Бейсенбі, 3 Шілде 2025
Күбіртке 789 0 пікір 2 Шілде, 2025 сағат 15:35

Дабыл: Каспий тартыла бастады...

Сурет: NASA агенттігінің сайтынан алынды.

NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігі Каспийдің құрғап бара жатқан суреттерін жариялады: қазақ жерінің денесіне түскен тағы бір дерт осылай жария етілді.

Сонымен, NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігі Каспий теңізінің жылдам тартылып бара жатқанын көрсететін жаңа спутниктік фотосуреттерді жария етіп, әлем жұртының назарына ұсынды. Америкалық Weather-Fox.com климаттық басылымы осы суреттерді талдап шығып, соңғы он жылда теңіз аймағы ондаған мың шаршы километрге қысқарған деген қорытындыға келіп отыр.

Спутниктiк деректерге зер сала көз жүгірететін болсақ, Каспийдiң солтүстiк және шығыс бөлiктерiнiң – Ресей мен Түркiменстан жағалауларының таязданғанын ерекше айқын аңғарамыз. Ал бұл жайтты қазақ пен түркіменнің басына түскен сор десек те болады.

Өзгерiстердің соншалықты көзге ұрып тұрғанын жергiлiктi тұрғындар, балықшылар мен спутниктiк мониторинг деректерiмен жұмыс iстейтiн мамандар алдымен сезіне бастады. Қазақстан мен Түрікменстан тұрғындары енді бұрын су жайлаған жерлердің құрғақ теңіз түбіне айналып, әдеттегі жұрт жүре алатын қара жолға ұқсап қалғанын шерлене сөз етеді.

Дәл қазір қолымызда бар спутниктік деректер Каспийдің солтүстік және шығыс бөліктерінің – Ресей мен Түрікменстан жағалауларының таяздануын ерекше көрсетеді

Америкалық басылым хабарлағандай, сарапшылар климаттың өзгеруін Каспий теңізінің кері шегінуінің негізгі себебі деп атайды. Өңірде температураның өсуі және Кавказ тауларында қардың азаюы байқалады. Ресейден Каспий ағысының басты көзі – Волга сияқты өзендер бастау алады.

Communications Earth & Environment-те жарияланған 2020 жылғы зерттеуде мынандай ескерту бар: жүзжылдықтың соңына қарай Каспий теңізінің деңгейі тағы 9-18 метрге төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жағалаулардағы қалалар теңізге шыға алмайтын елді мекендердің бірі болып қалмақ.

Голландиялық географ, доктор Франк Весселинг Каспийдің деңгейінің төмендеуін «баяу қалыптасқан климаттық дағдарыс» деп атады.

Жүзжылдықтың соңына қарай Каспий теңізінің деңгейі тағы 9-18 метрге төмендеуі мүмкін екенін  Ресей мен Ираннан басқа 3 ел зар қағып айта бастады. Әзербайжан Қытаймен бірлесіп Гүржістан дәлізін ұсынды.

Климаттық факторлардан басқа теңiздiң тозуына адамның табиғи жүйеге араласуы да себеп болып отыр. Волгадан бөгеттер, суару жүйелері мен су жинағыштар Каспийге келіп құйылатын су ағынын айтарлықтай қысқартты. Орталық Ресейден бастау алатын Еділдің бағын Ресей байлады.

«Біз Каспийдің өмірін сорып жатырмыз», – деп мәлімдеді әзірбайжандық эколог дағдарыстан шығу үшін 5 мемлекет басшылығын өңірлік ынтымақтастыққа шақырып.

Каспий теңізі биоқоры құрып кету қаупі төнген каспий итбалықтарын және бекіре балықтарының құнды популяцияларын қоса алғанда, бай биологиялық қазына есебінде. Теңiз суының ішкерлей шегініп, ауытқуына қарай олардың мекендейтiн жерлерi құрғап қалады. Балық қоры азайып қана қоймай, жығылған үстіне жұдырық дегендей, құстардың көшу жолдары да бұзылуда. Теңіздің тартылуы, әсіресе, Қазақстан мен Әзірбайжандағы мұнай-газ инфрақұрылымына қауіп төндіреді. Теңіздің бойында орналасқан  порттар логистикалық проблемалармен бетпе-бет келуде. Кемелерге шалғайдағы судың тереңдігіне жету қиындай түсуде.  Балық аулаудың құлдырауы мен қатар бұрындары ағылып келетін туристерден тұратын туризм бизнесі де құрдымға кете бастады. Экологиялық апаттың кесірінен адамдардың денсаулығына да зор қауіп төніп тұр: жалаңаш теңіз түбі уытты шаңды сыртқа шығарады да, ал, ол өз кезегінде ауаны ластайды.

Сарапшылар өңірлік ынтымақтастықтың осы дағдарысты басқару үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Ұсыныстардың ішінде – суды бұрып алуды шектеу, суару жүйелерін жаңғырту және климаттың өзгеруіне төзімді инфрақұрылымды дамыту жағалаудағы мемлекеттердің  назарына ұсыныла бастады. Каспий маңындағы бес мемлекет бұрындары тап осындай уағдаластықтар жасасқан, дәл қазіргі кезде амал не, соның бірі орындалған жоқ. Халықаралық ұйымдар да мониторингті күшейтуге және су ресурстарын тұрақты басқаруға көшуге шақырғанымен, оны тыңдар құлақ тек қазақ пен әзербайжаннан ғана табылып отырғаны өкінішті, әрине.

Негізінде Ресейдің Каспийді сақтап қала алтын мүмкіндігі мол. Өйткені, теңіздің басты қоректендірушісі – Еділ осы елден бастау алады. Ал Кремльдің әзірге бұл мәселеге көңіл бұруға ниеті болмай тұрған сияқты.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір