Абайдың ғылым туралы тың танымы
(ұлы ойшыл даналығын өмірде қолдану қажеттігі хақында)
«Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Білгендердің сөзіне махаббатпен ерсеңіз».
Абай.
Ұлы Абай қалың елі, қазағын ғылым-білімге шақырудай-ақ шақырған, ғылым деген – шығармашылығын көктей өтетін нәрлі терминнің бірі. Оның дәлеліне «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін атаудың өзі жеткілікті болса керек. «Ғылым немене?». Негізі, бұл – бүкіл адамзаттық мәселе. Оның мәнін дұрыс түсінбеу адасуға бастамақ. Айтайын дегенім, материалдық прогресс өз дегеніне жетті қазір – құдайсыздық (материализм) қайта тірілді, елесі жер бетін кезіп жүр. Дін қадірсіз: сырты бар, іші жоқ. Даналық керексіз: тылсымға «мистика» деп күле қарайтын болдық. Әсіресе, «Ғылым-білім тек қана сыртқы дүниені танып-білу» деген таным-түсініктің салтанат құруын – атеизм де де қой. Хақ жолына, дамудың дұрыс бағытына қадам басуға керегі – толық (бүтін) ғылым! Осы хақиқат сырт қалды: жаһандану, урбанизация, индустриялы қоғам соқыр адамды көзге елестетеді... Қайда барамыз? Мәлімсіз.
Сөйтіп, сыңаржақтылыққа ұрындық. Толық ғылым – Хақ тағаланың өзі сияқты өлшеусіз ұғым. Ол – рухани күш-қуат. Осы ақиқатты танып-біл һәм қабылда! Адасушылықтан құтылудың өзге жолы жоқ. Төменде Абайдың ғылым туралы ой-танымы тереңіне үңілмекпіз. Ондағы мақсат – ғылым-білімнің шын мән-мазмұны неде екенін ашықтауға саяды. Мұны сенімді бекіту әрекеті десек те болады.
Бүтін ғылым – үш танымақтық!
Ғылым – қоғамның қозғаушы күші дейміз. Жөн-ақ. Бірақ, таңқаларлығы, «Ғылым немене?» деген мәселе жабулы қазан астында қалып келеді. Басқа тұра тұрсын, энциклопедиялық дерек көздері де толымды анықтаманы бере алмаған. Мысалға: «Ғылым – уақыт пен кеңістікте бар, зерттеуге болатын шынайы нәрселердің заңдары мен қағидаларын түсіндіретін, эксперимент пен бақылауға негізделіп, жүйелі түсінік қалыптастыратын таным саласы» немесе «Ғылым – табиғаттың, қоғамның объективтік заңдылықтарын ашу» дегеннен аса алмаған. Өзгедей жауапты шам жағып таба алмайсыз. Сөйтіп, бақи дүние (рух әлемі), Абайша айтқанда, дүниенің көрінбейтін сыры ғылым ұғымы шеңберінен сырт қалып отырғаны ақиқат.
Абай, Шәкәрімнің ғылым-білімге көзқарасына келейік. Бұл ретте мүлдем басқа таным-түсінікке тап боламыз.Оларша дүниені, оның көрінген сырын танып-білу – ғылымның бір шағын бөлігі ғана. Жеке адамға, бүкіл адамзатқа керегі – бүтін (түгел) ғылым, әйтпесе «дүние ойран болмақшы». Қос ғұлама қақсап айтқан асыл өсиетке құлақ аспадық: ғылымның бір бөлігін бүтінге балап, халықты шатастырдық. Абай көп қолданған «надан» сөзі «адамгершілігі жоқ адам» деген мағынаны білдіреді. Міне, сол надандыққа белшеден баттық. Сонымен, бүтін ғылым қайсы? Осыған тоқталайық.
Абайда барлық ой-танымы қорытындыланған күрделі туынды бар. Ол – «Ғақлиат-тасдиқат» трактаты (қазіргіше 38-ші қара сөз). Қысқаша «Тасдиқ» аталатын бұл трактат (арабша – рисала) анық тылсымнан құйылған шығарма (тылсым, яки ғайып – аспаннан сау ете түсті деген сөз емес, хақиқат ұшқыны терең ойды айлап, жылдап бойға сіңіргеннің тәтті жемісі). Рисала мазмұны «әлемдік деңгейде», «алғаш рет» деуге лайықты идеялар мен жаңалықтарға толы. Соның бірі – хакімнің ғылым туралы ой-танымы.
Ғажайып туындыда ғылым туралы сөзін Абай: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты – адам болады» деп бастаған. Міне, баланы ғылымға үйір қылудың маңызын осыдан-ақ аңдай беріңіз. Тереңі әрі қарай: «Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана пайдалы мен залалдыны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала».
Міне, даналық көкесі! Тезисте «үш танымақтық»: Алла тағала, адам және әлем (жарық дүние). Алдыңғы екеуі – ішкі, яғни рухани ілімдер (бұларды бала жасынан үйренсе, білсе, ең болмаса шала, сонда ғана пайдалы мен залалдыны айыра алатын есті кісі болмақ), соңғысы – сыртқы, яғни материалдық ғылымдар болып табылады. Жеке-жеке байыптайық.
Құдай ғаламды кәмәлатты шеберлікпен жаратқан: «Керексіз жаратылған бір тозаңы жоқ, Тәртібі таң қаларлық зор мәшине» (Шәкәрім). Міне, осы хикметті білу мен сезінуден Алла тағала бары танылмақ. Абай: «Саниғын (жаратушыны) сұңғатына (шеберлігі) қарап білесіз» дейді. Міне, Алла бар деген – бірінші анық. Адамның өзін тануы ше? Өзін тану – қазіргі күнгі психология ғылымы ғана емес. Оның өзегі – жан жоғалмайды, бақи дүние бар деген сенім-таным! Демек, бұл – екінші анық. Үшінші анық, әрине, дүние (қоғам және табиғат). Абай: «Ғұмыр өзі – хақиқат» дейді. Бақсақ, Абайдың «үш танымақтығы» мен Шәкәрімнің «үш анығы» төркіндес ұғымдар, ажырамас егіздер. Олар бөлек-бөлек бола алмайды. Сол сияқты «толық адам» (Абай) мен «ар-ожданды адам» (Шәкәрім) ортақ арнада тоғысады.
Сонымен, жасалған шолудан шығар қорытынды: адамның ғылымына ішкі және сыртқы жақтар тән. Ғылым толық болуға – екі жақтың бірдей қамтылуы, яғни бір бүтін болуы шарт. Бақи дүние барын білмеу, сезінбеу – үлкен надандық. Дүние ғылымына, яғни тек жарым ғылымға салыну неге апарып соғарын көзіміз күнде көреді, оған дәлел керек емес.
Әрі қарай үңілейік. Қаламына қасиет қонған Абай былай деп жазады: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен табылады. Ол – Алланың ғылымына емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық өзі де адамға өзіндік ғылым береді» дейді. Түпсіз тереңдік. Адамның ғылымын Алланың ғылымынан ажыратып алған Абай даналығына бас иесіз. Бұл ретте ұлы ұстаз адамның ғылымы деп жаңағы үшкіл – «үш танымақтықты» меңзеген. Өйткені, ол – үш анық тұтастығы, болмыс бірлігінің формуласы.
Сөйтіп, адамның ғылымы, оны игеру дегеніміз – үшкілді танып-білуге саяды. Баршамыз жабыла ізденіп, таба алмай жүрген тәрбие мен ғылымның бірі-біріне кіріге өріліп, қабыса табысу сыры, міне, осы арада.
Аталған үшкіл пәлсапалық әдебиетте бірде «Жаратушы – Адам – Әлем» делінсе, енді бірде «Күн – Адам – Жер» делінеді. Жаратушы (яғни Күн) – жан әлемі, ал Әлем (Жер) – тән әлемі. Ортада – Адам баласы, ол жан мен тәннен жаратылған. Хазіреті Шәкәрім: «Жанымыз күннен келген нұрдан, Тәніміз топырақ пен судан. Күн – атам, анық Жер – анам, Бірі – нұр беріп, бірі – тамақ» – деп толғайды. Болмыс тұтастығы деген осы.
Көріп отырмыз, біз қозғап отырған ұлы үшкіл – ұлы Триада ғылымда жаңалық емес. Әлімсақтан аян. Мәселен, кәрі заманның ғұламасы Конфуций «Аспан-Адам-Жер» – болмыстың үш бастауы дейді. Жер бетіндегі тіршілік осы үшеудің үйлесіміне тәуелді. Бұл Аристотель мен Фараби айтқан идея. Ал француз философы Рене Генон 1946 жылы жарық көрген «Великая Триада» атты кітабында ежелгі Шығыс ілімдерін зерттеп-зерделей келе, «Аспан-Адам-Жер» – Ұлы Үшкіл деген тұжырым жасайды.
