Жұма, 21 Қараша 2025
Мәдениет 193 0 пікір 21 Қараша, 2025 сағат 12:49

«Алатау» театры: Ұлттық өнерді жаңғыртқан тұлғалар

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан алынды.

Ұлттық рухты дәріптеу – кез келген мемлекеттің мәдени болмысын айқындайтын маңызды іс. Сол міндетті абыроймен атқарып жүрген орталықтардың бірі – «Алатау» дәстүрлі өнер театры.

Театр 2016 жылы ашылған күннен бастап қазақтың дәстүрлі музыкасын, жыраулық өнерін, ұлттық қойылымдарын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етті. Бүгінде театрдың айқын мәдени бет-бейнесін қалыптастырған – елге танымал дәстүрлі әншілер, жыраулар, актерлерден құралған шығармашылық топ. Олардың әрқайсысы ұлттық өнерді дәріптеуге өзіндік үлес қосып, театрдың танымалдығын арттыруға себепкер болып отыр.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры – ұлттық сахналық мәдениетті заманауи бағытта дамытуға бағытталған бірегей орталық. Театрдың басты миссиясы – дәстүрлі өнердің бай мұрасын бүгінгі көрерменге жаңа форматта ұсыну. Репертуарында халық әндері мен қисса-дастандар, ақын-жыраулар мұрасы, этнографиялық қойылымдар, ұлттық драматургия туындылары кеңінен орын алған.

Театр шығармашылық ұжымы әр қойылымда ұлттық мінез, болмыс, салт-дәстүрді көркем тілмен жеткізіп, көрерменге рухани тереңдік пен шынайылық сыйлайды.

Жыраулық дәстүр – қазақ руханиятының терең тамыры. «Алатау» театры жыраулық өнерді жаңғыртып, оны стилистикалық тұрғыда сақтай отырып, заманауи форматта ұсынатын мәдени ортаға айналды. Театр жыраулары классикалық жыр-дастандарды, эпикалық толғауларды, терме-толғаулар мен тарихи арнауларды көрерменге жеткізіп келеді.

Олардың орындау мәнері, дауыс қою техникасы, домбыра қағысының ерекшелігі – театрдың басты ерекшеліктерінің бірі. Сонымен қатар жыраулар жас буынға шеберлік сабақтарын өткізіп, ұлттық өнердің үзілмеуіне ықпал етіп жүр.

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан алынды.

Аманқос Өтегенұлы – қазақтың жыраулық дәстүрін бүгінгі күнге жеткізіп, оны кәсіби сахналық деңгейде дамытып жүрген өнер майталманы. Мәдениет саласының үздігі, Республикалық жыршылар конкурсының лауреаты. Аманқос Өтегенұлы 1966 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Бала кезінен ұлттық музыка мен жыр өнеріне ерекше қызығушылық танытқан Аманқос Садықов өнер жолын адалдықпен жалғап келе жатқан жыршы-термешілердің бірегейі.

Аманқос Садықов алғаш музыкалық білімін Эстрада-цирк училищесінде алып, домбырамен ән айту мамандығы бойынша кәсіби дайындықтан өтті. Дәстүрлі вокал мен домбыра өнерін жан-жақты меңгеруі оның болашақ жыраулық шеберлігінің берік негізіне айналды.

Кейіннен ол Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы университеттін музыка мамандығы бойынша аяқтап, өнер саласында терең білім алды. Осы кезеңнен бастап жыршылық бағыт оның негізгі кәсіби жолына айналды.

Аманқос Садықов бүгінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының белді артистерінің бірі. Ол театрда: әртіс, жыршы, термеші ретінде қызмет етіп, театрдың көркемдік деңгейін көтеруге зор үлес қосып келеді.

Жыршылық дәстүрді сақтап қана қоймай, оны сахналық қойылымдармен ұштастырып, жаңа деңгейде танытып жүрген шығармашылық тұлға.

Аманқос Садықов жыршылық өнерімен ғана шектелмей, кино саласында да өзін көрсете алған талантты өнерпаз.

Ол түскен фильмдер: «Қамбар батыр» фильмі — Қамбар батырдың рөлі. «Шәмші» деректі фильмі — композитор Шәмші Қалдаяқовтың рөлі. Бұл жұмыстарында ол өзіне тән табиғи актерлік қабілетімен, ұлттық болмысымен образдарды нанымды сомдай білді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында Аманқос Садықов бірнеше маңызды бейнелерді сомдады: «Ән-Мұхит» спектакліндегі – Соқыр шал бейнесі, «Айман–Шолпан» қойылымындағы – жырау рөлі, «Қамбар батыр» жырының сахналық нұсқасында — Қамбар батыр. Әсіресе «Қамбар батыр» жырын сахналық қойылым деңгейінде орындап, актерлік және жыршылық шеберлікті ұштастыру арқылы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл оның жан-жақты өнер иесі екенін дәлелдей түседі.

