Пайғамбарды әжуалау: Түрік басылымы не бүлдірді?

Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы төңірегіндегі дау-дамай: Ыстамбұлда наразылық білдірушілер «Leman» журналының редакциясына шабуыл жасауға тырысты.
«Leman» журналы 26 маусымда Мұхаммед пен Мұса пайғамбарлардың карикатураларын жариялады. Онда Мұхаммед пайғамбардың мен Мұса пайғамбардың бомбалау фонында әуеде бір-бірін сәлем беріп тұрғаны бейнеленген.
Бұл жарияланымды Түркия басшылығының өкілдері де айыптады. Ал 30 маусымға қараған түні Ыстамбұлда «Leman» сатиралық журналы ғимаратының алдына жиналған халық жаппай наразылықтарын білдірді. Ашу-ызаға булыққан жүздеген демонстрант басылым кеңсесінің алдына жиналып, діни ұрандарды («Такбир») айқайлап айтып, ішке кіруге тырысты. Олар ғимаратқа кіре алмаған соң, акцияның кейбір қатысушылары жақын маңдағы дәмханаларға шабуыл жасай бастаған. Артынша сол маңға полиция өкілдері жиналған.
Осылайша, Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялаған «Leman» журналының үстінен тергеу басталды.
Тақырыпқа тұздық: Бұрын Мұхаммед пайғамбарды Батыстық басылымдар келекеге айналдырып, халықаралық дау тудырған еді. Бұл жолы түріктер бүйректен сирақ шығарды.
Қазір Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы түріктің танымал «Leman» сатирикалық журналына қатысты тергеуді бастаған. TRT телеарнасының хабарлауынша, карикатураны салған автор ұсталған. Сонымен қатар, Ыстамбұлдың прокуратурасы редакцияның төрт қызметкерін ұстауға санкция шығарған.
«Ыстамбұл Бас прокуратурасы Түркия Қылмыстық кодексінің 216-бабына сәйкес, журналда жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына байланысты дінге сенушілердің сезімдерін көпшілік алдында қорлау фактісі бойынша сот тергеуін бастады. Ешқандай еркіндік киелі орындар мен тұлғаларды қорлауға құқық бермейді», - деп мәлімдеді «Х» әлеуметтік желісінде Түркия Әділет министрлігінің басшысы Йылмаз Тунч.
Ол: «Мұхаммед пайғамбардың карикатуралық бейнесі немесе жалпы оны бейнелеу әрекеттері діни құндылықтарға ғана емес, қоғамдық тыныштыққа да нұқсан келтіреді», - деді.
Abai.kz