Ежелден мәлім ақиқат делінсе, онда Абайдың жаңалығы неде? Қазақ данышпаны ұлы үшкілді атаумен ғана шектелмеген. Оны рухани жағынан індете зерттеген («Аспан» сөзі орнына Алла тағала тұрғаны сол). Ұлы үшкіл – үш таным, яғни ғылымның үш бөлек саласы. Абай жаңалығы: осыны алғаш рет ғылыми негіздеп береді. «Тасдиқ»-тың өзегі әрі мазмұны – Алланы және өзін танымақтық! Осы екі ілімнің ең көлемді орын алуы жайдан жай емес. Кемеңгер адам ақылының толысуы мен рухани жетілуі мәселесінің шешімін береді. Әлемдік ой-сана хақиқаты деңгейінде! Сенсеңіз, қазіргі теология һәм психология пәндері хакім ілімінің шаңына да ілесе алмайды.
Сөйтіп, ешкімде, ешуақытта жоққа шығара алмайтын үш ақиқат – Алла, адам, Әлем. Әсіресе, алдыңғы екеуін бала жасынан санаға құю, ең болмаса шала, аса маңызды. Абай қадап айтқан осы өсиетке құлақ астық па? Жоқ, әрине. Біздің үйренсек, білсек деп танаулатып жүргеніміз тұтас ғылым емес, оның бір бөлшегі ғана. Яки тәрбиесіз ғылым-білім. Тәрбиесіздік, яғни рухани кедейшілік ақыры мынау: адамзат шиеленістен көз ашпады, ең жаманы, экологиялық апат пен ядролық соғыс қаупі төніп тұр. Елімізге келер болсақ, ашкөздік, жемқорлық арамшөптей қаулап тұрғаны көпке аян. Қысқасы, үйлесім мен тыныштық ауылы алыстап барады. Абайдың даналығын өмірде қолданудың ауадай қажеттігі осымен өз түсінігін табады.
Құранда: «Адам Жаратқан Иеге және Ахирет әлеміне сенуі шарт» делінген. Сол себепті – үш танымақтықты бірдей білуге ынтық болу, бүтінді сезіну маңызды. Қоғамдық сананы осыған бағыттау керек. Олай болмаған жерде бәрі бекер. Жеке адам, бүкіл қоғам да – қиянатшылыққа салынбақ. Абай: «Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман» дейді. Рухани және материалдық ғылымдар құстың қос қанаты сияқты, жеке-жеке біреуі жарытпайды. Бұл даналық ақиқатқа кім таласар екен.
Енді хакім Абайдың ғылымға берген толымды анықтамасына келейік.
Хакімнің ғылымға берген анықтамасы
«Тасдиқ» – қазақта бұрын-соңды болмаған рисала деп жоғарыда айттық. Оның кіріспесі жалғасында Абай былайша тұжырады: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр». Не деген феномен анықтама! Онан ұғылатыны: ғылым дегеніміз – Алланың бір сипаты, сондықтан хақиқат. Алла ғылымы Өзі сияқты. Жарым-жарты болмақ емес. Ол – Алла тағала ұғымының баламасы! Міне, кемеңгердің «Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ» (10-сөз) деуінде осы астар бар. Ғылымға табынған, оның жалына жармасқан елдердің ойқастап озатын сыры да сол.
Осы пайымға дәлелдер алайық. «Тасдиқ» трактатында ғұламаһи Абай Алла тағаланың сегіз ұлық сипатын саралай келе, олар өзара тең емес дейді. Себебі, сегіздің арасынан «һәммаға харекет беретұғын өзі» деп екеуін – Ғылым мен Құдіретті бөлектеп алады. Қалған алтауы (Тірлік, Көру, Есту, Қалау, Сөйлеу, Жарату) бұларға шарх (көмекші) дейді. Неге? Себебі, бұл алтауы «еш нәрсеге харекет бермейді» екен. Қайсы харекет берсе, сол басты сипат (мұндай теологиялық талдау жасаған данышпаның қайсы?!).
Әрі қарай Абай: «Ғылым, Құдірет – біздің ұғымымызға ғана екі хисап, болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. ...Алланың ғылымы мен құдіреті арасында айырым жоқ, олар бір ұғым» дейді. Көрдіңіз бе, аталмыш екі ұлық сипатты бір ауыз қисынды сөзімен біріктіріп берді. «Ғылым-құдірет ұғымы – Алла тағаланың баламасы» деген пайым осыдан туады. «Ғылымға ғашықтық өзі де Хақлық һәм адамдық дүр» деген астарлы сөзді ұғудың кілті де осы арада. Осы айтылғандар алғаш рет Абай ашқан жаңалықтар. Батысты қоя тұрып, Шығыс даналық қорынан да табылмас хақиқаттар.
Сонымен, Алланың ғылымы – хақиқат, адамның ғылымы оның зәредей бөлшегі. Ғылым терминінің толымды анықтамасын тұңғыш рет қалыптау һәм ұқтыру – ұлы Абайдың еншісі. Ғылым бүтін болса, адам да бүтін. Осы идея – кемеңгердің жалпыадамзаттық ой-санаға қосқан сүбелі үлесінің бірі.
Хакім деген кім, ғалым деген кім?
Біздің бүгінгі шапшаң даму мен өзгеріске толы заманымыз хакімдердің емес, ғалымдардың соңына ергендікпенен ерекшеленеді. Дүниеге бой алдырып, ғапылдыққа жиі ұрынуымыз содан. Демек, хакім мен ғалымның айырымы неде екенін біліп жүргеніміз басы артық шаруа бола қоймас деген ойдамын.
Абай: «Хакім, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта (танымда) басқалар-дүр» дейді. «Асылда бір сөз» демегі – екеуі де ізденуші, зерттеуші. Хакім көздеген нысана – ішкі (батини) әлем, яғни рухани өріс, ғалымдікі – сыртқы (заһири) әлем, мына жарық дүние. Енді «бірақ ғарафта басқалар-дүр» деген тіркесті талдайық.
Көпке мәлім, ғалымның ғарафтық (танымдық) тәсілі – тәжірибе жасау, соған сүйену, сол арқылы табиғат пен қоршаған ортаны, яғни жаралып, жасалап қойған нәрселерді үңгіте зерттеп-зерделеу. Ғылымда бұл индукция тәсілі (төменнен жоғары қарай) делінеді. Абай ғалымның сипатын: «Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те айтады. Бұл нақлияға жүйріктер «ғалым» атанады» деп қысқаша қайырады. Бұл жерде «нақлия» сөзі – тәжірибеге сүйену, дәстүрлі деген мағынаны білдіреді. Таңғажайып ғылыми-техникалық прогресс ғалымдардың арқасы. Олар дүниені тану арқылы адамзат игілігіне күн-түн демей үлес қосады, ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы істер шығарады. Сондықтан Абай: «Біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ» дейді (тұрмыс-тіршіліктің жылма-жыл жеңілдеуі қазір де солардың арқасы).
Енді хакімге келер болсақ, ол – данышпан тұлға. Оның басты танымдық тәсілі – Алла тағаланы сұңғатына (мінсіз ісіне) қарап пікірлемектік, сол арқылы Жаратушы хикметінен ғибрат алмақтық. Ғақлия, ғақлиат деген ұғым осы. Бұлайша танып-білмектікті ғылымда дедукция (жоғарыдан төмен қарай) тәсілі, исламда «Тәфаккару фиғла иллаһи» дейді. Хакім кім? Абайдан естиік: «Хикмет Құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге «хакім» ат қойдылар. ...Дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады. Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді». Демек, хакім – адасудан сақтайтын рухани ұстаз. Хакімсіз Хақты таппақтық та, Алланың пенделеріне салған жолына қадам баспақтық та жоқ.
Сөйтіп, хакім – әрбір істің түп себебін табушы, көре білуші. Оның міндеті: пенденің көкірегін тылсым дүние – ғайыппен байланыстыру. Егер адамзат көші хакім көрсеткен жолмен жүрер болса, онда жер бетінде жұмақ орнары хақ. Бірақ олай болмай тұр...
Хакімдік, ғалымдықпен ол – екі жол
Адамның ғылым-білімі екі жақты: бірі – рухани, екіншісі – заттық дедік. Ахиреттік, яғни рухани ғылым-ілімнің жүгі – дүниенің көрінбеген сырын жеткізу, тылсымның жұмбағын ашу. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде Абай ақыл, жүрек, қайратты сипаттай келе: «Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» деп түйеді. Бұл жерде ғылым термині, әрине, бүтін, яки рухани ғылым деген мағынаны білдіреді.
Дүниелік ғылым-білімнің жүгі – жарық дүниені, заһири әлемді танып-білу. Тән шіркіннің рахаты, яғни тұрмыс-тіршіліктің жақсаруы мен өмір сүрудің жеңілдеуі соның арқасы. Тұрмыстың алдағы уақытта да жақсара берері сөзсіз. Себебі, қай ғылым саласы болмасын, Алла ғылымының зәредей бір бөлшегі, демек, оның өрістеуінің шегі мен шеті жоқ.
Атың адам болған соң, ғылымның екі жағын да білу шарт, ең болмаса шала дейді Абай. Прогресс жолы деп ғылымға біржақты салынудың зардабы көп: әлем қақтығыстан көз ашпады, қатігездік пен өзімшілдік өршіді, экологиялық апат пен ядролық соғыс қаупі төніп тұр. Анығы, бүкіл адамзат прогресс толқынында суға түскен шөптей қалқып бара жатыр. Айтпақшы, ғалымдар ойлап тапқан керемет роботтар мен жасанды интеллекттер (ЖИ). Бір қарағанда, олар адамды алмастыратын сияқтанады. Бұл – алдамшы көрініс. Махаббат, мейірім, яғни адамшылық, сондай-ақ, ана тілі арқылы қонатын ұлттық құндылықтар (тарих, әдебиет, ән-күй, ата кәсіп, салт-дәстүр т.б.) оларға қол емес. Бұлар – ақылды инсанның ғана сыбағасы.
Осы айтылған тығырықты жарып шығу айласы – ғылымның екі басын бірдей ұстау. Жастарды көкірегі ояу, көзі ашық қылып тәрбиелеу. Абай: «Құдай жүрегіңе қарайды», «Өзге тәннен еш қызық іс табылмас» демей ме. Тән билеген жерде жан тыныштығы мен жүрек жылылығы қанша шақыртсаң да келмейді. Өйткені, материалдық әлем – қиянат пен талас-тартысқа, ал рухани әлем мейірім мен әділетке толы. Махаббат пен ғадауат (жек көрушілік) майдандасқан. Құдай солай жаратқан.
Адамзаттың ақыл-ой жүйесін ретке келтіру, атап айтқанда, өмірдің мән-мағынасын түсіндіру, көкіректе жан бар, ол жоғалмайды деп ұқтыру және Құдай мен адам арасына көпір салу ілімдері – хакімдік жол һәм миссия. Ол үшін жүрек көзі керек. Ғалымның сүйенгені – ақыл, бас көзі. Онан даналық күтпе. Абай: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» деп тұжырады.
Қорытынды сөз
Елімізде жетістіктер жоқ деуден аулақпыз, дей тұрсақ та, ес кірмегені де өтірік емес. Тіліміз дімкәс, парақорлық пен жемқорлық жойқын. Тұтыну зор, қанағат жоқ, ақпарат, білім көп, сана, мінез жоқ, интеллектуал көп, тұлға тапшы дегендей, тізе берсек, оның белгісі көп-ақ. Азып-тозудың бір себебі: Абайды ұлықтау деңгейі (ескерткіштер, мектеп, көшелер т.б.) таң қаларлық, бірақ, бірақ... даналығын өмірде қолданбадық, сөзіне махаббатпен ермедік (расы, Абайды ұмыту және Құдайды ұмыту, екеуі – бір нәрсе).
Өзіндік жолымыз қайсы деп ізденетін, «елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой» деген бейқамдықпен Батысқа құр еліктеуден бас тартатын уақыт жетті. Абай: «Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен?» (23-сөз) дейді. Біз Абайдай данасы бар елміз, халайық! Қазіргіше «Алдың жалын, артың мұз» хәлде жүре беру жарамайды. Жан тазалығы һәм адамдық тәрбиені алдыға қоюға міндеткерміз. Барлық бәле – надандықтан, іштегі кірден шығады. Оны қашырып, жағдайды оңалтуға оқу-ағарту жүйесі, дін потенциалы, қоғам ықыласы, ұлттық тәрбие, өнер – бәрі-бәрі жегілуі керек. «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Құдай деген құр қалмас» дейді халқымыз. Сөз басында ұлы Абайдың ғылым туралы танымын талқыға салудағы мақсат – сенімді бекіту дегенбіз. Тағы бір жүгі – жаңағы құдайшылық ұстанымды жұртшылық есіне салу болды.
Асан Омаров,
абайтанушы
Abai.kz