Сейсенбі, 19 Тамыз 2025
Ақмылтық 387 0 пікір 19 Тамыз, 2025 сағат 14:13

Қазаққа қауіп қайдан?!

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қазақстан өзінің тәуелсіздік алған күнінен бастап тіл, мәдениет, білім жүйесі және ұлттық сана мәселесінде күрделі кезеңдерді бастан өткеріп келеді. Тарихтың ащы сабағы – Кеңес Одағы тұсындағы тоталитарлық саясат қазақтың тілі мен руханиятына ауыр соққы болғаны сөзсіз. Ал енді, отыз жылдан астам уақыт өткенде, еліміздің болашағы үшін аса маңызды сұрақ туындай бастады: "Орысша оқығандарды енді билікке жақындату қауіпті емес пе?"

Бұл мәселе, бір қарағанда, тілге байланысты ғана көрінгенімен, түпкі мәні тереңде – ұлттың болмысын, саяси бағытын, егемендік рухын айқындайтын өзек. Қазіргі кезеңде билікке араласып отырған, шешім қабылдайтын шенділердің көпшілігі кеңестік не посткеңестік кезеңде орыс тілінде білім алған азаматтар. Олар орысша ойлап, сол тілде сараптама жасап, өз әрекетіне сол тілдік кеңістіктен қарап үйренген. Бұл – жай тіл білімі ғана емес, бұл – менталитет мәселесі.

Орысша оқыту – сананы отарлау құралы болған

Орыс тілінде оқу – Кеңес дәуірінде мәжбүрлі таңдау болған. Тіпті, қазақ мектептері жойылып, қазақ балалары амалсыздан орысша оқуға көшті. Бұл саясаттың мақсаты – ұлттық бірегейлікті жою, тіл арқылы сананы отарлау еді. Кеңес үкіметі орыс тілі арқылы өзінің идеологиясын сіңіріп, басқа ұлт өкілдерінің тарихи жадын өшірді.

Сол дәуірде білім алған буын қазір билікте. Олар – кәсіби білікті, тәжірибелі шығар, бірақ оларда отарлық сана көрінісі басым деуге әбден мүмкін. Тәуелсіз елдің саясатын орысша ойлайтын шенеуніктер жүргізіп отырса, онда бұл ел шынайы егемен бола алмайды.

Билік – ұлттық мүдде үшін қызмет етуі керек

Билікке келетін әрбір адам – ел мүддесінің қорғаушысы. Ол – мемлекеттің тіліне, діліне, дініне жанашыр болуы тиіс. Егер билік өкілдері қазақша ойламайтын, қазақтың жан дүниесін терең түсінбейтін болса, олар қандай шешім қабылдайды? Ондайлар ұлтқа жат идеологияны, жат мәдениетті насихаттап, қазақы болмыстан алыстап бара жатқан қоғамды әрі қарай терең тығырыққа тірейді.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, неге әлі күнге дейін билікке қазақша сөйлейтін, ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын азаматтар толықтай келмей отыр? Бұл – жүйелі саясаттың әлсіздігін немесе белгілі мүдделердің салтанат құрып отырғанын көрсетеді.

Орысша оқығандар – бәрі қауіпті емес, бірақ...

Әрине, орысша оқығандардың бәрін айыптау дұрыс емес. Олардың ішінде нағыз ұлтжанды, қазақ үшін жаны ашитын азаматтар да бар. Бірақ мәселе – білім алған тілде емес, сол білімнің негізінде қалыптасқан дүниетанымда. Көп жағдайда орысша оқыған азаматтардың геосаяси көзқарасы да Ресейге жақын, батыс әлеміне сенімсіздікпен қарайды. Мұндай көзқарас бүгінгі күннің шындығы мен әлемдік саясат аясында тәуекелге толы. Қазақстан — өзінің дербестігін сақтағысы келсе, ұлттық көзқарасты ұстанатын жаңа буын кадрларды қалыптастыруы тиіс.

Ұлттық элитаны тәрбиелеу – уақыт талабы

Билікке тек қазақша оқығандарды ғана тарту керек деген ұстаным біржақты көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекет ұлт мүддесіне қызмет ететін элитаны өзі тәрбиелеуі тиіс. Сол элита қазақ тілінде білім алып, қазақша ойлайтын, ұлттың тарихын, мәдениетін жақсы білу керек. Өйткені елдің болашағы – өзінің тарихы мен тілінен қуат алған буынның қолында. Егер осы бағытта нақты шешім қабылданбаса, алдағы онжылдықтарда отарлық сана жалғасып, еліміздің тәуелсіздігіне ішкі қауіп туындайды.

"Орысша оқығандарды енді билікке жақындату қауіпті" деген сөз – ұлт болашағына алаңдаудың көрінісі. Бұл – реалистік көзқарас. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысын сақтай алмаған мемлекеттер тарих сахнасынан біртіндеп ығысып қалатынын көреміз. Қазақстан ондай елдердің қатарында болмауы тиіс. Сондықтан билікті ұлттық санамен ойлайтын, қазақша сөйлейтін, қазақша сезінетін, қазақша армандайтын азаматтарға ұсыну – бұл елдік проблема.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір