке бірден-бір ықпал етуші күш. Азаматтық қоғамы қалыптасқан Америкаға қараңыз: кеше ғана биліктің көшпенділерді қудалауына қарсы қандай ашық позиция көрсетті.

Біздің қазақ азаматтық қоғамында қазақ болып көз тігетін (тіпті күресетін) өзекті мәселелер жоқ па? Мүмкін, Сәкендер бүгінгі — қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, қазақтың Қазақстанда ұпайы толық болған мезгіл деп ойлауы мүмкін. Жоқ, бүгін — қазақтың тағдыры тарихтың талқысына түскен, ұлт тағдыры шешілетін шешуші кезең. Бұл — «той тойға ұлассын» деп жүретін кезең емес (президент Тоқаевтың 2020 жылғы сұхбатынан). Сондықтан, сол ұлт ретінде тағдыры тербеліп тұрған қазақтың бүгінгі күні күллі қазақ болып көз тігетіні — тек Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құру жолында жұрт болып жұмылып жасаған қам-қарекеті болуға тиіс.

Сәкеннің бұл тойы — қазақтың екі көзін төрт қылған әділеттілікті орнату жолындағы қай жыртыққа жамау болды?

Сәкеннің кісілік мінезіне, әйелінің ибалылығы мен пейіліне сөзім жоқ. Бірақ адамның моральды болуы — санасының қай деңгейде екенін анықтайтын өлшем емес екен. Бүгінгі қазаққа «қазақтың бір жыртығын жамауым керек» дегенді Сәкендер ойламады. Сәкендердің санасында көкейін тескен — тойдан басқа ой жоқ екен. Мүмкін, «әнімізбен қазаққа еңбек етіп келеміз» дер. Бүгін қазаққа әнмен еңбек сіңірудің жолын Димаш Құдайберген көрсетті. Әнші, батыр қазақ деген атымыз бар. Тәуелсіз жас мемлекет ретінде қазақты әлемге таныту қажет. Әнімізбен таныта алмасақ, әншілігімізден не қайыр?

Димаш — әнімен қазақты, Қазақстанды әлемге танытты. Сәкендер сияқты қара халықтың тырбанып жинағанын тойының мәртебесін асырамын деп тонаған жоқ. Әнін той сахнасында емес, әлем сахнасында бағалатып, билет сатып табыс тапты.

Қоғамда тобырлық сана деген ұғым бар. Тобырлық сананың ең басты белгісі — адамдар өздерінен бұрын қалыптасқан дайын ой-санамен, талғамсыз, талдаусыз өмір сүреді. Сыни ойлау болмайды.

«Той — халықтың қазынасы. Той дегенде қу бастан домалайды» — бұл қазақтың бұрыннан келе жатқан той туралы ұстанымдары. Бұл ұстаным бүгінгі XXI ғасырдағы қазақ қоғамына үйлесе ме? Бұған Сәкендер бас қатырып отырған жоқ. Бас қатырмайды. Бұл — олардың санасының тобырлық сана деңгейінде тұрғандығының айғағы.

Бұл той — ұлы той емес. Әсіресе, тойға екі мың адамның шақырылуы, сегіз жүз адамның бір араға бас қосып, алты сағат той тойлауы, жеті мың адамның ақылы онлайн режимде тойды тамашалауы — той қызығына тоймайтын, өзіне емес, өзгенің өміріне қызығумен өмір сүретін, жеке басында сыни ой жоқ адамдардың қазақ қоғамында қаншалықты көп екенін көрсетті. Бұл — бүгінгі қазақ қоғамының тобырлық санада байырқалап тұрғандығын дәлелдеді.

Мүмкін, қоғамдық сананың бұл күйде болуының басты жауапкершілігі Сәкендерде емес, тұтас қазақ қоғамында шығар. Ал Сәкендердің басты қателігі — қоғамды тобырлық сана деңгейінде ұстап тұруға мықтап атсалысқанында.

Бүгінгі қазақ қоғамы авторитарлы билік кезеңінде өмір сүріп отыр. Сондықтан адамдар авторитарлық санамен өмір сүруге бейім. Қазақ қоғамы неге әнші мен асабаны жоғары қояды? Өйткені олар елге оңай танылады. Елге танылу — адамның авторитетінің қаншалықты екенін көрсететін формалды өлшем. Санасын авторитарлық сана билеген адам қай уақытта, қай ортада болсын өзінің кім екенін айтып, мақтануға дайын болады.

