Жұмыс- жоқ, қалта - көк...Жастар қайтып күн көрер?!

Қазіргі Қазақстан қоғамында жиі естілетін және алаңдататын пікірлердің бірі – «жастарға не жұмыс жоқ, не табыс жоқ» деген ой. Бұл пікір тек әлеуметтік желіде айтылатын шағым емес, шын мәнінде, еліміздегі маңызды әлеуметтік-экономикалық проблеманың айқын көрінісі. Жыл сайын мыңдаған түлек мектеп пен жоғары оқу орындарын тәмамдап, еңбек нарығына аяқ басады. Алайда олардың барлығы өз мамандығы бойынша жұмыс тауып, тұрақты табысқа қол жеткізе ала ма?
Статистика мен әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, көптеген жас қазақстандықтар жұмыссыздық, төмен жалақы, әлеуметтік тұрақсыздық, кәсіпке деген қолжетімділіктің шектеулігі сынды қиындықтарға тап болуда. Неліктен осындай жағдай қалыптасты? Бұл істің тамыры тереңде ме, әлде уақытша құбылыс па? Ендеше, осы сұрақтарға біз реті келгенше жауап беріп көрелік.
Қазіргі проблеманың негізгі себебі – еліміздегі білім жүйесі мен еңбек нарығы талаптарының арасындағы үйлесімсіздік. Жастардың көпшілігі жоғары білім алғанымен, сол алған білімдері нақты өмірде қажет болмай жатады. Университеттер мен колледждер көбінесе теориялық білім негізінде сабақ өткізіледі, ал практикаға негізделген дайындық жеткіліксіз.
Жастардың арасында заңгер, экономист, менеджер, қаржыгер, маркетолог сияқты кең таралған мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Дегенмен, бұл мамандықтар бойынша нарықта жұмыс орындары шектеулі, ал ұсыныс тым көп. Керісінше, инженерлік, техникалық, аграрлық, IT сынды салаларда білікті кадр тапшылығы сезілуде. Бұл жағдай нарықтық тепе-теңдіктің бұзылуына алып келіп отыр.
Мысалы, елімізде жыл сайын шамамен 15 мыңға жуық заңгер бітіріп шықса, олардың тек кішкене бөлігі өз саласы бойынша жұмысқа орналасады. Қалғандары мүлде өзге бағыттарға кетуге немесе жұмыссыз қалуға мәжбүр. Ал ІТ-саласында мамандар жетіспегендіктен, компаниялар шетелден кадр тартуға немесе қызмет сапасын төмендетуге мәжбүр.
Жалақының мардымсыздығы.
Қазақстанның ірі қалаларында өмір сүру құны күн санап артып келеді. Алматы, Астана, Шымкент сияқты қалаларда жалдамалы пәтер ақысы, күнделікті азық-түлік бағасы, қоғамдық көлік, медициналық қызмет – бәрі де қымбат. Мұндай жағдайда жастарға ұсынылатын бастапқы жалақы күнкөріс деңгейінен өте төмен.
Мысалы, жаңа бітірген жас маманға 120–150 мың теңге көлемінде жалақы ұсынылады. Бұл сома қалада жеке пәтер жалдауға, толыққанды тамақтануға, көлік шығындарын жабуға жеткіліксіз. Мұндай табыспен жастар өз бетімен өмір сүру түгілі, кейде тіпті ата-анасының көмегінсіз өмір сүре алмайды. Осыдан келіп жастарда күйзеліс, мотивацияның төмендеуі, болашаққа сенімсіздік пайда болады.
Ауыл мен қала жастарының теңсіздігі
Жұмыссыздық проблемасы әсіресе ауыл жастары арасында өзекті. Қалалық жерлерде қандай да бір мүмкіндік болса, ауылдық жерлерде жастардың таңдау ауқымы тым тар. Ауылдарда өндіріс орындары жоқ, кәсіпкерлік әлсіз дамыған, мәдени-спорттық инфрақұрылым шектеулі. Мұндай жағдайда жастар амалсыздан қалаға қоныс аударуға мәжбүр болады.
