eGov арқылы колледжге құжат тапсыру басталды

Биылдан бастап eGov арқылы колледжге құжат тапсыру кезінде енді жатақхана немесе тегін тамақ сұратуға болады.
Бұл туралы ҚР «Ұлттық ақпараттық технологиялар» орталығының баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
Өтініш бір рет қана беріледі, бірақ төрт түрлі мамандықты төрт түрлі оқу орнында таңдауға болады. Қосылатын құжаттар көлемі 5 Мб-тан аспауы тиіс. Мемлекеттік қызмет 3–5 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Еске сала кетейік, колледждерге 9 және 11-сынып негізінде қабылдау:
Жалпы мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 22 тамызға дейін;
Шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 10 тамызға дейін жүргізіледі.
2025/2026 оқу жылында 150 мың талапкерді мемлекеттік грант бойынша қабылдау жоспарлануда.
Abai.kz