Иранның атом талпынысынан туған ой...

Иран билігінің атом қаруына ие болу талпынысы - Израиль мен АҚШ тарабының әскери күшпен килігуінен кейін тоқтағанымен, бүл жолғы Таяу Шығыстағы кезекті қақтығыстың мақсаты мен нәтижесі туралы айтыс-тартыс, қоғамдық пікір толастаған жоқ.
Ақ үй басшысы Трамп пен Иран Сыртқы істер министрлігі Иранның нысанаға алынған атом құрылғыларының күйрегенін айтса, Халықаралық атом энергиясы басқармасы (IAEA) басшысы Рафаэл Гросси Иран билігінің байытылған уранның бір бөлігін құпия орынға жөткеп үлгіргенін, екі-үш айдан кейін мақсаттарына қайта кірісетінін мәлімдеуде.
Оған наразы болған Иран тарабы тегі аргентиналық IAEA басшысын: «Израиль мен АҚШ-тың соққысын айыптамады, өздерінің атом құрылғыларына қатысты мәліметтерді Изариль мен АҚШ тарабына рұқсатсыз берді», - деп халықаралық сотқа берді.
Аталмыш ұйым БҰҰ-ға қарайды делінгенімен, оның артында кім тұрғаны бесенеден белгілі болды. АҚШ билігінің өзге елдердің атом талпынысын дипломитикалық жолмен, экономикалық санкциямен ауыздықтап отыратыны түсінікті. Бір ойыншы шықса, оған бәсекелес тағы ойыншыны астыртын жебейді.
200З жылы қырып-жойғыш қару жасауға қажетті шикізаттарын өз еркімен Буш билігіне тапсырған Каддафидың арада жылдар салып қорлықпен өлгенін Иран билігі жақсы түсініп отыр.
Ақ үйдің Иранды ауыздықтау үшін, Сауд Арабиясы билігінің уран байытуына көмектесу жоспарлары болған екен. ХАМАС пен Израиль арасында қақтығыс туындауына байланысты ол жоспары кейінге шегеріліпті. Солтүстік Кореяны тізгіндеу үшін Жапония мен Оңтүстік Кореяға ядролық оқтұмсықтарын орналастыра бастады.
Әсіресе Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін бұл үрдіс жеделдеді. Иранның атом талпынысы сәтсіз аяқталған қазіргі күні Жапонияның бұрынғы уәзірі, кісі қолынан қаза тапқан Абэнің: «Украина кезінде Кеңес одағынан мұраға қалған бір бөлім ядролық қаруларын өзінде сақтап қалғанда шабуылға ұшырамайтын еді», - деген сөзі қайта талқыға түсе бастады.
Кезінде Кеңес одағы тарғаннан кейін Украина мен Қазақстан бір мезгіл АҚШ пен Ресейден кейінгі орынға жайғасып, ядролық державалардың қатарынан көрінген еді. Артынан өз еріктерімен бас тартты. Арада 20 жыл өткенде Украина Ресейдің сұрапыл шабуылына ұшырады. Еуропадан тыныштық кетті. Қазақстан мен Украинаны оп-оңай атомсыз елге айналдырған АҚШ енді міне, қаһарын парсы еліне төгіп отыр.
Бүгінгі әлемдік геосаяси жағдай атом қаруынан өз еркімен бас тартқаннан гөрі, оған ие болудың анағұрлым мемелекет қауіпсіздігіне тиімді болатынын көрсетіп отыр.
Abai.kz