Аманқос Садықовтың құнды қазынаға толы репертуары қазақ жыраулық дәстүрінің кеңдігін айғақтайды. Оның орындауында Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Базар жырау, Кердері Әбубәкір, Кердері Құдайберген, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Наурызбек жырау сынды ірі тұлғалардың жыр-термелері жаңа тыныс алып келеді.

Сонымен қатар «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Әнес сахаба» дастаны оның репертуарында тұрақты орын алған. Аманқос Садықовтың орындаушылық мәнерінің ерекшелігі — сахнада жырдың рухын, эпикалық кеңдігін, образдық тереңдігін толық жеткізе білуінде.

Аманқос Садықов Өтегенұлы – жыр өнерінің алдында тер төгіп жүрген, ұлттық дәстүрді бүгінгі заман сұранысына бейімдей отырып ұсынатын абыройлы өнер иесі. Ол театр сахнасында да, кинода да, жыр әлемінде де өз қолтаңбасын қалдырған талант. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының абыройын арттырып, жыршылық дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізуде Аманқос Садықовтың еңбегі зор.

«Алатау» театры –  сонымен бірге ұлттық драматургияға ден қойған шығармашылық ұжым. Театр актерлері ұлттық мінез-құлықты терең сезіммен жеткіземін деген мақсатта жұмыс істейді.

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан алынды.

Өнердің жолы – ауыр да азапты, бірақ шын жүрекпен шеберлікке ұмтылған жанның қадамына жарық түсіретін қасиетті соқпақ. Осы соқпаққа түсіп, өз еңбегін көрерменнің көңіліне арнағандардың бірі – Мырзалинова Кұралай Балапанқызы. Абай айтқандай, «Өнер ақылмен суарылғанда ғана баянды», ал артистің сахнадағы жүрісінен, сөз саптауынан, бейне сомдауынан осы талаптың орындалғанын анық аңғаруға болады.

1982 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданының Қарашоқы ауылында дүниеге келген Кұралайдың кәсіби қалыптасуы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында басталды. Ол бұл шаңырақта музыкалық драма өнерін меңгеріп, актерлік болмысының негізін қалады. Өнер атты кең алқапқа қадам басқан күннен бері артист өз ізденісін тоқтатқан емес.

2003 жылдан 2015 жылға дейін Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында еңбек еткен кезеңі – оның актерлік мектептің қыр-сырын терең меңгеріп, сахналық болмысын айқындаған дәуірі. Кейінгі жылдары ұстаздық қызмет атқарып, актерлік шеберлікті жас буынға үйретуі – өнердің жауапкершілігін сезінген адамның ісі.

2018 жылдан бастап «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет етіп келеді. Бұл театрдың тынысын ашып, актерлік құрамының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан артистердің бірі. Театрдың 2026 жылы 10 жылдық белесіне аяқ басқанда, сол жылдардың денінде осы ұжымның сахнасында еңбек етіп жүрген артистердің қатарында Кұралайдың орны айқын көрінеді.

Кұралай сомдаған бейнелер көрерменге ой салатын, кейіпкердің ішкі дүниесін зерделеуге мүмкіндік беретін сипатымен ерекшеленеді.

«Жыр Жолбарыс» қойылымында Ұлдан рөлі – аналық мейірім мен рухани беріктікті қатар танытатын бейне. Ана рөлі – адам жанының ең терең, ең нәзік иірімдерін сахнада дәл жеткізуді талап етеді. «Абай–Тоғжан» қойылымындағы Зере образында салмақ пен сабыр, ақыл мен айбын қатар жүреді. Бұл рөлдер Кұралайдың нәзіктікті де, даналықты да табиғи жеткізе алатын артист екенін көрсетеді.

«Гүлдер хикаясындағы» Қалампыр – алғырлық пен көңіл жылуының үлгісі; «Алатау FM радиосы» музыкалық комедияда Райгүл жалғыз басты ананы сомдайды. Ол бала шағасын асырап, ел қатарына қосу үшін өзінің нәзік жанды екенін ұмытқан әйелді бейнелейді. Күлдіріп отырып, өмірдің ащы шындығы айқын көрінеді. Кейіпкерінің жан дүниесін толықтай зерттеп, әр іс-әрекеті, сөзі, мәнері, қылығы арқылы көрерменнің көңілінен шыққан образдың бірі. Сахналық әр рөлінде артист адамның ішкі күйін сөзбен емес, көзқарасымен, дауыс ырғағымен, қимылымен жеткізуге ұмтылады. Бұл – театр өнерінің басты құндылығы.

Кинодағы жұмыстары да оның актерлік диапазонының кеңдігін байқатады. «Ән аға» телехикаясындағы Жамал Омарова, «Саған сенем ін» жобасындағы Мансия, «Әскерден хат» фильміндегі Раушан – характері бөлек, тағдыры бөлек әйелдер бейнесі. Экрандағы әр рөлінде артист өмірдің түрлі қырын көрерменге шынайы жеткізуге тырысатыны байқалады.

Қысқа метрлі «Домбыра» фильміндегі орындауы да қазақы болмыстың бояуын, ішкі жан дүниенісін дәл сездіре алатын артист екенін дәлелдейді. Бұл – актердің табиғилығы мен кәсіби дайындығының ықпалы.

Сахна – сөздің киесін, сезімнің салмағын, адамның жан дүниесін ашатын орын. Мырзалинова Куралайдың өнер жолындағы әр қадамы осы ойға үндес. Ол әр рөлін өз бойынан өткізіп, көрерменге жеткізуге ұмтылады. Бұл – актерлік еңбектің ең күрделі әрі ең бағалы тұсы.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры – ұлттық мәдениеттің жаңа тынысын ашқан орталық. Сол ортада еңбек етіп келе жатқан артистің әр рөлі көрерменді ойға жетелеп, сахналық мәдениеттің дамуына үлес қосып отыр.

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан алынды.

Өнер жолы – адам жанының сарайына апарар ең ұзақ та ыстық сүрлеу. Бұл жолда талап – тұлпар, еңбек – ескек, жүрек – желкен. Осы үшеуі тоғысқанда ғана өнердің биігіне қол созып, өз ізін қалдырған жанның еңбегі баянды болмақ. Сол жолға жасынан ден қойған жандардың бірі – Дүйсембиева Жанерке Мұратқызы, 1996 жылдың маусым айының алғашқы күні Тараз топырағында дүниеге келген.

Өнерге алғаш қадам басқан шағы – ізденіске толы студенттік кезең. 2012–2015 жылдары Т. Қ. Жүргенов атындағы колледжде музыкалық театр артисі мамандығын меңгеріп, сахна есігін тұңғыш рет кәсіби түрде ашты. Осы жылдар – көңілге тұңғыш от тұтатқан, жүрекке өнердің дертін салған, өмірлік бағыт-бағдарын айқындаған қастерлі кезең.

Білімін тереңдетіп, 2015–2020 жылдары Т. Қ. Жүргенов атындағы өнер академиясында режиссер-продюсерлік білімді игерді. Өнердің тек ойнаумен емес, ой тудырумен де қадірлі екенін осы жылдары ұғынды. Себебі сахна – актердің ғана емес, адамның ішкі ойы мен жан дүниесінің де айнасы.

Алғашқы кәсіби қадамы 2015–2017 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында басталды. Бұл орта актрисаның шынайылыққа, тазалыққа, балғын энергияға толы сахналық тынысын қалыптастырды. Сонымен бірге, 2015–2020 жылдары «Арт Хаус» өнер мектебінде, 2020–2022 жылдары «Мар Мар» орталығында актерлік шеберлік бойынша дәріс беруі – өнерді үйренумен қатар, оны өзгеге үйрету де үлкен жауапкершілік екенін сезіндірді. Абай айтқандай, «Ұстаздық қылған жалықпас» – өнерпаз шәкіртінен бұрын өзін тәрбиелейді.

2018 жылдан бері «Алатау» дәстүрлі өнер театры – Жанеркенің тұрақты шығармашылық шаңырағы. Ұлттық өнердің темірқазығын жаңа дәуірде қайта тігіп, дәстүрдің тынысын кеңейтуді мақсат еткен бұл театрда актриса он жылға жуық уақыт бойы негізгі қойылымдардың мазмұндық өзегін көтеріп келеді. Театрдың 2026 жылғы он жылдық белесінде оның еңбегі осы жолдың жартысынан астамына куә болмақ.

Жанеркенің актерлік табиғаты – нәзіктік пен жігердің, эмоциялық икемділік пен ішкі тәртіптің үйлескен көрінісі. Әр рөлде мінездің өзегін тауып, кейіпкердің ішкі логикасын бұзбай, көрерменге түсінікті әрі сенімді бейне жасай білуі оның актерлік мектебінің қалыптасқанын байқатады.

«Жыр Жолбарыс» – Бұрым (реж. Е. Нұртазин)

Бұрым – нәзіктігімен көрінгенмен, ішкі қайраты басым, жүрегі таза бейне. Актриса бұл рөлде эмоцияны ашық жар салумен емес, іштей тербеліп, көзқарас пен пластикаға сүйеніп жеткізеді. Бұрымның ұяңдығы мен беріктігі Жанеркенің сахналық тынысымен үйлесім тауып, көрерменге жүрек тұнығынан жетеді.

«Абай–Тоғжан» – Тоғжан (реж. Е. Біләл)

Тоғжан бейнесінде актриса сыпайылықты, сырлы сезімнің жеңіл иірімдерін, әйел жанының нәзік толқынысын табиғи береді. Оның дауыс ырғағындағы жұмсақтық, сөз мәнеріндегі салмақ – Тоғжанның терең болмысын ашатын негізгі кілт. Бұл рөл – жас актрисаның классикалық образды сенімді алып шығуға қабілетті екенін көрсетеді.

«Айман–Шолпан» – Айман (реж. Ж. Жұманбай)

Айман – әрекеті шапшаң, тапқыр, көңілге жеңіл бейне. Жанерке бұл рөлде сергектік пен сахналық икемділікті қатар пайдаланып, комедиялық элементтерді нақты ырғақпен орындайды. Диалогты дәл беруі мен сахнадағы еркіндігі Айманның шынайы мінезін аша түседі. Бұл рөл актрисаның күлдіріп отырып ой салатын комедия жанрдағы қабілетін көрсетеді.

«Қамауда қалған арман» – Қатира (реж. Н. Тутов)

Қатира – драмалық салмағы зор күрделі кейіпкер. Мұнда актриса өмір сынына түскен әйелдің ішкі арпалысын, үнсіз мұңын, көңілдегі жарасын мимика мен пауза арқылы терең жеткізеді. Рөлдегі ұстамдылық пен эмоциялық дәлдік – Жанеркенің драмалық жанрдағы шынайылыққа бейім екенін айқындайды.

Кино саласындағы ізденісі

Экран өнерінде де өзіндік қолтаңбасын көрсетіп келеді.

  • «Кейкі Мерген» фильміндегі Ақжан
  •  «Жалғыз жауқазын» телехикаясындағы Жания

Бұл рөлдерде актриса кадр алдындағы шынайылықты сақтап, сезімді көз қарашығынан-ақ жеткізе білуімен ерекшеленеді. Кино – үнсіз сөйлейтін өнер, ал Жанеркенің ішкі тынысы кадрда табиғи көрініс табады.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры 2022 жылы Астана қаласында өткен, Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған TEATRALL II халықаралық театр фестиваліне қатысты. Бұл өнер додасында ұжымның еңбегі жоғары бағаланып, қатысушыларға арнайы медальдар табысталды.

Сол сәтте жұртшылық назарын өзіне ерекше аудартқан жұлдыздардың бірі – Жанерке Дүйсембиева болды. Фестиваль ұйымдастырушылары оны ортаға шығарып, құрметпен атап, марапатты көпшілік алдында арнайы табыстады. Бұл – актрисаның кәсіби еңбегі ғана емес, сахнадағы табиғилығы, жауапкершілігі, жанкешті ізденісінің де ел алдында мойындалуы.

Жанерке Мұратқызы – жас буын өкілі бола тұра, басты рөлдерге сеніммен ұсынылатын актрисалардың бірі. Оның сахналық қимылдағы жинақылығы, эмоциялық дәлдігі, кейіпкер табиғатын терең түсіне білуі – «Алатау» театрының қалыптасу жылдарында ерекше үлес қосқанын дәлелдейді.

Өнер жолын талап пен еңбекке, жүрекпен сезінуге негіздеген актриса үшін әр рөл – адам жанының бір құпия есігі. Сол есікті аша білген өнер иесі – сахнаның тынысын, дәстүрдің мәнін, көрерменнің көңілін қатар ұстай алған жан.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры – қазақтың рухани мұрасын сақтап, жаңғыртып, болашаққа жеткізетін мәдени орда. Оның бет-бейнесін қалыптастырып жүрген дәстүрлі әншілер, жыраулар, актерлер – бүгінгі ұлттық өнердің шын жанашырлары.

Олардың шығармашылығы тек театрдың ғана емес, жалпы қазақ мәдениетінің дамуына серпін беріп, ұлттық болмысымыздың биік деңгейде сақталуына ықпал етуде.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының Әдебиет бөлімі

Abai.kz

0 пікір