Жұма, 18 Шілде 2025
Ақмылтық 233 0 пікір 18 Шілде, 2025 сағат 12:54

Сегіз қырлы, бір сырлы... сыртқы саясат

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Таяуда Дипломатиялық қызмет күні аталып өтті.

Қарап отырсам, еліміздің Сыртқы саясатының алғашқы тұғырнамасы сонау 1992 жылы қабылданыпты. Одан кейін қаншама уақыт өтті десеңізші. Заманың түлкі болса, тазы боп шал, елдегі жағдай мен қоршаған әлем өзгерген сайын, сыртқы саясаттың басым бағыттары да сол талаптар мен қажеттіліктерге сай жетіліп отыруы тиіс. Тәуелсіздіктің 34 жылы ішінде бізде де сондай өзгерістер болып отырды. Соңғы тұғырнама 2020 жылы бекітіліпті.

Алғашқысында, ескі инерция және сарынмен кешегі Совет одағының дипломатиясының ықпалымен жүріп қалдық, яғни басымдық КСРО ізбасары - ТМД секілді төрінен көрі жақын ұйымға бағытталды. Алайда, уақыт өте ол ұйымның болашағы жоқ екенін бәрін түсінді, бүгінде ол декоративті, нақты экономикалық және саяси ықпалы жоқ құрылымға айналды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, басқа елдер де, соның ішінде, дамыған Батыс мемлекеттер Қазақстанға көз тіге бастады. Оларды, ең алдымен, Қазақстанның қазба байлықтары мен тиімді географиялық (астарында геосаясат жатқан) орналасуы қызықтырғаны рас. Ешбір ел басқа елді жарылқаймын деп келмейді, өз басының қамын ойлап келеді. Оны да біз алғашқы эйфориядан кейін түсіне бастадық.

Ескі Қазақстан тұсындағы сыртқы саясаттың басты проблемалары көзге ұрып тұрды. Соның ішінде ең басты екеуін атайын: сөз жүзінде көпвекторлық сыртқы саясат жарияланса да, іс жүзіндегі біржақтылық (дәлірек айтсам, екіжақтылық), яғни, Ресей мен Қытайға тым жақындап кету (қолтығына кіріп кете жаздау) және сыртқы қарым-қатынастарды мемлекеттің емес, бір адамның, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының культімен байланыстыру болды деп санаймын.

Жаңа Қазақстан тұсында сыртқы саясатқа қатты сын айтудың өзі қиын. Өйткені, ел басқарып отырған президенттің өзі кәсіби дипломат. Және де сыртқы саясат мәселелері әлеуметтік желілердегі айтыс-тартыспен, популизммен, хайппен, митингшілдікпен шешілмейді, оның қыр-сыры көп, оның тереңдігіне кез келген блогер бойлай бермейді.

Тіпті, біраз адамның сынынан ұшырап жүрген Ресей мен Қытай арасындағы байланысымыздың өзінің сексен сегіз сыры мен тоқсан тоғыз тоқтамы бар. Екі ірі державамен көрші болу – Қазақстанның басына түскен тарихи сын. Сол сыннан аман-есен өтуге жазсын!

Осы орайда Жаңа Қазақстанның сыртқы саясатты диверсификациялау (әртараптандыру) бастамаларын өз басым қолдаймын. Екі көршінің монополиясы мен гегемониясын біз тек қана сыртқы байланыстырымыздың бағыттарын түрлендіріп, мән-мазмұнын толықтырып, оларға соны реңк беріп, жаңа әріптестер табу арқылы жоя аламыз. Басқа жол жоқ.

Сол себепті, біздің басшылар барып жатқан, бізге келіп жатқан елдердің тізімінің жаңаруына да түсіністікпен қарау керек деп санаймын. Мұның өзі бүгінде көп айтылып жүрген Ресей және Қытайдың жария да жасырын экономикалық экспансиясына лайықты балама бола алар еді.

Басым бағаттар келсек, өз басым Еуропа мен түркі әлеміне бет бұру жағындамын.

Бір нәрсе анық: Қазақстанға инвестиция салайық деп асығып, өңмеңдеп, бір-бірімен таласып-тармасып жатқан елдердің шұбатылған кезегі көрінбейді, әр елмен жеке-жеке жұмыс жүргізілуі тиіс, және де оның бәрі нәтижелі болады деп айтуға болмайды.

Ал инвестиция келуі үшін елдің тұрақтылығы, бизнес саласының бәсекелестігі, сот жүйесінің тәуелсіздігі болуы шарт. Міне, сыртқы саясаттың өзі ішкі саяси ахуалға тірелетіні осыдан.

Ресейдің Украинаға қарсы ашқын соғысқа байланысты халықаралық ахуалдың аса ушығып тұрған тұстарына келсек, ресми Астана арбаны да сындырмай, өгізді өлтірмеуге тырысып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Оған Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында президент Тоқаевтың Қазақстан Донецк және Луганск «халық республикаларын» мойындамайтыны туралы мәлімдемесін жатқызар едім.

Мемлекетаралық қақтығыстарды шешуде Біріккен Ұлттар Ұйымының ролін арттыру туралы Қазақстанның бастамасы да өзекті сипатқа ие болып отыр. Геосаяси лексиконда «орташа державалар» деген ұғым пайда болып, өміршең бола бастады.

Бір қуантарлығы сол: кезінде елшілік қызмет дипломатияның иісі мұрнына бармайтын министрлер мен әкімдерге арналған «құрметті айдалу» немесе «құрметті демалыс» болса, бүгінде кәсіби дипломаттардың төл ісіне айналып барады. Оны өз басым оң үрдіс деп қабылдаймын: шымшықты сойса да, қасапшы сойсын.

Ең бастысы, байқаймын, Жаңа Қазақстан дипломаттарының қатарына жан-жақты білім алған, ұлтшыл, мемлекетшіл жастар келіп жатқан сықылды. Еліміздің есесін жібермейтін өскелең ұрпақта аға буындағыдай постсоветтік синдром жоқ, олардың геосаяси ұстанымдары диверсификацияланған. Ол да қуантады.

Бір нәрсе анық: сыртқы саясат тек қана дипломаттар, атқарушы билік атқарар міндет емес. Ол - жалпыхалықтық ұлы миссия! Меніңше, мемлекеттік саясаттың осы аса маңызды саласының басым бағыттарын анықтауда тәуелсіз сарапшылардың пікіріне мейлінше құлақ асып, ал ең басты шешімдерді (әсіресе, еліміздің саяси, экономикалық Тәуелсіздігіне қатысы бар барлық келісім-шарттарды!) талқылау мен бекітуде Парламенттің ролін арттыру керек деп санаймын.

Сонда ғана біздің сыртқы саясат ұлт пен мемлекеттің мүддесінде жүргізілмек.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір