Баку Ресейдің жұмсақ күшіне соғыс ашты...

Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Әзірбайжан мен Ресей арасы суып кеткені белгілі. Бұл суыстық соңғы күндері жаңаша сипат ала бастады. Әзірбайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Орыс құқық қорғау орындарының рейді кезінде екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алған. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Келеңсіз оқиғадан кейін Әзірбайжанда Ресейдің мемлекеттік және жеке мекемелері жоспарлаған барлық бірлескен мәдени іс-шаралар тоқтатылды. Әзірбайжан мәдениет министрлігі мұндай шешімнің қабылдануына Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік құқық қорғау органдарының «әзірбайжан ұлты өкілдеріне қарсы мақсатты түрде жасаған әрекеттері себеп болғанын» атап өтті.
Осыған байланысты ресейліктердің қатысуымен өтеді деп жоспарланған концерттер, фестивальдер, көрмелер, спектакльдер мен өзге де мәдени іс-шаралар пышақпен кескендей шорт тоқтатылды.
Әзірбайжанның парламенттік делегациясы Ресей Федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды.
Дүйсенбі, 30 маусым күні Әзірбайжандағы Кремльге жақын «Sputnik Әзірбайжан» басылымының редакциясына полиция тінту жүргізген. Бірнеше адам ұсталған. ІІМ алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Әзірбайжан елшісін шақыртып, «Бакудің достыққа жат әрекеттеріне және журналистердің заңсыз ұсталуына» байланысты наразылық білдірді.
Әзірбайжан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Бакуде Ираннан есірткі тасымалдап, оны интернет арқылы сатумен және кибералаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері деген күдікпен бірнеше адамды ұстаған.
1 шілде күні «Report.az» агенттігі алған ақпаратына сүйеніп: «Ұсталған адамдар – Ресей азаматтары», - деп хабарлады.
Оған жауап ретінде Ресейдің Екатеринбург қаласында «Әзірбайжан-Орал» ұйымының басшысы Шахин Шихлинский ұсталған.
Бұрын кеңес құрамында болған екі елдің бір-біріне қарымта қайтару сипатындағы қақтығысының ұзын-ырғасы осындай. Туысқан Әзірбайжан тарабы өз аумағындағы Ресейдің жұмсақ күштерінің еркінсіген әрекетіне жағдай ушыққан тұста төзімсіздік танытса, Крамль тарабы Орта Азия мен Кавказ аймағынан келгендерге мұрынын шүйіре қарайтын, тізе батыратын, адамдық құқын таптайтын ескі әдісіне басып отыр.
Ресей әскерінің бас қолбасшысы Гересимовтың әскери доқторинасы бойынша қазіргі заманғы соғыс – әскери қару-жарақпен атысудан ғана тұрмайды. Ақпараттық соғыс, экономикалық соғыс, энергетикалық бопса, есірткі бизнесі, қоғамдық, діни ұйымдарды жастарды тартуға пайдалану сияқты сан-салалы болып келеді.
Әзірбайдан бауырлардың Кеңес үкіметі тарай сала, Ельциннің дәуірінде-ақ «русский мир-ден» іргесін аулақ салып, Түркияға, Еуропаға бет бұрғаны белгілі. Олар бұл қадамын орыс әліпбиінен бас тартып, латыншаға көшуден бастады.
2000 жылы Кеңес одағын қайта орнатуды көздейтін Путин Кремльге билікке келгенге дейін ұлттық бағытын айқындап, еңсе тіктеп алды.
Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған елдер өз егемендігіне қауіп төне бастағанын сезіне бастады. Ресей саясаткерлері «Кеңес одағы заңдық тұрғыдан әлі тараған жоқ», - деп айды аспанға бір-ақ, шығарды.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен Ельцин дәуірінде шынайы егемендігін заңдық негізде тұғырлап, ұлттық мемлекетке айналған елдер одан ығып тұрған жоқ. Ықпайды да...
Әзірбайжан бауырлардың соңғы күндердегі әрекеті соның көрінісі. Ильхам Әлиевтың бұл батыл қадамы Мәскеуге қарап бас шұлғып келе жатқан өзге елдерге үлгі болса, кәні?!
Есбол Үсенұлы
Abai.kz