Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8574 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:38

«Тегімді әрең сақтап қалдым»

Міржақыпқызы Гүлнар әжеміз осылай дейді

Халқымыздың басына қар бұлт болып төнген репрессия атты аждаһаның аузына жұтылған алаш арыстарының арасында халқының қамын ойлаған, еркін ойлы ақын және қазақ әдебиеті тарихында «Бақытсыз Жамал» сынды тұңғыш романды дүниеге әкелген жазушы-публицист Міржақып Дулатов та бар. 
1885 жылдың 25 қарашасында Торғай облысының Жанкелдин ауданында туған, Ыбырай Алтынсарин ашқан уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі Міржақып Дулатовты замандастары, қаламдастары, күллі зиялы қауым Жақаң деп атаған. Десе, дейтіндей-ақ! Сондай қиын-қыстау заманда ұлттың атымен «Қазақ» деген газет шығару ісіне қолында мал-мүлкі бар байларды тартуға Ахмет Байтұрсынов ағасына жәрдем беріп, газеттің шығуы тоқтаған күніне дейін бірге болған інісі, сенімді серігі Міржақып құрметтің қандайына болса да лайық. 
Алғашында қазан төңкерісінен қазаққа бостандық, тәуелсіздік күтіп, кейіннен кеңестік идеяның отаршылдық саясатын байқаған соң  оған қарсы Алаш әскерінің жасағын құрған арыстай азамат ақыры айдауға түсіп,  Ақ теңіз жағалауында лагердің лазаретінде көз жұмды. 

Біздің үй зиялылар бас қосатын жер болды

Міржақыпқызы Гүлнар әжеміз осылай дейді

Халқымыздың басына қар бұлт болып төнген репрессия атты аждаһаның аузына жұтылған алаш арыстарының арасында халқының қамын ойлаған, еркін ойлы ақын және қазақ әдебиеті тарихында «Бақытсыз Жамал» сынды тұңғыш романды дүниеге әкелген жазушы-публицист Міржақып Дулатов та бар. 
1885 жылдың 25 қарашасында Торғай облысының Жанкелдин ауданында туған, Ыбырай Алтынсарин ашқан уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі Міржақып Дулатовты замандастары, қаламдастары, күллі зиялы қауым Жақаң деп атаған. Десе, дейтіндей-ақ! Сондай қиын-қыстау заманда ұлттың атымен «Қазақ» деген газет шығару ісіне қолында мал-мүлкі бар байларды тартуға Ахмет Байтұрсынов ағасына жәрдем беріп, газеттің шығуы тоқтаған күніне дейін бірге болған інісі, сенімді серігі Міржақып құрметтің қандайына болса да лайық. 
Алғашында қазан төңкерісінен қазаққа бостандық, тәуелсіздік күтіп, кейіннен кеңестік идеяның отаршылдық саясатын байқаған соң  оған қарсы Алаш әскерінің жасағын құрған арыстай азамат ақыры айдауға түсіп,  Ақ теңіз жағалауында лагердің лазаретінде көз жұмды. 

Біздің үй зиялылар бас қосатын жер болды
Міржақып Дулатовтың өз кіндігінен өрбіген екі перзенті болған. Қатал тағдыр ұлықтың ұрпағын жалғар Әлібегін де көп көріп,  әкесі айдауда жүргенде кішкентай бөбек жазатайым жазымға ұшырап көз жұмады. Сөйтіп жан-жары Ғайнижамал қайғы үстіне қайғы жамап, Жақаңның көзінің қарашығындай қызы Гүлнарды құшақтаған күйі қала береді. Басына қандай қасірет төнсе де әкесінің тегін тастамай, бүгінге жеткізген Гүлнар Міржақыпқызын арнайы іздеп бардық. Жасы тоқсандағы әжеміз  әкесі жайлы әңгімені былайша бастады:
- Біздің үйде ескі бір сурет жүретін: тігулі тұрған киіз үй, оң жағында жеңіл көлік, рөлде жүргізуші, ал көліктің сыртында газетпен жүзін көлегейлеп менің әкем тұр, жанында Бөкейхановтың қызы Лиза менен ұлы Үгітай (Сергей) бар. Ал киіз үйдің сол жағында жерде үлкен кілем төселген, ақ дастархан басында, самаурыннан шай құйып менің шешем отыр, төрде Ахмет Байтұрсынов атамыздың тізесінде тоғыз айлық мен отырмын. Әкем ұсталған соң, қырқыншы жылдардың шамасында ұрланып кеткен осы сурет қазіргі күнгідей көз алдымда.
Әлгінде суреттегі Ахмет ата, Әлихан аға және біздің отбасы барлығымыз 1918 жылға дейін Орынборда қоян-қолтық араласып тұрдық. Содан кейін елге оралдық, аласапыран заманында  да бірге жүрдік. 1925 жылы біз Қызылордаға көшіп барғанымызда, Ахмет Байтұрсынов атамызбен бәріміз бір үйде тұрдық.  Сол кездегі алаш зиялыларының барлығы Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Сұлтанбек Қожановтар біздің үйде жиі бас қосатын. 1933 жылы бұл кісілердің барлығын қамауға алып, әуелі Қызылорда түрмесінде отырды да, кейін  барлығын 5 жылға соттап, жер аударды.

«Әкеммен алты жыл ғана тұрыппыз»
Айналасында болып жатқан саяси оқиғалардан гөрі алдындағы малын бағып жүре бергенді тәуір көретін халқын қалың ұйқы құшағында жатқандай сензінген ақын қалайда оятуым керек деген талап қойды өзіне.
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, -
деп «Оян, қазақ» атты өлең жазуы соның нақты дәлелі. Дәл осындай атаумен жазылған кітабы 1909 жылы жарық көрген болатын. Қалың оқырманның қолына тиісімен бұл кітап ауыздан-ауызға тез тарап кетеді. Ақынның Патша үкіметі тарапынан қудалауға түсуі де осы оқиғадан бастау алған-ды. 1911 жылы алаш ардақтылары бас қосатын орталық – Семей қаласына барған сапарында Міржақып Дулатовты тұтқындап, бүкіл шығармаларын да қаттап алған. Бұл туралы кезінде «Айқап» журналында қысқа хабарлама да басылған еді. Патшаның әкімшілік орындарына соншалық құбыжық көрінген Міржақыптың атын атап, баспасөзде ол жайлы хабар таратуға тыйым салғанына қарамастан, «Айқаптың» осындай хабарлама бергені Міржақыптың ел ішіндегі әлеумет өмірінде тұлғаға айналғанын айғақтайды. 
- Шыңғыстауда тұрғанымызда бір күні бізге «Міржақып ұсталды» деген суыт хабар келді, - деп жалғады әңгімесін Гүлнар әже. Ести салысымен қыс болғанына қарамастан, Семейге жеттік. Семей – біздің отбасымыз үшін ерекше ыстық қала. Біз онда екі қабатты үйде Бөкейхановтар отбасымен бірге біршама уақыт тұрғанбыз. Сол Семейдің түрмесінде жатқан әкем мен Әлихан Бөкейхановты Орынбор түрмесіне жіберді. Онда біраз уақыт қамауда болған соң екеуін де босатты. Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге жіберіпті де, әкем сол  Орынборда қалады. Екі айдан соң шешем екеумізді өзінің қасына алдырды. Бұл 1922 жыл болатын. Содан 1928 жылға дейін небары алты жыл ғана біз отбасы болып ғұмыр кешіппіз.

