Сейсенбі, 8 Шілде 2025
Билік 619 0 пікір 8 Шілде, 2025 сағат 19:41

Ермұрат Бапи: Қазақстанда билік пен байлық бір қолға шоғырланған дәуір аяқталды

Сурет: kazpravda.kz сайтынна алынды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздің соңғы отыз жылындағы саяси-экономикалық ахуалға баға беріп, бүгінгі өзгерістердің маңызын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, бұрын билік пен байлықтың бір қолға шоғырлануы үйреншікті «тәртіп» болып, оған қарсы шыққандар қудаланатын. Халықтың мұң-мұқтажы назардан тыс қалған еді.

«Трансформацияның «бісмілләсінда» Тоқаев ат төбеліндей шоғыр олигархтарды бір залға жинап алып, бәріне бірдей «ескерту» жасады. Бұдан былай олар үшін «үріп ішіп, шайқап төгетін» дәуір аяқталғанын естіртті. Осыдан соң ғана сең қозғалып, бүкіл елдің ырысын уысында ұстаған «кландардың» іргесі сөгіле бастады. Өзгерістің бүгінгі таңдағы аралық нәтижесі – мемлекеттік басқару жүйесі есеп беру мен ашықтыққа, әділ бәсекеге бет бұрды. Жаңа заңдар қабылданып, қоғамдық қатынастар қайта түзіле бастады», - деді Ермұрат Бапи.

Оның сөзінше, қазір мемлекеттік басқару жүйесі есеп беруге, ашықтық пен әділ бәсекеге бағыт алып отыр. Суперпрезиденттік билік шектеліп, Президенттің біраз өкілеті Парламент пен Үкіметке өтті. Жоғарғы палатадағы «президенттік квота» 15-тен 10-ға азайды.

«Ендігі жерде Тоқаевтан бастап, Қазақстан президенттері бір ғана мерзімге – жеті жылға сайланады. Бұл – кімде-кім үшін артында ізгі істерін мұра етіп, ел тарихында жақсы атын қалдыру үшін жеткілікті мерзім. Тоқаев түзген саяси өнегенің ең абзалы осы, бәлкім», - деді депутат.

Сондай-ақ Ермұрат Бапи Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық соттың қайта құрылып, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі нығайғанын, 2023 жылдан бері 7 мыңнан аса қазақстандықтың өз құқығын қорғау үшін осы сотқа жүгінгенін атап өтті.

Сонымен қатар Адам құқығы жөніндегі уәкілдің құзыреті күшейіп, әр аймақта уәкілдер тағайындалды. Конституциядан елбасы мен оның мәртебесі туралы артықшылықтар алынып тасталды.

Abai.kz

0 пікір