Сәкен бұл той арқылы авторитетін көрсетті, мақтанды. Алматыдағы тойда той иесі ретінде сөз алған Сәкен былай деді: «Құдам мұндай сегіз жүз адамның алдында сөйлеп көрмеген, қобалжып тұр», — деді. Құдасының сөз сөйлеудегі тартынуын пайдаланып, тойына қанша адамның келгенін айтып мақтанып алды. Қандай ұлы тұлғалардың келгенін аттарымен атап шықты. Инстаграмда бір аптада жетпіс миллион қаралым жинағанын, жиырма миллионы қазақ болса, қалған елу миллионы кімдер екен деп өзі де таңғалды. Тойға екі мың адам шақырғанын, онлайн таратылымға жеті мың адамның ақылы тіркеліп отырғанын да айтты.

Сәкен — той иесі ретінде тойға келгендерге тек алғыс айтатын сәтте бұларды айтпаса да болар еді. Бірақ Сәкен бұл жерде шыдай алмады — сабырын мақтаншақтығы жеңді.

Бұл тойымыз Жаңа Қазақстанда қазақ қоғамында Сәкен салған ұлы той стандарты мен той өткізу жарысының бастамашысы болды.Тойда: «Осындай той жұғысты болсын» деп тілек айтуда ашық тіленгендермен іштей таңдай қағып, «Бұл тойдан да асырып той жасамасам ба?» деп ойлағандар жоқ деп айта аламыз ба? Менше — жетерлік. Той жасаған жас жігіт: «Болашақта балама бұдан асырып той жасағанда ғана әке үмітін ақтаған болам», — деп ойламады деп қалай айта аламыз?

Той жарысымен қазақ қоғамы қайда барады? Тойды тойға ұластырып, той қызығына тоймайтын, тойына соншама көп адам шақырып, уақытының денін адамдар ара қарым-қатынасқа жұмсайтын адамда өзін дамыту үшін жұмсайтын уақыт, сана болар ма?

Ақымақтың досы көп деген аталы сөз бар. Бүгінгі күні біз «досы көп» деген мәнсіз атақтан саналы түрде бас тартуымыз керек.

Жекенің өзі үшін өмір сүру санасы — қоғамды дамытатын ең негізгі қозғаушы күш.

Бұндай жекешілдік санасы күшті әрбір жеке фокусты өзіне қаратады. Тірліктен басқа бос уақытының денін өзін дамытуға жұмсайды. Той тойлауға уақыты да болмайды.

Біз Сәкендерге: «Елдің азаматысың, ел басына күн туды. Ту көтер, алаңға шық, қазақтың қақысын түгенде, биліктен әділдік сұра», — деп отырғанымыз жоқ.

Қазақстанда тек қана қазақтар ғана бүгінгі нарық заманында жарысып той жасап тозып, кредитке батып барады. Бүгінгі күні қазақтың ұлт ретінде тағдырының бір ұшы — «қазақ бүгін тойды қалай жасау керек?» деген түйінге байланып тұр. Соны Сәкендер де, Сәкен деп, Сәкеннің тойы деп шулаған халық ойлансын деп Сәкендерге, Сәкеннің тойына қадалдық. Әйтпесе, біреудің жеке отбасы қуанышында неміз бар? Той болғанды, тойда ән болғанды кім жақсы көрмейді.

Сәкендерге: «Алдымен бізде ой болсын, сыни ойлау болсын. Ат-атақ үшін шашылмайық, жарыспайық. Қазақ қоғамы ғылым-білім, өнертапқыштың бәсекесіне шындап түсуге қатты зәру.

Тойды — қанша бай, атақты, ел танитын азамат болсақ та — соншама қарапайым өткізейік. Қарапайым болуды қолға алайық. Бұлай жасауларың ұлтымыз үшін жасаған игі тірліктерің болар еді. Осыны түсініңдерші, осылар қолдарыңнан келеді ғой», — деп айтқымыз келеді.

Ал бұлар бұған келіспесе: «Сендер надансыңдар, өздерің надан болып қана қоймай, қалың қара қазақтың ит көзді, түтін танымас болып өмір сүруіне итермеледіңдер. Бүгінгі қара қазақтың бір обалы — сендердің мойындарыңда», — дейміз.

Сәкеннің бұл ұлы тойына қазақ қоғамында сыни ой қалыптаспаса, онда іргелі ел болуымызды елестету қиын.

Сондықтан азаматтық қоғамда қызу пікір-талас болу қажет. Мақаланың ең басты мақсаты — осы.

Соңғы ұсынысым: қоғам қайраткерлері, билік Сәкенге осы ұлы той үшін ашық сөгіс жариялауы қажет.

Немесе Сәкен Майғазиев: «Бүгінгі күні бүкіл қазақ болып көз тігетін нәрсе — отбасының жеке қуанышынан ұлы той жасау емес. Менің бұл тірлігім қате болды», — деп халықтан ашық кешірім сұрауы керек.

Ағыбай Акбар

Abai.kz

0 пікір