Тұтқындар да таң қалыпты
Алаш көсемдерінің бірі болғандықтан, өмірі қуғын мен қамауда өткен Міржақып Дулатов Семей түрмесіне бір емес екі рет түседі. Бірі сонау патша тұсында «Оян қазақты» жарыққа шығарған кезінде болса, екінші рет араға 11 жыл салып, 1922 жылы Семей облыстық сотында судья болып қызмет атқарып жүрген жерінен қамауға алынады. Гүлнар Міржақыпқызының айтып отырғаны осы екінші рет түрмеге түскен кезі. Дегенмен көп ұзамай бостандыққа шыққан Жақаң Орынбордағы қазақтың халыққа білім беру институтына оқытушы болып орналасады да, 1926 жылға дейін отбасыменен сонда тұрады. Тыныштықта өткен осы төрт жылда Міржақып Дулатов шығармашылық жағынан да еңсесін көтеріп, «Есеп құралы» мен «Балқия» атты төрт перделі пъеса және бірнеше аударма жұмыстарын жазады. Дегенмен бұл «дауыл алдындағы тыныштық» екен. Көп ұзамай 1928 жылы қазақтың үркердей оқыған зиялы азаматтарының қатарында Міржақыпты да тұтқынға алып, алғашында ату жасына кесіп, кейін оны он жылға абақтыға қамау жазасымен алмастарады.
- Бутырка түрмесінде жалғыз өзі бір камерада жатқанында әкем жынданып кетпес үшін күнделікті берілетін қара наннан шахматтың фигураларын жасап екі кісі секілді өзімен-өзі ойнайды екен. Көрші камерада жатқан тұтқындар «мынау жынданып кеткеннен сау ма өзі?!. » деп таңданады екен. Оқитын кітап, жазатын қағаз таппай қиналған әкеміз тордың ішінде  бірнеше сағат бойына ерсілі-қарсылы жүреді екен. Оны өзінше күніне бірнеше шақырым жүрдім деп есептейді екен. Ату жазасына кесілгендігі жөнінде хабарды естігенде қатты күйзеліпті. Оны бізге қабырғалас отырған Ахмеди Мамаев дейтін кісі айтып берді. Онда да кезінде айта алмаған, кейін заман біршама тынышталған тұста барып айтты ғой. Шыбын жаны шырқыраған сәтінде әкем «Гүлнәр, Гүлнәр, Гүлнәрім» дейді екен. Жаны қиналғанда сүйікті қызын сағынып, аңсап, менің атымды атап, шақырғаны көңіліме біртүрлі аяныш туғызады, - деген Гүлнар әженің көңілі босап, көзіне жас толып кетті. 
Басқа балаларынан гөрі әкем мені ерекше жақсы көрді, - деді сонан соң діріл аралас даусымен. - Орынборда тұрғанымызда әкем мен шешем қайсысын артығырақ көретінімді әдейі сынау үшін,  көшеде кетіп бара жатып екеуі екі жаққа тұра қалады екен де мені шақырады екен. Сонда жүгіріп келіп әкемнің мойнына асылғанымда, шешем біртүрлі ренжіп қалса керек. Тұрмыста көп қиындық көрдік. Әкем оқу, жұмыстың қамымен көбіне сыртта жүрді де, анам екеуміз нағашыларымның қолында болатынбыз. Сондықтан әкемізді сағынып, бір көруді армандайтынбыз.
Әкемнің тұңғышы болғандықтан, әрі басқа перзенттері қалмағандықтан, мен өнебойы әкемнің тегін алып жүрдім. Тегімізді сақтау ол заманда қиынның қиыны болды ғой. Тегімді сақтау жолында көрмеген қиындығым қалмады. Соның барлығына мен төздім. Қазақстанда мені оқытпады, сол үшін мен Том қаласына барып дәрігерлік оқуға түстім.
Мен әкемнің жазықсыз кеткенін білетінмін. Әйтеуір түбінде әділет жеңіп,  әкемнің ақталатын сәтін ерекше күттім.

«Әкем ұлының қазасынан бейхабар күйі кетті...»
Ғайнижамал Баймұратқызы жұбайы Міржақыпты абақтыдан шығарудың түрлі жолдарын қарастырды. 1934 жылы сол кездегі «Красный крестің» бастығы Максим Горькийдің жұбайы Екатерина Павловнаға Жақаңмен жолығуға рұқсат сұрап хат жолдайды. Содан тоғыз жасар ұлы Әлібекті ертіп сонау жердің түбіне барады.  Осының соңғы кездесу болағынын Жақаңның іші сезгендей, соңынан былай деп хат жолдайды: «Сендер кеткелі мен әлгі пәтерге күніне екі рет барып тұратын болдым. Сол жерде сендердің иістерің қалғандай, соны иіскесем, сағынышым басылатындай» деп. Хатты алғаннан кейін көп ұзамай 1935 жылдың мамыр айында Дулатовтар шаңырағында кенеттен қайғы кіреді. Жақаңның  жалғыз мұрагері Әлібек қыстыңгүні шананың астында қалған болатын, сол жатқаннан көктем шыға қайтыс болды.
- Көңіл айтуға Бәтес апамды ертіп Ахмет атам келді, - деді Гүлнар Міржақыпқызы осы тұста. - Сөйтіп шешеме: «Шырағым берік бол, сабыр ет, балам қайтыс болды деп қабырғаңды қайыстырма, баласыз мен де жүрмін ғой. Әлтайдың (Әлібекті солай атайтын) қайтыс болғанын Міржақыпқа айтпа, артымда ұлым бар деп жүрсін. Көп ұзамай келеді ғой, сонда бір-ақ естісін» деді. Со бойы әкем ұлының қазасынан  бейхабар күйде кетті ғой. Бір қайғы бір қайғыға ұласып, бір жылда қос бірдей қайғымен  ұшырасу біздің қабырғамызға батты. Бізді жұбататын Ахаң да ұсталып, әкемнің тағдырын құшты. Ондай бақытсыздықты бүгінгі ұрпақтың басына бермесін Құдай.
1937 жылдан бастап шешемді Алматыда тұрғызбады. Сонан соң ол әпкесімен бірігіп Талғардан бір үй сатып алып, сонда тұрды. 1939 жылы мен Том қаласындағы оқуымды бітіріп, Шымкентке келдім. Шешемді қолыма алып бір жылдай ғана тұрдық, 1940 жылы 15 қыркүйекте небары 45-ке қараған шағында шешем Ғайнижамал Дулатова дүниеден озды.
1936 жылы студент кезімде демалыс үйіне барғанымда бірде Телжан Шонанұлының жұбайы Шахзада апайды көргенім бар. Бір көрмекке керемет сұлу, өзі оқыған, білімді Халық комиссариатында қызмет істейтін апай да сол жерде демалып жатса керек. «Жүр, екеуміз саяхат жасайық» деді де мені ертіп, тау басында үлкен жартасқа сүйеніп тұрып, бір керемет өлеңдерді оқыды. Таңдана қарап қалған маған ол кісі кенет «Бұл сенің әкең жазған «Бақытсыз Жамалда» жазылған өлеңдер емес пе» деді. Сөйтіп мен «Бақытсыз Жамалды бірінші рет Шахзада Шонанованың аузынан естідім...»
Оған дейін білмеген себебім «Бақытсыз Жамал» біздің қолымызда болмады. Бертін келе маған ол романды Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» шығармасының кейіпкері Қартқожа Тоғанбаев деген кісі  берді. Ол шешемнің жақын туысы болатын. Кітапты оқып болдым да, қайтып беруге қимай қалдым. Сөйтіп ем шешем: «Олай болмайды, қызым. Кісінің затын берем деп алған соң, беру керек» деді. Сөйтіп амалсыз қайтардым.
Әкемнің өзі жайлы «Шағым» деген өлеңін маған батыр ағамыз Баукең айтып берген. «Көрмейсің бе, әкең өзін үнемі кішіпейіл ұстайтын. Сен сондай ұлының ұрпағы екеніңді ұмытпа, мақтан ет» деуші еді үнемі. Кейін келе мен әкем жайлы есте қалғандарым мен көзкөргендердің естелігін құрастырып жаза бастадым. Ол да оңайға соққан жоқ. Себебі сол заманда ол кісілер туралы жазбақ түгілі, ойлауға тыйым салды емес пе? Басқа-басқа әкем жайлы балаларыма да айта алмадым. Тек іштен тынып жүре бердім. Ақыры шыдай алмай, ертеңгі күні ең болмағанда өз балаларым Міржақып Дулатовтың кім болғанын білсін деген ниетпен түн баласы жұрт ұйқыға кеткенде естелік жазуға кірістім. 
Сонау 1935 жылы «халық жауы» деп айыпталып, ақырғы өмірін азап лагерінде өткізген Жақаң,  араға 53 жыл салып барып, 1988 жылы  осы бір айыптаудан біржола ақталады. Соған дейін талай қиындықты бастан өткеріп,  аталарының кім болғанын тіпті өз балаларына да айта алмаған Міржақыпқызы Гүлнар іштегі шерін тарқатып, әкесінің шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығарды. Бүгінде Міржақып Дулатовты білмейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ, «Ұлтына қараңғыда қамауда өткен
Жарқырап жарық сәуле болғандай бас»
Жақаңдай тұлғаның қадірін ұғынып, қастерлеп жүрміз бе?..   

(ЖҚ№19 (175) 16 мамыр 2008 жыл)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543