Алайда қалаға көшкен жастардың көпшілігі бірдей жұмыс тауып, өмірін оңай шеше алмайды. Біліктіліктің жетіспеуі, бәсекенің жоғары болуы, пәтер проблемасы олардың жолын бөгейді. Осылайша, «қалаға кетсем бәрі шешіледі» деген үміт ақталмай, көптеген жастар «екі оттың ортасында» қалып қояды.
Қазақстанда жастарды қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес», «Еңбек» бағдарламасы сияқты жобалар көзделген. Алайда бұл бағдарламалар барлық жасқа бірдей қолжетімді емес.
Көптеген жастар бұл жобалар туралы мүлде білмейді немесе оларды қалай пайдалану керек екенін түсінбейді. Ақпараттың кемдігі, өтініш беру процесінің күрделілігі, құжат жинаудағы бюрократиялық кедергілер жастардың белсенділігін жоғалтады.
Шет елге кетудін салдары
Жастар арасында шет елге кету тенденциясы күшейіп барады. Бұл – өте алаңдатарлық құбылыс. Әсіресе дарынды, білікті, өзіне сенімді жастар шет елдерде білім алып, сол жақта қалып қоюда. Неге? Себебі олар өз отанында өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі жоқ деп есептейді. Бұл – ел үшін үлкен кадрлық шығын. Мысалы, жылына жүз мыңдай қазақ жастары шет елге ағылады. Бүл сұмдық қой! Қазіргі билік, осыны дер кезінде тоқтатпаса, енді біраз жылдардан кейін бүкіл мемлекетті, қазақ халқын тас-талқанын шығарады. Бұл шындық. Елде жастарға не жұмыс, не табыс жоқ. Біздің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын Президентімізге өтірік ақпарат береді. Ашылып жатқан айтарлықтай (ұсақ-түйек болмаса) жұмыс орындары жоқ.
Миграцияның артуы ел ішіндегі бәсекеге қабілетті мамандардың кемуіне, ғылым мен технология саласындағы артта қалушылыққа, әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Егер жастар өз елінде өзін таба алмаса, онда елдің болашағы жоқ деп айтуға болады.
Не істеу керек? Жастарға нақты қолдау қажет!
Жастар арасындағы жұмыссыздық пен табыстың төмендігі – кешіктіруге болмайтын күрделі проблема. Бұл жағдайды түзеу үшін мемлекет, білім жүйесі мекемелері, жұмыс берушілер мен жастардың өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Нақты ұсыныстар:
Білім жүйесінің реформасы – Оқу бағдарламаларын еңбек нарығына бейімдеу. Жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында дуалды білім жүйесін дамыту.
Тәжірибе мен стажировка жүйесін дамыту – Жас түлектерге міндетті түрде өндірістік тәжірибе берілетін механизм енгізу.
Жас кәсіпкерлерге қолдау – Жеңілдетілген несие, гранттар, салық жеңілдіктері арқылы жастарды бизнеске ынталандыру.
Ауыл жастарына арналған нақты жобалар – Ауылда тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл кәсіпкерлігін жандандыру, ауыл инфрақұрылымын жақсарту.
Ақпараттық қолжетімділік – Жастарға арналған бағдарламалар жайлы толық әрі түсінікті ақпаратты тарату.
Қазақстан жастары – елдің бүгіні мен алдағы болашағы. Олар білімді, креативті, еңбекқор. Бірақ егер оларға жағдай жасалмаса, жастар өз мүмкіндігін басқа жақтан іздеуге мәжбүр болады. Айтарымыз «Жастарға не жұмыс жоқ, не табыс жоқ» деген сөзіміздің расқа айналуы – ұлттық трагедия. Бұл проблеманы нақты шешу – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Жастарға сенім артып қана қоймай, нақты қолдау көрсету керек. Өйткені жастар – елдің болашағы ғана емес, елді дамытатын бүгінгі қозғалтқыш күш. Егер біз оларды жоғалтып алсақ, болашақтан да айырыламыз.
Бейсенғазы Ұлықбек Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz